«Жыл сайын балаларға қатысты қылмыс саны көбейіп отыр. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биыл елімізде мұндай жағдай 8 пайызға өскен. Оған кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы фактілерді жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі де себеп болды. Жалпы, 70 пайыздан астам жағдайда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды жақын, туыс адамдар жасайтыны алаңдатады», – дейді сенаторлар.
Соған сәйкес олар адам құқықтарының негіздерін жалпы білім беретін мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізуді ұсынды.
«Қазір жоғары сыныптарда «Адам. Қоғам. Құқық» пәні оқытылады. Оның мазмұны адам құқықтары мен бостандықтарының мәні, оларды қорғау тәсілдеріне емес, адам табиғаты туралы жалпы пайымдаулар төңірегінде ғана жүреді. Қоғамдағы ахуалды ескеріп, аталған пәнді бастауыш сыныптардан бастап оқытқан жөн деп есептейміз», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сауал жолдаған депутаттардың сөзіне сүйенсек, заң аясында жауапкершілік қарастырылса да өңірлік БАҚ-та зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе келеңсіз әрекет жасаған балалардың суреттері мен олар туралы деректерді жариялау мәселесі кездесіп жатады. Жеке өмірге қол сұғушылықтың салдары ауыр болуы мүмкін.
«Кәсіби этиканы бұзуға жол бермеу үшін журналистердің Этикалық кодексін жетілдіру қажет. Оған жұртшылық өкілдерін, мүдделі уәкілетті органдарды, сондай-ақ, Парламент депутаттарын жұмылдырған орынды болар еді», – деп атап өтті Сенат депутаты.