Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Алматы – «жасыл» және «сары» аймақтар арасында

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем қайтадан мазасыз күндерге оралғанына қарамастан, Алматыда тығылып той-томалақ өткізіп, алаңсыз жүргендер әлі де жеткілікті. Бұған Алматының мониторингтік топтарының соңғы күндері, яғни 15-16 қарашада 78 нысанды тексеріп, 44 нысанның шектен шыққанын, 17 қарашада 27 нысанды қамтып, карантиндік шектеу шараларына мойынсынбаған 6 нысанды анықтағаны айғақ болады. Ақшаға құныққандар қомақты айыппұл төлесе де, айылын жимай отыр.

Алматы – «жасыл» және «сары» аймақтар арасында

 

Алматы қаласында індеттің қайта бас көтергенінің айтылуында кеміс­тік жоқ. Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев кезекті рет «Алматы» теле­ар­насының Akimat Live тікелей эфирі арқылы қалыптасқан санитарлық-эпидемиялық ахуал бұрынғыдай ушыға қалса, қала билігі оған қаншалықты дайын екені туралы баяндады. Себебі қалада қазан айының басында КВИ ауруының өскені байқалды.

Биыл 18 қарашаға дейін қалада коро­навирус инфекциясының 15 325 оқи­ғасы тіркелді, оның 9 251-і – симп­томды, 6 074-і – симптомсыз. Анық­талмаған пневмония – 1 099 оқиға. 19 қарашада КВИ-дің 35 оқи­ғасы тіркелген, оның ішінде 22-сі – симп­томды, 13-і – симптомсыз, анық­талмаған пневмонияның 4 оқи­ғасы бар. Тәуліктік өсім – 0,2%, репродуктивті саны – 1,15.

Бұл көрсеткіштер бүгінде Алматы «жасыл» және «сары» аймақтар арасында тұрғанын дәйектейді. Қыркүйек айында КВИ ауруының 165 жағдайға дейін максималды төмендеуі (100 мың тұрғынға шаққанда 8,3) тіркелген еді. Ал қазан айында КВИ ауруы біртіндеп өсіп, 365 оқиғаға жетті. Алматыда биыл 1 қазан мен 16 қараша аралығында КВИ жұқтырудың 900 оқиғасы және пневмонияның 189 оқиғасы тіркелді.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус жұқтырған науқастардың 30%-ға жуығының аға буын өкілдері екеніне алаңдаушылық білдіріп отыр. Атап айтқанда, КВИ жұқтырған науқастар арасында 40-59 жастағылар – 288 адам (32%), 60 жас пен одан жоғары жастағылар – 240 адам (27%). Сондықтан қала әкімі қала тұрғындарын егде жастағы жақындарына жанашырлық танытуға, бейғам болмауды кезекті рет қаперге салуға мәжбүр.

«Жастар санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын сақтамай, адамдар көп шоғырланған жерлерге барып, үйге вирус әкеледі, ата-аналары мен туыстарына жұқтырады. Сондықтан мен баршаңыздан қырағылық пен сақтық танытуларыңызды, сұраймын», деді Б.Сағынтаев.

Эпидемиялық зерттеулер нәти­жесінде 1 қазан мен 16 қараша ара­лығында КВИ инфекциясының жұқ­тыру оқиғасының 53%-ы қоғамдық орын­дарда болғаны анықталды. Бұл – сауда және ойын-сауық орталықтары, дүкендер, базарлар және қоғамдық көліктер. Үйдегі науқаспен, симптомсыз жұқтырушы, жастармен байланыс­та болғандардың 23%-ы КВИ инфекциясын жұқтырған. Жұмыста КВИ науқасымен байланыста болғандардың 17%-ы инфекция жұқтырған. Сондай-ақ науқастардың 4%-ы індетті шетелден жұқтырып келген.

Б.Сағынтаев пандемияның ықтимал екінші толқынына дайындық туралы айта келіп, Алматыда ковидтік гос­питальдерде резервтік орындардың құрылғанын еске салды. Қуаттылығы 7 226 төсектік орын болатын 32 ковидтік стационар әзірленді, оның 250-і – жансақтау орындары. Соңғы айларда Алматыда 2 жаңа емхана салын­ған. Бұлар – 500 төсектік орынды инфек­циялық госпиталь мен 300 төсектік орынды жаңа модульді стационар.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысы күшейтілді. 74 емханада 298 мобильді бригада жұмыс істейді. Телемедицина орталығы құрылды. Қауіпті топтағы науқастармен телемедицина орталығының жетекші мамандары жұмыс істейді.

Препараттар және медициналық заттардың 10 млрд теңгені құрайтын тұрақ­тандыру қоры жұмысын жалғас­тырып отыр. Тұрақтандыру қорының аясында 2021 жылдың ақпанына дейін қажетті 68 атаулы дәрі-дәрмек қоры жасалған.

Алматы әкімі КВИ ахуалының нашарлауына қаланың дайын екенін, бірақ алдымен адамдардың өзі үлкен жауап­кершілік танытпаса, эпидемия­лық жағдай бой бермей кететінін ашық айтып отыр.

Алматы қаласы індеттің алғашқы толқынында орасан экономикалық шығын көргені кеше. Эпидемиялық ах­уал ушығып, карантин шаралары мұнан да күшейіп, бұрынғыдай қамалып отыратын болсақ, оны мегаполистің ендігі экономикасы көтере ала ма? Ал адам шығыны, адам өмірі ше? Бірақ осының өзі де талайларға сабақ болар емес.

Б.Сағынтаев қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, санитарлық-эпидемиялық шаралардың сақталуын бақылайтын 32 монторингтік топ 8 қазан мен 17 қараша аралығында 444 рейд жүргізіп, 3,6 мыңға жуық нысан тексерілгенін атады. Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) заң бұзу анықталып, 90 заңды тұлғаға 28,7 млн теңге көлемінде 453 әкімшілік айыппұл салынған. Маска тағу режі­мін бұзған жеке тұлғаларға 15,5 млн теңге айыппұл салынып, 374 әкімшілік құқық­­бұзушылық хаттама толтырылды.

Мегаполис әкімі ойын сауық және қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс істейтін ШОБ өкілдерін осынау күрделі кезеңде ауызбіршілікке, түсіністікке шақырды. «Егер біз бірімізге-біріміз көмектеспесек, шектен шығу жалғасады, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артады. Сондықтан алматылық кәсіпкерлер ынтымақтастық танытып, карантинге қатысты белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажет», деді Алматы әкімі. Ал тәртіпке бағыну, санитарлық нормаларды сақтау талай адамның өміріне араша түсері анық.

 

АЛМАТЫ