Аймақтар • 21 Қараша, 2020

"Рухани-жаңғыру - тану негіздері" монографиялық оқулығы жарық көрді

611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғұмырының соңына дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қызмет атқарған философия ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ғалым Сапар Оспановтың «Рухани-жаңғыру-тану негіздері» концептуалды-монографиялық оқулығы жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Рухани-жаңғыру - тану негіздері" монографиялық оқулығы жарық көрді

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің мәліметтері бойынша, еңбекте адамзаттың рухани құбылысының философиялық, теориялық және оны зерттеудің әдіснамалық мәселелері жүйелі түрде көрсетілген. Оның аса құнды негізі – «рух», «руханият», «руханияттылық» құбылыстарының әлем философиясының мазмұны тұрғысынан талданып, ашылған. Адамзат тарихындағы осы мәселеге қатысты ойлар мен даналық пайымдар тұңғыш рет қазақ тілінде жүйелі түрде келтірілген.

Сонымен қатар оқулықта қазақ халқының тарихындағы рух мәселесінің бастаулары, даму кезеңдері, қазіргі мәселелері қарастырылған.

Кітап «Теориялық және әдіснамалық ізденістер», «Ежелгі дүниетанымдардағы руханиаттылық бастаулары», «Батыс Еуропа елдері философиясындағы руханиаттылық мәселесінің дамуы» және «Протоқазақ-қазақ руханиаттылығы» атты бөлімдер мен 11 тараудан тұрады, - делінген хабарламада.

Сарапшылардың айтуынша, оқулық өте күрделі және көкейтесті мәселелерді аса актуалды теориялар тұрғысынан көрсеткен. Бұл жұмыстың заманауи әлеуетін жоғары көтеруге ықпал етеді.Концептуалды оқулық орта арнайы және жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына және осы тақырыпқа қызығушылық танытатын барлық оқырман қауымға арналған.