Қоғам • 20 Қараша, 2020

Әлеуметтік көмектің әлеуеті мол

481 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бірқатар атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.

Әлеуметтік көмектің әлеуеті мол

«Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасын іске асыруға биыл  1,5 млрд теңге бөлінді. Тұр­мысы төмен отбасы балаларын кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге шамамен 265 мың теңге бөлінген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Семей қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері айтты.

– Төтенше жағдайлар кезе­ңінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) өтінішсіз автоматты түр­­де 5%-ға өсірілген көлемде 2160 отбасына  тағайындалды. Сонымен бірге  автоматты түрде, өтініш берушілерсіз биылғы жылдың 3-4-тоқсандарына АӘК тағайындау өтініштері ту­­­ралы мәліметтер жасалды. Бү­гінгі күні АӘК 2756 отбасына тағайындалды, – дейді жұ­мыс­­­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­­ламалар бөлімінің сектор мең­ге­рушісі Айдар Самаев.

Сонымен қатар баспасөз мәс­лихатында биылғы 1 қаңтар­дан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы бала­ларға кепілді әлеуметтік пакет енгізілгенін атап өтті. Азық-тү­лік жиынтығы және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі әлеу­меттік пакеттер бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға беріледі. Кепілді әлеуметтік пакеттің екінші түрі орта білім беретін мекемелердегі 6 жас­тан 18 жасқа дейінгі балаларға оқу жылы көлемінде беріледі. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мемлекеттік әлеуметтік пакет төрт бөліктен тұрады: мек­тептерде ыстық тамақ, мек­теп киім үлгісі, мектепке қа­жетті жабдықтар және қалалық қо­ғамдық көліктерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың кепілді әлеуметтік пакеттері жалпы білім беру шеңберінде білім беру ұйымдары арқылы беріледі.

Бүгінде азық-түлік жиын­­­­тығы және тұрмыстық химия тауар­лары түріндегі кепілді әлеу­­меттік пакетті 1980 отбасы алады. Келесі жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік пакеттерді әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы беру жоспарлануда. Қаланың бес кітапханасында және «Жанұя» отбасыларын қол­дау орталығында жеті өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ұйым­­дас­тырылған.

Жыл басынан «Еңбек» бағ­­дар­ламасымен 3409 адам қам­тылды. Бағдарламаның бірін­ші бағыты шеңберінде қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуларға 227 адам жолданды.­ Оқы­ту тоғыз оқу орнында­ тоғыз мамандық бойынша жүр­гізі­лу­де. Атап айт­сақ, слесарь-сан­­техник, кран машинисі, ауыл­­шаруашылық өндірістік трак­торшы-машинисі, саяхат жөнін­дегі менеджер, ті­гінші, аспаз, кондитер, наубай, дәнекерші.

Ал бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Ми­кро­­несиелерді алуға 1,8 млн теңге берілді. Жаңа бизнес-идея­ларды жүзеге асы­руға қатысты мем­лекеттік грантты 218 адам алды, гранттың жалпы сомасы – 121 млн теңге. Ол грант ірі қара мал өсіру, кондитер өнімдерін дайындау, тігінші қыз­меті және тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруға берілді.

– Бағдарламаның үшінші ба­ғыты – халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын жұмылдыру арқылы еңбек нарқын дамыту. Аталған бағыт шеңберінде тұрақты жұмыс орындарына 833 адам орналас­тырылды. Жұмыссыз жастар уақытша жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға орналас­тырылды, – деді А.Самаев.

«Еңбек» бағдарламасын іске асыру жұмыстары әлі де жал­ғасын таба бермек. Бүгінгі күні Семей аймағында мүгедектігі бойынша арнайы және мем­лекеттік жәрдемақыны 13 865 адам алады, оның ішінде 1391 мүгедек бала бар.

Мүмкіндігі шектеулі адам­дарды оңалту медициналық-әлеуметтік сарап­тама бөлім­дерімен жасалған және мүге­дектерге қажетті жаб­дықтармен, қызметпен қам­тамасыз етуге бағытталған мүге­дектерді оңалту жеке бағдар­ла­мала­ры негізінде жүргізіледі. Мүге­дектерді оңал­тудың жеке бағдар­ламасы негізін­де бүгін­гі күні мемлекеттік қызмет көр­сетуге 3650 адам хабарласты.

Жұмыспен қамту және әлеу­­мет­тік бағдарламалар бө­л­і­мі­нің хабарлауынша, мүге­дектерді әлеуметтендірудің дең­гейін көтеру мақсатында олар техникалық қосалқы жаб­­дықтармен – протезді-ор­то­пе­диялық көмекпен, сурдо-тифло жабдықтармен, арнайы қозғалу жабдықтарымен, сана­торилік-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық жабдықтармен, жеке көмекші­лердің қызметтерімен және ымдау тілінің мамандарымен қамтамасыз етілуде. 1-2 топтағы нашар көретін мүге­дектер қалалық көліктерде тасы­мал­даушының есебінен тегін жүреді. Есту қабілеті бұзылған адамдарға «Semei» телеарнасында күнделікті жаңалықтардың сурдоаудармасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар жыл сайын белгілі даталарда және мереке күндерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар баспасөз мәс­лихатында хабарлағандай, қиын өмірлік жағдай (өрт, табиғат апат­тары, әлеуметтік маңызды аурулар және т.б.) туындағандағы бір реттік әлеуметтік көмек жан санына шаққанда кірістері ең төменгі күнкөріс деңгейінен ас­пайтын отбасыларға беріледі. Бү­гінгі таңда күнкөріс минимумы – 36 157 теңге. Көмектің бұл түрі бойынша отбасы табысын есепке алып, өтініш білдіру қа­жет.

Халықтың жүріп-тұру­лары шектеулі топтары үшін әлеу­меттік және көлік­тік инфра­құрылым нысандарын бейімдеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Көптеген мекеменің ішінде та­балдырықсыз аймақтар құрыл­ған, тактильді жолақтар және пли­талар бар. Биылға 75 нысан­ды бейімдеу жоспарланған, оның 26 нысанында бейімдеу жұмыстары аяқталды.