Аталған әлем чемпионатына Қазақстанның боксшылары толық құрамда барып, барлық 11 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Біз үшін бұл сынақ сәтсіз басталды. Алғашқы айналымда үкілеген қос үмітіміз жарыс жолынан шығып қалды. 54 кило салмақтағы Міржан Рақымжанов өзбекстандық Баходуржан Сұлтановтан ұтылса, 60 кило салмақтағы Дулат Боранқұлов пәкістандық Асқар Әли Шахқа жол берді. Көп ұзамай 75 кило салмақтағы Геннадий Головкин ойда-жоқта Мұхаммед Хикалға есе жіберді. Дәл осыны ешкім күтпеп еді. Мысыр елінің өкілі біздің сақа спортшыдан бақандай алты ұпайға озды. Сол межеде 91 және +91 кило салмақтағы Жеңіс Таумұрынов пен Рустам Іргебаев жеңілістің кермек дәмін татты. Алғашқысы ресейлік Александр Алексеевтен, екіншісі америкалық Майкл Уилсоннан жеңілді. Ширек финалда 57 кило салмақтағы Берік Серікбаев сан соғып қалды. Оның Ресейдің даңқты боксшысы Алексей Тищенкоға әлі жетпеді.
Ал қалған бес боксшымыз қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырына көтерілу мүмкіндігіне ие болды. Солардың арасынан Серік Сәпиев пен Ердос Жаңабергеновтің тамаша өнеріне тәнті болдық. 64 кило салмақта сайысқа түскен Қарағандының қыраны барлық қарсыласын көп ұпай айырмашылығымен ұтты. Атап айтсақ, словак Тибор Главацки (37:13), америкалық Карл Даган (37:26), украиналық Николай Семенягу (27:15), әзербайжан Эмиль Магеррамов (41:23) және өзбекстандық Дилшот Махмұтов (40:21) қандасымызға жарытып қарсылық көрсете алмады. Ердостың да екіпіні ешкімді шыдатпады. 81 кило салмақта жұдырықтасқан Маңғыстаудың марқасқасы кореялық Пак Сун Сон (34:20) мен аустралиялық Бен Мак Ехранды (36:24) бас-көтертпей сабаған соң, ширек финалда тунистік Мұрад Сахрауиді есінен тандырды. Жартылай финалда Өзбекстан мақтанышы, Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы, әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері Өткірбек Хайдаровтан (36:31) айласын асырды. Ақтық сайыста хорватиялық Марио Сиволичті (27:12) жеңді. Сөйтіп, қазақтың қос мықтысы алтын тұғырда марқайып тұрды.
Алғашқы айналымдардан сүрінбей өткен тағы үш боксшымыз қола медальді мойындарына ілді. 48 кило салмақтағы Біржан Жақыпов мажарстандық Пал Бедакқа, ал 51 кило салмақтағы Мират Сәрсенбаев пен 75 кило салмақтағы Бақтияр Артаев Куба қабыландары – Эндри Латифа мен Эрисланди Лараға есе жіберді. Иә, араға сегіз жыл салып Алматыда өткен әлем чемпионатында бұл нәтижені жақсартқанымыз рас. Алатау баурайында біздің жігіттер 4 алтын, 2 күміс және 2 қоланы олжалаған еді. Бұл 2013 жыл болатын.
Мяньяндағы жарыстың жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленді. Алдымызды Куба мен Ресей орады. Бостандық аралы өкілдері 4 алтын, 1 күміс және 3 қоламен қорытындыласа, көршілеріміз 3 алтын, 1 күміс және 1 қоланы олжалады. Сонымен қатар Қытай мен Оңтүстік Корея құрамалары бір-бір бас жүлдеге қол жеткізді.
Әлем чемпионаттарындағы Қазақстан ұлттық құрама командасының жеңіп алған жүлделері:
1993 жыл. Тампере
Василий Жиров (75 кило) – қола.
1995 жыл. Берлин
Болат Жұмаділов (51 кило) – күміс, Василий Жиров (81 кило) – қола.
1997 жыл. Будапешт
Ермахан Ыбырайымов (71 кило) – күміс, Болат Жұмаділов (51 кило) – қола.
1999 жыл. Хьюстон
Болат Жұмаділов (51 кило) – алтын, Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) – күміс, Ермахан Ыбырайымов (71 кило) – қола.
2001 жыл. Белфаст
Галиб Жафаров (57 кило) – күміс.
2003 жыл. Бангкок
Галиб Жафаров (57 кило), Геннадий Головкин (75 кило) – алтын.
2005 жыл. Миньян
Серік Сәпиев (64 кило), Ердос Жаңабергенов (81 кило) – алтын, Біржан Жақыпов (48 кило), Мират Сәрсенбаев (51 кило), Бақтияр Артаев (75 кило) – қола.
2007 жыл. Чикаго
Серік Сәпиев (64 кило) – алтын, Бақтияр Артаев (75 кило), Еркебұлан Шыналиев (81 кило) – қола.
2009 жыл. Милан
Серік Сәпиев (69 кило) – қола.
2011 жыл. Баку
Серік Сәпиев (69 кило), Әділбек Ниязымбетов (81 кило) – күміс, Ғани Жайлауов (60 кило), Иван Дычко (+91 кило) – қола.
2013 жыл. Алматы
Біржан Жақыпов (49 кило), Мерей Ақшалов (64 кило), Данияр Елеусінов (69 кило), Жәнібек Әлімханұлы (75 кило) – алтын, Әділбек Ниязымбетов (81 кило), Иван Дычко (+91 кило) – күміс, Қайрат Ералиев (56 кило), Берік Әбдірахманов (60 кило) – қола.
2015 жыл. Доха
Данияр Елеусінов (69 кило), Иван Дычко (+91 кило) – күміс.
2017 жыл. Гамбург
Қайрат Ералиев (56 кило) – алтын, Әбілхан Аманқұл (75 кило), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) – күміс, Ержан Жомарт (49 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Василий Левит (91 кило) – қола.
2019 жыл. Екатеринбург
Бекзат Нұрдәулетов (81 кило) – алтын, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) – күміс, Сәкен Бибосынов (52 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Тұрсынбай Құлахмет (75 кило), Василий Левит (91 кило) – қола.