Атай кетейік, 16 қарашада бірлескен бұйрыққа қол қойылған болатын. Соның аясында жұмыс тобы 2020 жылғы 17 қарашадан 25 желтоқсанға дейін аталған министрліктің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілетін болады. М.Шоранов атап өткендей, денсаулық сақтауды дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Отандастарымыздың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына мемлекет ерекше көңіл бөледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің кең ауқымы сақталып отырғанын атап өтті. «Бұған құқықтық статистика мен Агенттіктің «СҚ Фармацияда», Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (2020 жылы), Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында (2019 жылы) жүргізген сыртқы талдауларының нәтижелері дәлел бола алады», дейді О.Бектенов.
Жағдайға толық көз жеткізу үшін орталық органда және келесі жылы екі комитетте (Медициналық және фармацевтикалық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау) талдау жүргізіледі. Сыртқы талдау нәтижелері бойынша жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар мен іс-шаралар жоспары әзірленеді.
«Министрлік ашықтық, айқындылық және объективтілік арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жоюға мүдделі. Сонымен қатар біз жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», деп сендірді бірінші вице-министр.
Жұртшылықты талдау жүргізуге кеңінен тарту оң қырынан атап өтілді. Тексерілетін сала бойынша мәселелер мен ұсыныстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа әсер ететін себептер мен жағдайлар туралы мәліметтерді a.karipova@anticorruption.gov.kz электрондық мекен-жайына жіберуге болады. Бұл ақпарат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін пайдаланылады. Ал сыбайлас жемқорлық жағдайлары туралы қандай да бір ақпарат болатын болса 24/7 режімінде жұмыс істейтін 1424 call-орталығына хабарласу қажет.