Аймақтар • 19 Қараша, 2020

БҚО әкімі Орынбор және Саратов облыстарының губернаторларымен онлайн-кездесу өткізді

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен келіссөз барысында негізгі тақырып Жайық трансшекаралық өзенін сақтап қалу бағдарламасы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

БҚО әкімі Орынбор және Саратов облыстарының губернаторларымен онлайн-кездесу өткізді

Орынбор облысының басшысымен өткізілген бейнеконференция барысында Ғали Есқалиев Жайық өзенінің проблемасын шешудің бағдарламасын бірлесіп нақтылау қажеттілігін айтты.

Губернатор Денис Паслер бүгінде Табиғи ресурстар министрлігі Ресей Федерациясының Президентіне бағдарламаның дайындығы және қаржыландыру көзін анықтау туралы есеп дайындап жатқанын атап өтті.

- Бүгінде өңірлер арасында ғылыми ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәселен, бұрын Орынбор сиыр еті институтының қызметкерлері БҚО-ғы қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсірумен батысқазақстандық ғалымдармен бірлесе айналысқан. Осы ынтымақтастықты қайта жандандыру қажет деп санаймын.

Сонымен қатар БҚО ғалымдары Ресей ғылым академиясы, Урал бөлімшесінің дала институтымен, Ресей Федерациясының биологиялық жүйелер мен ауылшаруашылық технологиялар федералды ғылыми орталығымен жұмыс істеуге де мүдделі, - деді облыс әкімі.

БҚО ет, трансформатор, полиэтилен құбырларын экспорттайды. Орынбор облысында азық-түлік өндірісі жақсы дамыған. Оны біздің аймаққа экспорттаудың болашағы бар. БҚО әкімі екі аймақ арасында іскерлік ынтымақтастық клубын құруды ұсынды.

Облыс әкімдігі Орынбор кәсіпкерлерінің БҚО-ның инвестициялық жобаларына қатыса алатынын айта кетіп, өңірде инвесторларға барлық жағдай жасалғаның атап өтті.

Келіссөз барысында Бөрлі ауданының тұрғындарын мазалайтын сұрақ та көтерілді. Бұл Орынбор облысының Ташла ауданындағы газ кен орнындағы газ қалдықтарын шамадан тыс ауа шығуы туралы болды.

Ғали Есқалиев осы мәселе бойынша бақылауды күшейтіп, біздің өңірдің мамандарына газ қалдықтарын ауаға шығу мөлшерін өлшейтін құрылғылармен жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынды. Орынбор облысының губернаторы облыс әкімінің ұсынысын қолдады.

Дәл сол күні Ғали Есқалиевтің Саратов облысының басшысымен онлайн-кездесу өткізді. Келіссөздің тақырыбы «Фомин» өткізу пункті арқылы автомобильдерді өткізу жұмыстарына дайындық туралы болды.

Валерий Радаевтың айтуынша, Александров Гайдан «Фомин» бекетіне дейінгі жолды жөндеу 2021 жылы басталады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан соң, «Фомин» өткізу пунктін автокөліктерге ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

БҚО әкімінің айтуынша, ІҚМ етін аталған пункт арқылы өткізу екі жаққа да тиімді және осы бағыттың үлкен әлеует бар екенін айтты. Сондай-ақ, Ғали Есқалиев БҚО тарапы бекеттің жұмысы жандану үшін қажетті инфрақұрылым салуға дайын екендігін айтты.

Кездесуде Ғали Есқалиев екі аймақтың кәсіпкерлері арасындағы іскерлік ынтымақтастық клубының жақсы жұмыс жасап тұрғанын атап өтті. БҚО-да КВИ өршіп тұрған кезде Саратов облысының кәсіпкерлері жеке қорғаныс құралдарын жеткізіп қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Саратов мемлекеттік медицина университетінің қызметкерлері мен жергілікті дәрігерлер арасында кәсіби кеңес алмасу жоғары деңгейде болғанын атап өтті.

Губернаторлармен болған екі онлайн-кездесу барысында облыс әкімі эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда, келесі жылы экологиялық, спорттық және мәдени іс-шараларды, екіжақты сауда жәрмеңкелерін үзбей өткізіп тұруды ұсынды.