Шараны өткізуші «Ақиқат» пікірсайыс клубы 2011 жылы құрылған. Оның қызметі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өзекті мәселелерді талдау арқылы жастарды сыни тұрғыдан ойлау дағдысына баулып, туындаған мәселені өз бетінше еңсерумен қатар, шынайы ақиқатқа қол жеткізуге бағытталған.
Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне жеңіске жеткен командалар мен олардың бапкерлері, турнир төрешілері, сондай-ақ №1 Балалар музыка мектебінің домбыра ансамблі қатысты.
Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов жастарға арнап сөз сөйлеп, белсенді әрі талапшыл өрендерді қолдау мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтіп: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өркениетті елдің болашағын білімге құштар жастар қалыптастыратынын жиі айтады. Жыл өткен сайын пікірталас турнирлеріне қатысушылар жауапты шешім қабылдауда дайындық деңгейлерінің жоғары екенін көрсетіп келеді. Турнирдің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын және қатысушылардың әрқайсысы биік шыңға жетеріне сенімдімін. Сіздерге барлық жол ашық. Оқуда және өзін өзі жетілдіруде толағай табыстар тілеймін!» дей келе, турнир жеңімпаздарына Елбасы кітапханасының ауыспалы кубогын табыстады.
Турнир қорытындысы бойынша «Қазақ лигасы» тобынан бірінші орынды Халықаралық лингвистикалық коллеждің «Төзім» командасы жеңіп алса, келесі орындарды: Гуманитарлық коллеждің «Финалдамыз» командасы мен «Достық» командасы бөлісті. Ал «Орыс лигасы» тобынан Басқару колледжінің «Бирмингем» командасы жеңімпаз деп танылып, сонымен қатар «Үздік спикер», «Үздік бапкер», «Үздік төреші» аталымы бойынша үздіктер анықталды.
Осындай маңызды мәдени жұмыстарға ұйытқы болып жүрген «Ақиқат» пікірсайыс клубы елордалық оқушылар мен студенттер арасында пікірталас өрбітудің бастамашысына айналумен бірге, қалалық, республикалық, халықаралық пікірталас турнирлерін ұйымдастырып жүр. Басты тақырыбы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын және Қазақстан тәуелсіздігі тарихының өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Клуб жұмысына қазіргі таңда екі мыңнан астам бозбала мен бойжеткен қатысады.