Қоғам • 20 Қараша, 2020

Сүйегім орыс болғанымен...

1611 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәм-тұзы қалың қазақ арасынан бұйырған, жергілікті ұлттың тілі мен мазмұнды салт-дәстүрін, әдемі әдет-ғұр­пын жетік білетін Татьяна Узденованың сөздің нәшін кел­тіріп, мақалдап-мәтелдеп сөй­легеніне таңғалғанбыз. Сөйтсек, тілі ғана емес, рухы, жан-дүниесі де қазақы қалып­тағы жан екен.

Сүйегім орыс болғанымен...

Тілдескен сәтте-ақ лебізі мен пейілі, «мен қазақтың қызымын» деген­дей ынтызар ниеті баурап алған. «Сүйе­гім орыс болғанымен, етім қазақ» деп уәжін түйіндегенде таңғал­масқа шарамыз болмаған. Сонша­лықты жатық тілмен жан-дүние­сін­дегі алабұртқан сезімді өрбі­тіп, көңілінің бір түкпірінде жан сезі­мін мөлдіретіп, өз пайымын қа­пы­сыз дәлелдеуге тырысып айт­қаны­нан ұққанымыз, қазақы қалып­тың көш ілгері екені. Тәлімі мен тәрбиесі де, адамгершілік ажары да, кісілік келбеті де.

Ереймендегі орыс мектебін бітір­ген, Екібастұз қаласындағы заң кол­леджінде білім алған. Қазір Өлеңті ауылындағы ауылдық клубта мәдени шараларды ұйымдастырушы және спорт әдіскері болып жұмыс істейді.

– Жаман тұмау жан алқымнан алғаннан бері жұмыстың онлайн түріне көштік, – дейді Татьяна Анатольевна, – әйтсе де ойға алған­ды орындамай, ақсатып жатқан жоқ­пыз. Таяуда «Көнекөз даналар» атты дархан даланың даналарын, айрық­ша бітімді, ел діңгегі, ырысы бол­ған тұлғаларды, қазақ халқының салт-дәс­түрін, жас толқынға керемет ық­пал ететін даналық сөздерді наси­хатт­ауға бағытталған мазмұнды шара өт­кіздік.  Менің ойымша, осын­шалықты рухани байлығы бар халыққа жаңадан ештеңе іздеудің қажеті де жоқ тәрізді. Туған топырағын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған, азуын айға білеген ата-бабаларымыз ерлік пен батырлықты ғана пір тұтпаған, жұртының да рухани байлығын уақыт елеуішімен екшеп, нәрлісін, дәмдісін кейінгі ұр­пағының қажеттілігіне мұра қылып табыс еткен. Мәселен, ауданда әжелер фестивалін өткіздік. Бағзы заманда небір жақсы мен жайсаң әже тәрбиесімен өскендігі анық қой. Бәлкім ер азаматтың ел ісінен қолы босамаған шығар. Тәрбиенің тұнығы кимешек киген әжелердің көкірегінде сақталған. Біз сол дүниені қайта жаңғыртып, халқымен қайта табыстырып жатырмыз.

Өзі де тіл байқауларында бәйгесін шаппай алған. Аудан ғана емес, облыс көлемінде. Қазақылығы мол шаңырақта ер жеткен перзенттері де ата-ананың үмітін ақтап келеді. Ұлы Расул Екібастұз қаласындағы политехника колледжінде оқиды. Өзге ұлт өкілдері арасында өткізілетін тіл байқауларында топ жарып жүр. Облыста Абай оқулары бойынша өткізілген сайысқа қатысып, екінші орын иеленген. Қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін аталы сөзі жергілікті ұлттың тілін, салты мен дәстүрін бағалап, үйреніп, үйреніп қана қоймай, өзгеге үйретіп жүрген Узденовтердің отбасына қарата айтылған тәрізді.

– Осы жерде туып-өскен соң тілді сыйлау парыз. Егер қалың қазақ­­тың ішінде отырып, салт-дәс­түрін білмесең, әдет-ғұрпын меңгер­месең, қалай сыйлы боласың, – дейді Татьяна Анатольевна, – ең алды­­мен өзің құрметтеуің керек. Жол­дасым Руслан Хазреиалиевич қара­шай ұлты­нан. Ол да Қазақстанда туғанын, даласы да кең, пейілі де кең осы жерді мекен еткенін мақ­та­ныш тұтады. Өзін осы елдің пер­зенті санайды. Шынында да солай емес пе? Біз осы елдің адамдарымыз. Өз басым қай жерде жүрсем де қазақ тілінде сөйлегенді жақсы көре­мін. Орыс тілінде тілі келсе де, кел­месе де шүлдірлеп сөйлейтін ата мен әжені көргенде көңіліме кір­бің келетіні бар. Қазақтың бай да құнар­лы тілі ұрпақ тәрбиелеуге, бола­шаққа бағдар беруге қаптал жетіп жатыр ғой.

Тіл туралы тағылымды ойы айта қалар­лық­тай екен. Ежелгі Ерей­мен­­нің баурайындағы қаймағы бұзыл­маған ел ішінде көп-көрім көркем сөй­лей­тін кейіпкеріміздің ел жайлы елжі­рей сөйлеген сөзіне ғана емес ақ пейіл­іне, ыстық ықыласына разы болдық.

– Татьяна Анатольевна – қазақы ру­хы мықты, тілімізді ғана емес, бар ұлт­­тық болмысымызды терең мең­гер­­ген және соны ұстанып жүрген адам. Қашан көрсең де үстінде көз жа­уын алатын қазақы киім. Киім ға­на емес, жан-дүниесінде де өз ұлты­мыз­дың мөлдір бұлағы, рухани қазы­на­сы шүпілдеп тұратындығын күнд­е көзі­мізбен көріп жүрміз, – дейді аудан­­дық мәдениет және тілдерді дамы­­ту б­өлімінің басшысы Сайлау Жылқы­баев, – өзгеге әбден үлгі болатын адам.

Туған жерінің қадір-қасиетін жете біліп, дәстүрі мен тілін терең мең­­герген кейіпкеріміздің кейпін аз сөз­бен кестелеп, көпке мысал еткіміз келгені. 

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы