Саясат • 20 Қараша, 2020

Үміткерлер анықталды

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен кезектен тыс болған XXXI конференциясында Мәжіліс депутаттығына партиялық тізім бойынша облыстан енетін кандидаттар анықталды. «Праймериз» жүйесімен дауыс берген 150 делегат үш үміткерді таңдады.

Үміткерлер анықталды

 

«Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» демекші таң­далған үш кандидаттың да әкелері облыс тұрғындарына жақсы танымал жандар еді. Соның ішінде «Зен­ченко и К» коммандиттік серіктес­тігінің қазіргі бас директоры Г.Зенченконың әкесі Еңбек Ері Г.Зенченко болса, «Солтүс­тік» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Есжан Ора­залиннің әкесі Қаби мен Дмитрий Колоданың әкесі Владимир де аудан әкімі болған, облысқа белгілі адам­дар. Бірақ бұлардың өзі де облыс халқына іскерлігімен таны­лып жүрген жастар, еліміз өз Тәуел­сіздігін алған жылдарда қалыптасқан тұлғалар. Олар өздерімен таласқа түс­кен басқа он үміткерден гөрі көп дауыс жинай алды. Өмірдің бар­лық саласы бойынша көтерілген тақы­рып­тарда олар басқалардан озық көрінді. 

Сонымен бірге осы конференцияда Солтүстік Қазақстан облы­сының мәслихатына партиялық тізіммен түсетін үміткерлердің тізі­мі бекі­тілді. Олардың жалпы саны 48 адам болды. Кандидаттардың тура үштен бірі – әйелдер. Сондай-ақ жастардың үлесі де 21 пайызға жетіп отыр. Бұрынғы депутат­тардың арасынан 10 адам ғана жаңа құрамға енгізілді.

Кәсіби құрамына келетін болсақ, үміткерлердің ең үлкен бөлігі, яғни 27 пайызы ауыл шаруашылығынан, 17 пайызы кәсіпкерліктен, және 10 пайыздан артығы денсаулық сақтау саласынан болып отыр. 

Конференцияда делегаттар Nur Otan партиясының аймақтық сайлауалды бағдарламасын да бекітті. Онда дамудың жеті басымдығы нақтыланған еді. Сонымен бірге делегаттар партияның ХХ съезіне баратын делегаттарды сайлады және облыстық филиалдың саяси кеңесінің жаңа құрамын бекітті.

Конференция бекіткен жеті ба­сым­­дықтың арасында аймақ эко­но­­­­ми­касының дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрғындар қа­­уіп­сіздігінің артуы және т.б. бар. Жалпы, облыс бойынша бір об­лыс­тық, бір қалалық және 13 аудан­дық сайлауалды бағдарла­ма әзірленген.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынба­сары Әсем Рахметованың айтуы­на қарағанда, мүшелерден 1150 ұсыныс мен пікір түскен. Со­ның ішінде 1088-і сайлауалды бағдар­ламаларына байланысты. Соның ішінде 978 ұсыныс сайлауалды бағ­дар­ламаларының жобаларына енгізілген. 19 ұсыныс бойынша шаралар қабылдануда, ал 10 ұсыныстың шешімі республикалық деңгейге жататындықтан қарасты­рыл­маған. Ұсыныстар мен пікір­лер­дің негізгі бөлігі, яғни 34 пайызы көлік пен инфрақұрылым, 25 пайызы тұрғын үйлер мен ТҮШ, 8 пайызы білім беру саласын қамтыған.

Айта кететін жайт, партиялық конференциялар барлық аудандар мен Петропавл қаласындағы филиал­дарда өткізілді. Облыстық праймеризге 632 партия мүшесі қатысып, бір айдың ішінде сайлаушылармен 6500 кездесу өткізді. Оған шамамен 125 мыңдай адам қатысты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы