Аймақтар • 20 Қараша, 2020

48 лауазымды тұлға бизнесті заңсыз тексергені үшін жауапкершілікке тартылды

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы 10 айда Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті және оның аумақтық органдарымен барлығы 170 тексеруді тіркеуден бас тартты, оның ішінде мораторий шеңберінде 52 шағын бизнесті тексеру бар.

48 лауазымды тұлға бизнесті заңсыз тексергені үшін жауапкершілікке тартылды

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елімізде шағын бизнес пен микрокәсіпкерлікті тексеруге 3 жылдық мораторий енгізілді.

Халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке ықтимал жаппай қатер төндіретін, конституциялық құрылыс пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін бұзушылықтардың алдын алуға немесе оларды жоюға бағытталған тексерулер ғана бұл санатқа жатпайды.

Аталған тексерулер орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі бойынша тағайындалып, құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында міндетті түрде тіркелуі тиіс. Егер тексеру осы талаптарға жауап бермесе, Комитет тексеруді тіркеу барысында бизнеске қатысты негізсіз араласуға жол бермейді.

Мысалы, мораторий белгілеген тыйымға қарамастан, Алматы қаласы Алатау ауданының санитарлық бақылау органдары «Жан бөпе» ЖШС-нің қызметін тексеруді тағайындады. Кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне сәйкес осы ЖШС микрокәсіпкерлік санатына жатады және оған мораторий шектеулері қолданылады. Комитет бұл тексеруді тіркеуден бас тартты.

Тағы да бір негізсіз тексеруді «EMARAT» ЖШС-ке қатысты Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті тағайындауға тырысқан. Мораторий кезеңінде тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары ҚР ӘҚБтК-нің 175-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Егер сіз тексеруші органдардың қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттерге тап болсаңыз, мына телефон нөмірі бойынша хабарлауыңызды сұраймыз: 115 - Бас прокуратураның call-орталығының бірыңғай нөмірі, ол бойынша ақпарат алуға және тексерушілердің әрекеттеріне шағымдануға болады.

Сонымен қатар, тексеру тағайындалған кез келген кәсіпкер www.qamqor.gov.kz ақпараттық сервисінде тиісті жолға акт нөмірін енгізу арқылы тексерудің заңдылығын тексере алады. Сол жерде органның атауы, тексеру кезеңі, тексеруші тұлға туралы деректер шығады. Егер ақпарат болмаса, онда тексеру прокуратура органдарында тіркелмеген, яғни ол – заңсыз.​