Аймақтар • 20 Қараша, 2020

Балаға қамқорлық – басты назарда

18 рет көрсетілді

Балалардың құқығын қорғау, оларға қамқор болу және қоғамда балалар игілігі үшін қайырымдылық шараларын өткізу – уақыттың өзекті мәселесі. Осы орайда «Өзін-өзі тану: бала үшін миссия» атты халықаралық форум өтіп, күн тәртібіндегі келелі мәселелерді талқыға салды. Ой-пікірлерімен бөлісті.

ZOOM платформасы арқылы өткен конференция ауқымы өте кең болды. Білім және ғылым министрлігі, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы мамандарынан бастап мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінің қызметкерлері, ғалымдар және шетелдік серіктестер тікелей байланысқа шықты.

Конференция басында «Бөбек» қорының негізін қалаушы Сара Назарбаеваның құттықтау хаты мен видеодәрісі қатысушылар назарына ұсынылды.

«Бұл жолғы форум тақырыбы өте терең. Біз әртүрлі елде өмір сүріп, әртүрлі тілде сөйлейміз, түрлі дінді ұстанамыз, бірақ бәрімізде балалардың жақсы өмір сүріп, бақыт пен қуанышқа қол жеткізгенін қалаймыз. Егер біз өзіміз рухани-адамгершілік бағытында терең әрі ортақ түсіністікте бола алсақ, өзіміз балаларға үлгі бола алсақ, онда олардың арманы міндетті түрде орындалады. Сонда біздің ұрпақтарымыз татулық пен үйлесімділік салтанат құрған ғажайып әлемде өмір сүретін болады» делінген Сара Назарбаеваның құттықтау хатында.

«Бөбек» ҰҒББСО бас директоры Елена Сәкенованың айтуынша, ересектер өзінің ешқашан баланың қамқоршысы һәм жол көрсетушісі екенін ұмытпауы тиіс. Балаға деген махаббат пен мейірім үнемі жаңғырып тұруы керек дейді.

– Конференцияның дәл бүгін өткізілуі де бекер емес. Өйткені дәл осы, 20 қараша күні БҰҰ Бас Ассамблеясының бала құқығы жөніндегі декларациясы қабылданған еді. Бұл күн барша әлемдегі балалардың бақытты өмір кешуін қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастық пен бірліктің күні секілді. Біздің әрқайсымыз осы идеямен өмір сүріп келеміз. Бұл игілікті жолға бізді Сара Алпысқызы Назарбаева бағыттады. Қазір «Бөбек» қоры балаларға білім мен тәрбие беру жолында заманауи инновациялық тәсілдерді айналымға енгізіп, көпке үлгі болып отыр. Бұл ретте балаға тәлім беретін педагогтардың үлесі орасан. Ұстаз өз оқушысының бойында рухани құндылықтарды сіңіру, азаматтық ұстанымды қалыптастыру, адамгершілік сенімдерді ояту жолында аянбай еңбек етеді. Форум қатысушыларымен арамызды миллиондаған шақырым бөліп жатқанына қарамастан біздің түсінігіміз бен достығымыз әркез биік деңгейде қала береді. Тәжірибе алмасу процесі ешқашан тоқтамайды, – дейді Елена Сәкенова.

Одан соң қонақтар сөз сөйлеп, баланы заманауи үрдістерге бейімдеу, оларды зиянды, қажетсіз дүниелерден қорғау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне баса көңіл бөлді. Еуропалық жалпы адамдық құндылықтар институтының (ESSE) директоры Марианна Мейер, «Ата-аналар қамқорлығы» халықаралық қозғалысының төрайымы Клара Мансурова, Ломоносов атындағы ММУ психология факультетінің деканы Риза Халилов, Дағыстан мемлекеттік педагогикалық университетінің түзету педагогика және арнайы психология кафедрасының меңгерушісі Джафар Маллаевтар және тағы да басқа қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Форум барысында қатысушыларға Сара Назарбаеваның алғыс хаттары табыс етілетіні айтылды.

 

Абай Аймағамбет,

"Egemen Qazaqstan" 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

"Oskemenbus" қосымшасы іске қосылады

Аймақтар • Бүгін, 19:37

Қап тауындағы тұтқын

Қазақстан • Бүгін, 16:20

Қазақстанда доллар арзандады

Экономика • Бүгін, 11:46

Қолды болған гараж

Аймақтар • Бүгін, 11:01

IX Азаматтық форум басталды

Аймақтар • Бүгін, 10:15

Пневмония 44 адамда тіркелді

Медицина • Бүгін, 09:41

Елімізде 514 адам індеттен айықты

Коронавирус • Бүгін, 09:04

Ұқсас жаңалықтар