Өнер • 20 Қараша, 2020

Аюхановтың «Аидасы»

488 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шын талант тұсаулап ұстауға көнбейді деген рас. Сексеннің сеңгірінен әлдеқашан асып кеткеніне қарамастан, классикалық өнердің аңызына айналған Болат Аюханов алматылықтарды «Аиданың» премьерасын тамашалауға шақырып жатыр. Осыдан жеті жыл бұрын 75 жасында сахнада билеп, балет үшін туатын нағыз біртуарлардың уақыт үстемдігіне бағынбайтынын, сыны мен сымбатының еш бұзылмайтынын бір дәлелдеген еді.

Аюхановтың «Аидасы»

 

Міне, денсаулығы сыр беріп, аяғын ауырсына басып жүріп әлемдік классиканың жауһары сана­латын «Аида» спектаклін да­йындап, сүйікті көрерменін тағы таңғалдырып отыр. Әттең, аяғы ақсайды, әйтпесе сах­наға өзі атып шығар еді. Өзі аса құрмет тұтатын Майя Плисец­кая­ның да өмірінің ең соңғы күніне дейін сахнадан түспей билегенін үлгі көріп айтатыны бар-тын. Қалай айтсақ та, қазақ балетінің бағына туған Болат ағамыздың 82 жасқа келіп спектакль қойғаны сүйсіндірмей қоймайды. «Жасым туралы еш­қа­шан ойланған емеспін. Жан дү­нием 25-тегі жігіттікі сияқ­­­ты би­леп тұрады. Карантин кезін­­дегі жұмыссыздықтан жары­лып кете жаздадым», дейді Аю­ха­­нов ағынан жарылып. Ол үшін жұмыс – нан табудың амалы емес, өмірінің мағынасы. Екі қолы алдына сыймай, іші пыс­қан Аюханов үйіндегі күту­ші­ле­ріне «Аида» туралы айтып, тіпті кей тұсын қимылымен көр­сетіп, мауқын басыпты. Бірақ соның бәрін көрерменге жайып салғанға жетпейді ғой, шір­кін. Көлденеңнен келген коро­на­ви­рус­тың кесірінен қария біткен үйінен шыға алмай қамалып отырғанда, балеттің «вирусын» бойына жас күнінен жұқтырған Болат Ғазизұлы қалаға жан біткен күннен бастап қырыққа жуық шәкіртімен күні-түні әзірлікте жүрді. Ал бишінің репетицияны қалай жүргізетінін көзі көргендер біледі – соғыс кезіндегі тыпыр еткізбейтін әскери режім адыра қал­сын. Маңдайының тері мон­шақ­тап еңбек етуді ғана біл­ген адам еріншектік пен ерке­лік­ке жаны қас. Оғаш қимыл, орын­сыз күлкі, сынық ауыз сөз­ге ұстаз қатаң тыйым салады. Ауада қалт-құлт етіп қалқып ұшқан қауырсын секілді үнемі түлкіқұрсақ жүретін тұтас труппа тек тәртіпке бағынады. Баяғы өзі құрған «Алматының жас балеті» араға жарты ғасыр салып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би теа­т­ры деген жаңа атауға ие болды. Театр талантты қыз-жігіттермен толықты. Соның біразы жаңа спектакльге тартылды.

«Сырқатыңызға қарамастан, жетінші мүшеліңіздің жуан ортасына келгенде спектакль қойғаныңызға сене алар емеспіз. Нақ «Аиданы» қоюыңызға не себеп?» деп Аюхановқа алғашқы сұрағымызды қойдық.

 

Классикалық өнерге өтірік жүрмейді

«Аида» өткен жылдың жел­тоқ­­­санында жарыққа шығуы керек еді. Белгілі себептермен кешеуілдеп жүргенде, елде карантин орнады. Содан бері әбден пісіп, иі қанған шығарма сахнаға ерекше жанрда шыққалы жатыр. Көптен бері көңілімде жүріп, пісіп-жетіліп, ақыры қоюға бел шештім. Мен өзі балеттен бұ­рын операмен «ауырған» адаммын. Тіпті атақты опералардың біразын жас күнімде жатқа білу­ші едім. Негізі, балетке опера арқылы келдім. «Қарғаның мәткесі», «Евгений Онегин», «Травиата», «Трубадур», «Аида», «Севиль шаштаразы»... Санай берсем көп. Әлі күнге дейін Мария Калласты тыңдаудан жа­лық­­қан емеспін. Классикалық музы­­камен таныстырғаны үшін опе­­раның алдында қарыздармын.

Ал операдағы балет дегенді естуіңіз бар ма? Иә-иә, «Аида» қойылымына классика өнерінің қос қанаты бірге қатысады. Бұл дегеніңіз –  мағына-мазмұнға толы мың сан дыбыстың патшалығы. Джузеппе Вердидің мәңгі өлмес бұл туындысын сахналауға қызықпайтын режиссер, Египет патшасы мен Амнеристің, Аида мен Радаместің рөлін армандамайтын әртіс жоқ. Себебі бұл тек махаббаттың, сезім мен адалдықтың ғана оқиғасы емес, жарқ-жұрқ еткен қызылды-жа­сыл бояуы қалың, сиқырлы саз бен әуен сіңірілген, тартысқа толы тартымды шығарма. Опера мен балеттің айналасында жүр­ген­дерді ынтықтырып келе жат­қан әйгілі туынды біздің труп­па әртістерінің орындауында қалай көрініс табатыны өзімізге де қызық көрінді. Классикалық музыка өтірік нотаны өзіне өткізбейді, қабылдай алмайды. Нотаны дөп баса алмады ма, болды, бүкіл үйлесімнің күл-талқаны шығады. «Аида» көп еңбектенуді қажет ететін күрделі қойылым. Бишілер осыны терең сезінуі тиіс. Бұрын «Аиданы» көрген болса, премьераға келетін адамдар байқар, менің «Аидам» тосын, күтпеген образда көрінеді.

 

Сахнадан мәдениеттің лебі есіп тұруы керек

1967 жылы «Алматының жас балетін» алғаш ұйымдас­тыр­ға­ным­да, мақсатым академиялық клас­сиканы айна-қатесіз қай­та­лау емес, о баста биге арналып жа­зылмаған музыкаға балет қою еді. Сол мақсатымнан ешқашан айныған емеспін, әлі күнге осы бағытта жұмыс істеп келемін.

Мен не нәрсенің де кәсіби деңгейде жасалғанын қалаймын. Кейбір өнер адамдары секілді көрерменге ұнауды мақсат тұтқан емеспін. Өйткені тырыспасам да, көрерменнің мені жақсы көре­ті­нін, өнерімді жоғары баға­лай­тынын білемін. Әрдайым сол құрметке лайық болғым келеді. Біз көрермен үшін жұмыс іс­тей­міз, сондықтан ол күткен кә­сіби деңгейдегі қойылым ұсы­­нып, сенімінен шығу – басты міндет. Сондықтан күлдікөмеш дүние жасап, көрерменді алдамау керек. Тек «Аида» емес, барлық қойылымдардың бүге-шігесіне дейін дәлдікті, нақты­лықты қадағалаймын. Сахна­дан ізденістің, музыкалық биік мәдениеттің, жаңалықтың иісі аңқып, лебі есіп тұруы керек. Сол жұпар көрерменнің жүре­гін толқытып, тебірентуі тиіс. Әрине, қаражат бізде аз, «Аида­ға» тіпті аз бөлінді, бірақ ол да бізді тоқтата алмады. Сол аз ақша­ға дұрыс дүние жасағымыз келді. Киім мен декорацияға көп қара­жат керек екені белгілі, амал не, қолда барды қанағат тұттық.

«2010 жылы әлемдік мәдениет­ке зор үлес қосқаныңыз үшін өнер саласының «International Socrates Prize» атты халықаралық сый­лығының лауреаты атаныпсыз. Әзірге Сократ сыйлығының Қазақстандағы жалғыз иегері өзіңіз-ау» дейміз.

 

Маған ешкім бұйрық бере алмайды

Бұл кәсіби саладағы жоғары жетіс­тіктердің бағасы, халық­ара­­лық дәрежеде мойын­дал­ған­дық­тың жарқын көрінісі шығар. Мен мақтанғанды ұнатпаймын, маңайымдағылар оны біледі. «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан», «Болеро», «Батырлар», «Қазақ сувенирі» және басқа да қойы­лым­дар – қазақ балетінің алтын қорына енді. Соның өтемі болар.

Театрға тек талантты, келе­ше­гінен үміт күттіретін жас­тар­ды ғана қабылдаймын. Олар­дың аяғы мен қолының дамыл­сыз қозғалыста болып дөң­ге­леп билегені, шыркөбелек айнал­ға­ны аз, бастысы музыканы сезі­нетін жүрегі болуы тиіс. Жү­ре­гі сәуле шашып тұрмаса, көрерменге жеткізе алмайды. Маған ешқашан жоғарыдан біреу телефон шалып «менің ұлым­ды немесе қызымды, яки туы­­сымды труппаңа жұмысқа ал» деп бұйрық беріп көрген емес. Себебі олар маған ондай бұй­рық­тың жүрмейтінін жақсы біледі. Менің бетке айтатын тік міне­зім, турашылдығым көп адам­ға ұнамайды, оны білемін, бірақ сы­пайылық пен төзімділік танытады. Оған да шүкір.

...Саналы ғұмырын би өне­рі­не сарп еткен саңлақ әрбір қойы­лымын терең ой елегінен өткі­зіп, әбден пісіп-жетілген соң ғана ұсынады. Жан-тәнімен сүйе­­тін кәсібінің әрі патшасы, әрі құлы іспетті балетмейс­тер «көрерменнің алдында қа­те­­лесуге хақым жоқ» деп са­най­ды. Құлақтанып қалған кө­рер­мен Б.Аюхановтың жаңа қойы­­лымын тағатсыздана күтіп жүр. Карантинде жатып аңыз­ға айналған әртістің өткен жыл­дар­дағы жұмысын, бұрын­ғы қойылымдарын армансыз көрді, бірақ жан-жүрегімен сезініп, көз­бен көргенге жетпейді. «Аи­да­ның» премьерасы 26 қара­ша күні Алматыдағы Н.Сац атындағы балалар мен жастар театрында өтеді.

 

АЛМАТЫ