Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Түрлі қадамдар жасалып, демографиялық ахуалды жақсартудың бірқатар шара қабылданып жатқанымен, оның өзі аздық ететін секілді. Мәселен, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы 2030 жылға қарай отандастарымыздың саны небәрі 20 млн 692 мың адамды құрайды деген болжам жасап отыр.
Аталған ұйымның хабарлауынша, демографиялық болжамға сәйкес 2030 жылға қарай Қазақстанда халық саны өткен жылмен салыстырғанда 11,8%-ға өсіп, шамамен 20 млн 692 мың адамды құрайтын көрінеді. Бұл ретте шамамен 12,7 млн адам (61,2%) қалалық жердің тұрғындары болады деген болжам жасалса, ауыл тұрғындарының саны 8 млн-нан асады (38,8%).
Демографиялық көрсеткіштер серпінінің ағымдағы деңгейін сақтай отырып, 2050 жылға қарай халықтың болжамды саны шамамен 25,4 млн-ға жетеді екен.
Бұл 2030 жылғы деңгейден 22,7%-ға және 2019 жылғы көрсеткіштен 34,3%-ға артық. Соның ішінде 16,7 млн адам (65,7%) қалаларда, ал 8,7 млн адам (34,3%) ауылдық жерлерде тұратын болады.
«2030 жылға қарай халықтың 27,4%-ы, ал 2050 жылға қарай 36%-дан астамы республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұратын болады. Өңірлерге келетін болсақ, біздің болжамымыз бойынша 10 жылдан кейін Алматы және Түркістан облыстарында 2 млн адамнан тұрады. Ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 млн-нан астам тұрғын болады. 2050 жылға қарай Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстары да миллион тұрғыны бар өңірлерге айналады», деп отыр «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Бұл ретте халықтың орташа жасының біршама өсу перспективасын да атап өтуге болады. Осы орталықтың мәліметіне сенсек, өткен жылы орташа жас елімізде 31,4 жасты құрады (ерлер үшін – 29,7 жас, әйелдер үшін – 32,9 жас). 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 32,7 жасты (ерлер үшін – 30,9 жас және әйелдер үшін – 34,4 жасы) құрайтын болады. Ал 2050 жылға қарай орташа жас 32,4 жасқа (ерлер үшін – 30,8 жас және әйелдер үшін – 34,1 жас) теңеледі.
«Өлім-жітімді, тууды және көші-қонды өткен жылдар деңгейінде сақтай отырып, 2030 жылға қарай 14-29 жас аралығындағы жастар саны былтырғымен салыстырғанда 26%-ға өседі және 4,4 млн адамды құрайды деп болжап отырмыз. Ал 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 5,1 млн-ды құрайды», деп отыр сарапшы.
Болжамдарға сәйкес, Түркістан облысы 2030 жылы жас тұрғындардың саны бойынша көшбасшы болады. Сол кезеңде осы өңірдегі жастардың саны 516 мың адамды құрайды да, үлесі 24,3%-ға дейін өседі. Алматы облысы 488 мың ұлдар мен қыздар көрсеткішімен екінші орынды, ал Алматы қаласы 479 мың жастар өкілі көрсеткішімен үшінші орынды алады. Сонымен бірге сарапшылар ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдардың саны қыздардан сәл асады деп санайды.
Хош. Еліміздің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, биылғы 1 қазанда Қазақстандағы халық саны 18 809,2 мың адам болған. Соның 11 087,5 мыңы (58,9%) қала тұрғындары болса, ауыл тұрғындарының саны – 77 21,7 мың адам (41,1%). Яғни өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда халық саны 238,9 мың адамға немесе 1,3% өскені байқалады. Қарастырылып отырған кезеңде ең көп жалпы өсімі Алматы (63,9 мың адам), Нұр-Сұлтан (49,5 мың адам) және Шымкент (32,8 мың адам) қалалары сынды еліміздің 3 өңірінде тіркеліпті.
Отандастарымыздың саны осы жылдың өзінде 19 млн-ға жақындап қалды деген сөз. Сонда дейміз-ау, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы бақандай он жылда Қазақстанның халқы небәрі 1 млн-ға жетер-жетпес адамға өседі деп отыр ма? Мұндайда отандастарымыздың өсіміне қатысты тым төмен болжам жасалып отырған жоқ па деген заңды сауал туындайды. Тек 2050 жылды еңсеріп барып қана шамамен 25,4 млн-ға зорға жетеді екенбіз. Яғни отыз жылдан соң ғана өсімімізді 34,3%-ға арттыра аламыз деген сөз.
Алайда сарапшылар бұл көрсеткіштерді ойдан құрап отырмағаны белгілі. Белгілі бір деректерге, халықтың жыл сайынғы өсіміне талдау жасалатын сияқты. Сондықтан алдағы отыз жылдағы халық санының өсімін нақты айта алмаған соң, бұған дейінгі отыз жылды назарға алып көрейік. Мәселен, кей деректер еліміз егемендік алғаннан бері (отыз жылға жуық уақыт) халық саны небәрі 12%-ға ғана өскенін айғақтайды. Аз көрсеткіш деп осыны айтуға болатын сияқты. Сондықтан алдағы он жылда санымыз 11,8%-ға, ал отыз жылда 22,7%-ға артатын болса, оны нашар көрсеткіш деуге ауыз бармайды.
Алайда КСРО құрамынан бөлініп шыққан өзге мемлекеттердің демографиялық жағдайы бізден әлдеқайда жақсы. Оларда өсім 21%-дан бастап 68%-ға дейін жеткені байқалады. Ал 1,5 млрд-қа жуық тұрғыны бар Қытайдың халық саны бала санына шектеу қойғанына қарамастан 1991 жылдан бері 21,8%-ға (350 млн адам) өсіп үлгеріпті.
Халық санының өсіміне кері әсер ететін негізгі фактордың бірі – көші-қон мәселесі. Айтайық, бір ғана 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 млн халық көшіп кетіпті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 млн халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 млн-ға дейін түскен», деген болатын. Қазір де көшіп кетіп жатқандар бар. Статистикалық мәліметке сенсек, елден кетіп жатқандардың 43,8%-ы 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар көрінеді. Яғни алдағы уақытта еліміздің еңбек ресурсы да, табиғи өсімі де тапшылық көре бастайды деген сөз. Бұл ретте Елбасы атап өткен 14 млн қалпында қалмауымызға ең алдымен Қазақстанға көшіп келушілердің үлесі сеп болған секілді. Еліміз егемендік алғаннан бергі жылдарда бас-аяғы 962 703 қандасымыз Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдапты. Өткен жылы 17 696 қандасымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын алған болса, биыл 14 944 қандасымыз Қазақстан Республикасының азаматы атанды. Жыл басынан бастап Қазақстан Республикасына 6043 этникалық қазақтар тұрақты тұруға көшіп келіп отыр.
Ғалымдардың пайымдауынша, халық санын арттырудың екi жолы бар көрінеді. Соның алғашқысы – қандастарымызды атажұртқа оралту мәселесі. Ол туралы айттық. Ендігі жолы – халықтың табиғи өсiмі саналады. Табиғи өсімнің артуы үшін, ең біріншіден, аналар қауымының жағдайын жақсартуға қатысты жасалатын көмекті арттыру қажет. Сонымен қатар аналардың жәрдемақысын өсіру мен оларға көрсетілетін медициналық көмекті де жүйелі жолға қойған жөн болар еді. Елімізде табиғи өсім оң бағытқа ие дегенімізбен, халық санын арттыруды ынталандыратын нақты бағдарлама, мемлекеттің идеологиясы жоқтың қасы.
Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтеріп, «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мəселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда əрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сəби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», деген болатын.
Ел Президентінің бұл тапсырмасын Қазақстандағы демографиялық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты қадам деп қарауға болады. Енді соны жүйелі жолға қойып, дамытып, одан әрі жалғастыру қажет. Халық санының өсімін тек осылай ғана жолға қоя алатын сияқтымыз. Олай болмаған жағдайда өсім де болмайды. Өсім болмаған соң территориялық тұтастығымызды сақтап қалу да қиынға соғатыны ақиқат.