Қоғам • 20 Қараша, 2020

Жасөспірімдер жат әдетке неге үйір?

764 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлі оң-солын тани қоймаған жасөспі­рімдер жас шыбық секілді. Қалай исең, солай бой түзейді. Алайда кәмелетке тол­мағандардың арасында түнімен көше кезе­тіндер, тіпті наркологиялық есепте тұра­тындар бар. Мұның себебі алдымен ата-ананың тарапынан бақылаудың босаң­сығанына тіреледі. Бұл өңір поли­цейлері өткізген «Жасөспірім» іс-шарасы кезінде анықталып отыр.

Жасөспірімдер жат әдетке неге үйір?

– Мақсат – ішкі істер органдарының есебіне алынған кәмелетке толмаған балалар мен оқу орындарының студенттері арасында профи­лак­тикалық жұмыс жүргізу. Сондай-ақ заңға қайшы әрекеттер жасауға бейім жасөспірімдерді, кәмелетке толмағандар тобын, балаларды құқық­­бұзу­шылықтарға тартатын ересек адамдар­ды анықтау. Полиция қызметкерлері  ұрлық жаса­ғаны үшін бір жыл мерзімге бас бостандығы­нан айыру туралы сот үкімінен жалтарып, іздеу­де жүрген 17 жастағы жасөспірімді ұстады. Үш күнде ата-аналар тарапынан 147 әкімшілік құқықбұзушылық жасалғаны белгілі болды. Олардың 14-і ата-аналық міндетін орындамаса, біреуі кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдік сатқан. Бір жасөспірім қоғамдық орында масаң күйде жүрген. Түнгі сағат 23.00-ден кейін көше кезген 131 жасөспірім анықталды, – деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.

Сондай-ақ полицейлер есепте тұрған 92 жайсыз отбасы мен 44 жасөспірімнің мекенжайын тек­серді. Енді бұлардың қатарына тағы да бір жас­өс­пірім мен жайсыз алты  отбасы қосылып отыр.

Ал облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында жаға ұстатар деректер мәлім болды. Мәсе­лен, Жылыой ауданында полицияның есебін­де кәмелетке толмаған тоғыз бала тұр. Тіпті бір отбасының екі баласы наркологиялық есепке алы­ныпты. Мұндай жайт алаңдатпай қоймайды. 

– Олардың төртеуі – орта мектептің оқушы­сы, ал бесеуі арнайы және жоғары оқу орын­дары­­ның студенті. Орта мектепте оқитын төрт оқу­шы­ның үшеуі «кәмелетке толмағандар ағза­сы­ның психикалық және физикалық функ­ция­ларына теріс әсер ететін психотроптық және өзге де күшті әсер ететін заттарды теріс пайда­ла­натын» санатына жатқызылды, – дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Ха­менова­ның айтуынша, осы жайтқа орай  Жылыой ауданының басшылары тиісті шаралар­ды қабылдауы қажет. Өйткені кәмелетке тол­маған балалардың наркологиялық есепке алынуы – алаңдатарлық жайт. Ал caspianlife.kz тарат­қан ақпаратқа сүйенсек, ауданда кәмелетке тол­ма­ған қыздардың арасындағы жүктілік азаяр емес. Мә­селен, былтырғы тоғыз айда 27 дерек тір­келіпті. Биыл осындай көрсеткіш 31-ге жетіп отыр. 

– Біз әр баланың болашағы үшін жауапты екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Барлық жасөспірімнің, әсіресе есепте тұрған балалардың жақсы тәрбие алуына,  қоғамнан өз орнын табуына ықпал етуіміз керек. Осы саланың жауапты мамандары әр балаға толыққанды тұлға ретінде қарауы тиіс, – дейді Бақытгүл Хаменова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметіне қара­ғанда, арнайы орталықта психиатриялық есеп­те тұрғандар үшін 145 төсектік орын қарас­тырылған екен. Ал наркологиялық патологиясы бар кәмелетке толмағандарға арналған бес орын жасақталыпты. Қазір уытқұмарлыққа тәуелді үш жасөспірім тіркелген. Енді жат қылыққа әуес балалар наркологиялық тексеруден өтеді.

Бұрынғының көнекөздері «...баланың көңілі – далада» деуші еді. Бүгінгі баланың көңілі жат қылық пен есірткіге ауып бара жатқандай. Уақыт­ының көбін смартфонға үңілумен өткізіп, баласының көшеде не істеп жүргенінен бейхабар ата-ананың көңілі ше?..

 

Атырау облысы