Аймақтар • 19 Қараша, 2020

Адасқан әжей аман-есен табылды

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазір Солтүстікте сақылдаған сары аяз болмаса да, ақ қар, көк мұзды қыс болып тұр. Мұндайда үйлерінен адасқан жандардың үсіп қалуы оп-оңай, деп жазады Egemen.kz

Адасқан әжей аман-есен табылды

М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаевта да сондай бір оқиға болды. Түнгі мезгілде үйінен жеңіл киіммен далаға шыққан 91 жастағы кейуана қайтып есігін таба алмай, жағалап көшеге шығып кеткен. Бір үйдің есігін қаққанда үй иелері полицияға хабарлайды.

Кейуананы сол түні кезекшілікте болған учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Виталий Охрименко мен патрульдік полиция инспекторы полиция лейтенанты Дулат Беріков таңғы сағат 4 шамасында ПБ жеткізген. Полиция бөлімінде жылынған зейнеткер не мекенжайын, не туыстарының тектерін айта алмайды. "Мен адасып кеттім!" дегенді ғана қайталай берген. Әр түрлі есімдер мен тектерді атайды. Олардың бірінен аудандық полиция бөлінісінің кезекші бөліміндегілер үйінде қарты бар бір мекенжайды анықтайды.

Әжейді үйіне әкелген кезде ұйықтап жатқан туыстары 91 жастағы аналары мен әжелерінің жұқа киіммен далаға шығып, адасып кеткенін білмеген де. Бұрын мұндай жағдай болмаған екен. Әжелерін полиция ертіп келгенін көрген туыстарының қандай сезімде болғандарын айтудың өзі артық. Оны үйден әжептәуір алыс жерден тапқандарын айтқанда, туыстары тіпті абдырап қалған.

Келесі күні жоғалып кеткен әжейдің қызы полицейлерге алғысқа толы хат жолдаған.