Бизнес • 23 Қараша, 2020

Ешкі сүті – дертке дауа

2051 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлағалы «суға кеткен тал қармайды» дегендей, індеттен арашалап қалатын дауа іздеп жанталасқан жұрттың ешкі сүтіне де ықыласы ауып отыр­ғаны бар.

Ешкі сүті – дертке дауа

Әншейінде назар аудара бермей­тін ешкі сүтіне деген сұраныс күннен-күн­ге көбейіп келеді. Әртүрлі ауру-сыр­қауға ем екені де ежелден бел­гілі. Оның үстіне ешкі – өсімтал түлік. Ілкі­дегі жұрттың «есің кетсе, еш­кі жи» деген сөзі де бекер емес-ау. Об­лыс орталығында тұратын жеке кә­сіпкер Юрий Ротэрмель табыс­тың осы көзін жандандыруға бел буып отыр. Сүті ғана емес, етіне де тұ­т­ы­ну­шылар тарапынан тәп-тәуір сұраныс бар.

Кәсіпкердің есіл-дерті ешкіге ауғаны да бекер емес екен. Бірер жыл бұ­рын ауыр дертке шалдығып, ұзақ уа­қыт сарытап болып төсек тартып жатып қалыпты. Тіпті шетелдің атақ­ты ем­ханаларында да емделген. Түп­тің түбін­де дертіне дауаны өзінің айтуы­на қара­ғанда, ешкінің сүтінен тапқан.

– Қытайда емделгенімде сол жақ­­тың білгір мамандары ешкінің сүтін ішіп көр деп ақыл айтты. Елге орал­ған соң ешкі сүтін ішіп, ауруымнан айық­тым. Бұрын ішіп көрмеп едім, дәмі де тіл үйіретін тәп-тәтті екен. Кейін өзіме ғана емес, ел ішін­дегі ауру-сыр­қау адамдарға шарапаты тисін деп ешкі өсіруге бел будым, – дейді Ю.Ротэрмель.

Түліктің басым бөлігін іргедегі Түменнен тасыпты. Қазір бағымында Алтай, Альпей, Зайна тұқымдары бар. Оның үстіне Моңғолиядан да бірер ешкіні арнайы тапсырыспен алдырыпты. Қазір қожалықтағы мал басы жүзден асқан. Ел құлақтанып, дүмеп келіп жатқан соң, ісінің алға басатынына сенген кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтпек. Алдымен Германиядан ешкі саууға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алмақшы. Келісім де жасалып қойыпты. Жалғыз сүт қана емес, балаларға арнап йогурт та жасамақ.

Биыл кәсіпкер сауын аппаратын сатып алған. Тиімділігі көзге көрініп тұр. Бір мезетте 12 ешкіні қатар сауа алады екен. Өзінің бағамдауына қарағанда, тым қымбат та емес, 1 200 000 теңге. Ісі оңы­нан оңғарылса, шығыны аз уақыттың ішінде қайтып оралмақ. Қазір ешкі сүтін орталық базарларда сатып жүр. Таңсық тағамға алғашында тосырқай қараған халық бұл күнде кәсіпкер ешкі сүтін қашан әкеледі екен деп елеңдеп жүр.

Әуелі өзіне, сосын халыққа шарапаты тиіп тұрған шаруаның терістігі жоқ-ау. Ауылдағы ағайын да кәсіптің осы бір түрінен құлақтанып, қолға алып қарекет етсе, кәнеки!

 

Көкшетау