Оқиға • 20 Қараша, 2020

Орталық Азия ақындары жырлайды

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

FemAgora қоғамдық қо­ры ұйымдастыруымен Орталық Азия әйел ақын­дарының жинағы жарық көрді. Әйел ақындарды таныстыруды, танымал етуді мақсат еткен муль­тимедиалық жоба Қазақ­станда алғаш рет қолға алынып отыр.

Орталық Азия ақындары жырлайды

Иллюстрацияны жасаған Qantar

Жинаққа Қазақстан, Қыр­ғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдеріндегі 23 ақын­ның шығармалары топтастырылды. Цифрлы жыр альбомы қазақстандық суретші Qantar-дың иллюстрациясымен безендірілген. Жобаның кураторлары ақын, әдебиеттанушы Айнұр Төлеу мен СДУ қауым­дастырылған профессоры, медиа және кино зерттеушісі Мол­дияр Ергебеков.

«Роза Люксембург қоры­ның демеуімен Орталық Азия әйел ақындарының жина­ғын құрастырып шықтық. Алғаш­қыда жинақты кітап түрінде шығаруды ойлаған едік. Бірақ материалдық жағдайға бай­ла­ныс­ты жинақтың онлайн нұс­қасын дайындадық. Десек те оқырман қауым өте жылы қа­былдады. Содан кейін әр ақын­нан өлеңін өзі оқуын сұ­радық, өйткені кө­рерменнің оқырман ғана емес, тыңдарман болуын қаладық. Жалпы, поэзия десек елімізде, аймақта ер адамдар алдымен ауызға ілігеді. Әйтпегенде Ор­талық Азия елдері поэтикаға өте жақын халық және мұнда жазба немесе суырыпсалма жанр­ына жүйрік әйел ақындар көп. Сондықтан фестиваль аясында ақын әйелдерді алға шы­ғаруды, көрсетуді, танытуды мақсат еттік. Мұндай жоба ал­дағы жылғы жос­парларымызда жалғасын таба береді», дейді жоба кураторы Молдияр Ергебеков. Оның айтуынша, альбомның иллюстрациясын бел­гілі қазақстандық суретші Qantar жасаған. Суретші әр ақынның еңбе­гімен жеке таныса отырып, маз­мұндық бағытта көркем картиналармен шебер үйлестіре білген.

Аталған жобаны үйлестіру үшін аянып қалмай еңбек еткен ақын, әдебиеттанушы Ай­нұр Төлеу ұйымдастыру жұ­мы­сының қызығымен бірге қи­ын­дығы қатар жүргенін, сонысымен де жанына жақын екенін айтады.

«Жобаға қатысатын ақын­дарды іріктеуді маған тапсырды. Алдымен шығар­машылық орта тани бермейтін, мүшәй­ралар мен байқауларда топ жармаған ақындардың өлеңін жинап алдым. Сондай бір әділ жоба жа­сағым келді. Мүм­кін біз танымайтын, бірақ өле­ңінде айрықша бір иірім, бөлек идеясы бар ақын тауып алатын шығармын деп ойладым. Сондықтан бұл жобаның ішінде ауылдағы мұғалім, студент және аудармашы қыздар да бар. Оларды іріктеп алған соң, бізге танымал, өлеңде өз орны бар ақын қыздарды қостым. Неге? Себебі бұл жоба халықаралық деңгейде өтті. Тәжікстан мен Өзбекстан, Қыр­ғызстан мен Түрікменстан ақын қыздары өлеңінің қасында поэтикалық мазмұны жақсы жырлар тұрғаны дұрыс. Біз қаласақ та, қаламасақ та қазақ әдебиетінің бүгінгі көркем ой­лау жүйесі қандай деген сұрақ­қа осындағы өлеңдер жауап береді. Бұл сұрақты ешкім қой­майтын да шығар. Бірақ өзім осы әрекетім арқылы сапалы контент жасағым келді», дейді Айнұр Төлеу.