Қоғам • 23 Қараша, 2020

Темірден түйін түйген

819 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?!» Дәл жаңа жылдың қарсаңында жол жиегінде тұрған Руслан Қайраховты көлік қағып кетіп, өмірін бір-ақ сәтте өзгерткен. Өкініштісі сол, 2013 жылдан бері тепсе темір үзетін жігіт арбаға таңылған.

Темірден түйін түйген

 

Русланды қағып кеткен көлік сүйе­гін сындырғанымен, ерік-жігерін сын­дырған жоқ. Бас­тысы – басы аман, бауы­ры бүтін. Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылының тұр­ғыны Руслан Қайрахов бүгінде темірден түйін түйіп, сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Шебер­дің қолы ортақ дегендей, ою­лап жасаған түрлі-түрлі бұйым­дары­на арысы Семей, Өскемен­­нен, берісі Зайсаннан тапсы­рыс­тар түсіп жата­ды. Әсіресе гүл қоятын сөрелерге, ою-өр­некті қақпаға тапсырыс көп. Шебер жігіт тағдырдың сынағына тап болмас бұрын, автокөліктердің шанағын түзетумен, бояумен айналысқан. Сол үшін де ұсталық жұмыс оған жат емес.

– Мемлекеттің «Еңбек» бағ­дар­ламасы арқылы 2 млн теңге грант ұтып алып, темір иетін станок­қа қол жеткіздім. Жаздай мектептерге гүл қоя­тын сөрелер жасадым. Сөйтіп кәсібімді дөң­гелетіп отырған жайым бар, – дейді Руслан.

Кәсібінен нәпақасын айырып отыр­ған ол басты байлық денсаулығы еке­нін ұғынған. Үнемі белгілі уақыттар­да оңалту орталықтарында ем алып, ден­сау­лығын түзеуге тыры­сады. Аптасына екі рет Зайсан қала­сындағы «Дәрмен» орта­лығына барып, түрлі жатты­ғуларын жасап, массажын алады.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін «Дәрмен» күндізгі бейімдеу орталығы алғаш 2015 жылы ашылғанда 15 адамға ғана қызмет көрсететін. Ал бүгінде 55-тей адам мұнда келіп ем алады. Жыл өте қызмет көрсету аясы да кеңейген. Қазіргі уақытта орталықта пси­хологиялық, педа­гогикалық, еңбек кабинеттері, мас­саж бөлімдері, қолөнер және вокал үйір­мелері жұмыс істейді.

– Ерекше қажеттіліктері бар бала­ларға бейімдеу орталығы­ның әлеумет­тік педагогтері, медбикелер, массажис­тер қызмет көр­сетеді. Қызмет түр­лері әлеу­меттік қызмет көрсету стан­дар­ты­мен шектеліп қана қоймай, мүм­кіндігі шектеулі жандардың жеке бас мәселелеріне де алаң­дау­шылық білді­ріп отырады. Олар әрқашан көмек қол­дарын созуға әзір, – дейді «Дәрмен» ор­та­лығының жетекшісі Жансая Мұстабекова.

Сонымен қатар орталыққа келген мүмкіндігі шектеулі әр адамға құқықтық, психологиялық кеңестер беріледі. Мерекелік іс-шараларда ақ дастарқан жайылып, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Қамкөңіл жандар­дың көңілдерін көтеру үшін түрлі ойындар ойнатылады. Шектеу ша­раларына байланысты ондай мерекелік басқосулар биыл ғана тоқтап тұр. Бірақ бұл қысылтаяң кезеңде де орталықтың мамандары тыным таппаған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектік санатын онлайн әперу, құжаттарын ресімдеу сынды жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, уақтылы жөндетіп отыруға көмектескен.

Орталықтың Тарбағатай ауда­нында сегіз бөлімшесі жұ­мыс істейді. Олар әлеуметтік тапсырыс аясында аудан­­дағы 80 жал­ғызбас­ты қарт ана­ға арнайы әлеуметтік қызмет көр­сетеді. Одан бөлек, жал­­ғыз тұра­­тын қарияларға да кө­мек көр­сетіледі. Атап айт­сақ, әлеу­меттік қызметкер­лер Гүл­дана Оразғалиева, Асыл­ғай­ша Ықыбаева, Гүлдана Қаб­ды­рахманова 2016 жылдан бас­тап жалғыз тұратын қария­ларға демеу болып, қамқорлық көр­сетіп келеді. Олар қарттардың үй­лерін жуып-шайып, азық-түлік­терін уақ­тылы әкеліп беріп отырады. Ауырып қал­ған жағ­дайда толыққанды ем алуын жауапкершілікпен қадағалайды. Ме­реке-мейрамдарда сый­лық­тарын тапсырып, тұрмыс жағ­дайларына байланысты азық-түлікпен қамтамасыз етеді.

Тағдыр талқысына түскен жандарға қандай көмек көр­сетілсе де аздық етпейді. Олар үшін ең керегі – қоғам­да кем­бағал күй кешпей, мүм­кіндік­тері­не қарай еңбекке, оқу мен білімге араласу. Сон­дық­тан да «Дәрмен» сынды бейім­деу орта­­лықтарында білікті ма­ман­­дар қызмет етіп, қолдан кел­­ген көмектерінен аянып қа­лып отырған жоқ. Орта­лық ма­ман­дарының пікірін­ше, мүм­кіндігі шектеулі әр жан Рус­лан­дай жігерін қайрап, оқы­са, білім алса, еңбек етсе, еш­кім еш­кімнен кем өмір сүрмейді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы