Аймақтар • 19 Қараша, 2020

Сағынтаев бас дәрігерлерге коронавируспен күресуге дайындықты күшейтуді тапсырды

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалық етуімен қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының алқа кеңесі өтті, онда ағымдағы жылдың 9 айында денсаулық сақтауды дамытудың Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындылары қаралды және COVID-19-бен күрес шараларын күшейту бойынша міндеттер қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сағынтаев бас дәрігерлерге коронавируспен күресуге дайындықты күшейтуді тапсырды

Кеңестің жұмысына білім және спорт басқармаларының, электронды денсаулық сақтаудың Республикалық орталығы өңірлік филиалдарының, СҚ «Фармацияның», мемлекеттік және жеке медициналық мекемелердің басшылары қатысты.

Электронды денсаулық сақтаудың Республикалық орталығы филиалының директоры Г.Ысқақованың айтуынша, 9 айдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіштері жүзеге асты.

Атап айтқанда, нәрестелер өлімінің коэффициенті 1 мың тірі туылғандарға шаққанда 7,48-ді құрады. 100 мың адамға шаққанда 25,3 оқиғаны  құрайтын туберкулез ауруы 30%-ға төмендеді. Жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім екі есеге жуық қысқарып, 100 мың тұрғынға шаққанда 5,83 оқиғаны  құрады.

«Жалпы алғанда, Алматыда науқастардың медициналық көмектің сапасына қанағаттануы 51,6%, бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,5% -ға жоғары», - деп атап өтті Г.Ысқақова. Ол бұқараны дене шынықтырумен және спортпен жаппай қамту, ана өлімінің деңгейін төмендету, медициналық мекемелердің  материалдық-техникалық базаларын жақсарту үшін жұмысты  барынша күшейту қажеттігін атап өтті.

Алматыда халыққа 74 мемлекеттік медициналық ұйым, 13 республикалық және ӘМСҚ-мен келісімі бойынша 89 жеке ұйымдар медициналық қызметті көрсетеді. Бұларда 8319 дәрігер мен 14613 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Өз кезегінде ӘМСҚ филиалының басшысы Т. Әбілдаев қалалық денсаулық сақтау субъектілері мен қор арасындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалғаны туралы хабарлады. Алматының қалалық денсаулық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ж. Мадеева бас дәрігерлердің науқастарды ерте анықтау мен емдеудегі жұмыстарын бағалаудың нәтижелері және медициналық мекемелерді КВИ пандемиясының екінші толқынына дайындау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ауруханалар мен емханаларды пандемиямен күресте жұмыс істеуге дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Вирустың таралуын болдырмау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және персонал мен науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Сонымен бірге, қала әкімі медициналық мекемелердің бірінші басшыларының біліктілігін арттыру, менеджерлік шеберлік пен цифрлық сауаттылықты дамыту қажеттілігіне назар аударды.