Таным • 23 Қараша, 2020

«Жат элемент» атанған жастар Жоғары оқу орнынан шығарылып, қудалауға ұшырағандар кімдер еді?

244 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында Кеңес өкіметі қоғамды қайта құрудың бағдарламасын жасақтап, білім беру ісіне, мәдениет пен ғылым мәселелеріне көңіл бөлді. Алайда сол тұста ел тұрғындарының басым көпшілігі не оқи, не жаза алмады. Халық шаруашылығының әр саласында маман-кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілді. Білікті, оқыған мамандардың тапшылығы барлық жерде, атап айтқанда, материалдық-өндіріс, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымдар саласында ерекше байқалды.

«Жат элемент» атанған жастар Жоғары оқу орнынан шығарылып, қудалауға ұшырағандар кімдер еді?

Қазақстанда экономика мен мәде­ниеттің білікті маман-кадрларға сұраныс­тың өсуі толыққанды жоғары оқу орындарын ашуға ерекше ықпал етті. Сондықтан 1928 жылы Алматыда педагогикалық, 1929 жылы малдәрігерлік, 1930 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы, 1931 жылы медицина, 1931-1932 жылдары Орал және Қызылорда педагогикалық институттары ашылды. Республиканың мәдени өмірін­де 1934 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ашылуы ерекше орын алды. Қазақстанның жоғары оқу орындары мен техникумдарының даму деңгейі жоғары болғанымен, ха­лық шаруашылығының кадр жөніндегі қажеттілігін қанағаттандыра алмады. Өйт­кені олардың көпшілігі әлі қалыптасу сатысында, кейбіреулері мүлде шағын болатын.

Бастапқы кезеңде жоғары мектептің ең өткір әрі шешілмеген проблемасы­ның бірі – профессор-оқытушылар мен студенттер құрамындағы қазақтардың аздығы. Шындығында, Кеңес өкіметі білім беру мәселесін бірсыдырғы шешті. Алайда процестің маңызды жағын жойдасыз саясаттандырып жіберді. Тәрбие мен оқытудың басты тармағына партиялық-таптық принципті қойды. Сөйтіп алғашқы бесжылдықта «Кадрлар бәрін шешеді» деген ұранды науқанның қызған кезінде жастар мен комсомолдар білім алуға ұм­тылушылардың алдыңғы легінде болды. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов ұлт болашағы оқыған зиялылардың қолында екенін айта келіп, оқыған адамның ұлт­қа қызмет қылуын: «...Қазақты тура жол­­ға бастайтын да, адастыратын да – оқы­ғандар. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті оқығанынан күтеді. Оқыған адам қара халықтың идеалы (шырағы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығаны түсіну керек, халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жара­маған оқыған халықтың ықыласын қа­йырады, көңілін қайтарады. Халықты өзі­нен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді», деген еді.

1925-1933 жылдары Қазақ өлке­сін басқарған Ф.Голощекиннің тұсын­да республикада аласапыран қуда­лау нау­­­қаны басталды. Үкімет басын­да отыр­­­ған қазақ зиялыларын «сәдуа­қа­сов­­­щина», «меңдешевщина», «қожа­нов­­щина» сияқты жікке бөлу, ірі бай­лар­­дың, жартылай феодалдардың ша­руа­­­шылығын тәркілеу, жер аудару, күштеп ұжымдастыру, қоғамға «жат элементтерді» іздеу сияқты қит­ұрқы нау­қандар өріс алды. Сол нау­қан­шыл қызыл ұранның аясында жүргі­зілген жоғары оқу орындарынан «жат эле­менттерді» іздестіру әрекеті де тарихы­мыздың ақтаңдақ беттерінің біріне айналды.

Әкімшілдік-әміршілдік жүйе білім саласын да идеологияландырды. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, оқу­лықтар, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқына сталинизмнің жаттанды догмаларын сіңірді. 1929 жылы КСРО-ның барлық аумағындағы жоғары оқу орындарында оқитын қа­зақ студенттеріне «жат элементтер» ре­тінде айдар тағылып, оқудан шығару нау­қаны бір мезгілде жүргізілуінің өзі сан түрлі ойға жетелейтіні сөзсіз. Оқу­дан шығару мәселесі жоғары оқу орындары орналасқан қалалардағы қазақ жас­тарының жерлестік ұйымдарының жиналыстарында қаралды. Қазақ студенттерін оқудан шығару жөнінде құрылған комиссиялар жұмыс істеді.

Бұған Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Архивінің қорында сақталған құжаттарды дәлел ретінде алға тартуға бо­лады. Мысалы, 141-қорда сақталған №1 хаттамада көрсетілгендей, 1929 жыл­­дың бірінші ақпанында Ташкенттегі Орта Азия университетінде 263 студент қаты­сқан жиналыс өткен. Жиналысқа Қазанғапов төрағалық етіп, хатшысы Рамазанов болған. Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе – Кеңес өкіметіне «жат элемент» студенттерді жоғары оқу орнынан шығару. Жиналыстың бары­сында Орта Азия университетінен Х.Ақ­паев, Х.Исатаев, И.Дусетов, А.Асан­­беков, А.Сейдалин, Х.Қаратаев, Тұр­сынов, Бөкейханов (Алаш көсемі Әли­хан Бөкейханмен шатастырмау керек – Ред.), Р.Қойайдаров, С.Қаш­қынбаев, Н.Сұлтангереев, М.Бу­рал­кинев, Қ.Ақпаев сияқты студенттерді «жат элемент» өкілі санап, жоғары оқу орнынан шығару туралы шешім қабылданған (Қа­зақстан Республикасы Президенті Архиві (ҚР ПА) 141-қор, 1-тізбе, 2248-іс, 86-п).

Комиссия бір қызығы, Х.Досмұха­медовтің осы университетте оқып жүр­ген студент қызын оқуда қалдыруға ше­шім қабылдаған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс,135-п). Бұл шешімге кей­­бір студент­тер өз наразылығын ашық білдіргені хаттамада көрсетілген. Мы­­салы, оқудан шығарылған «жат эле­­мент» Х.Исатаев жиналыста сөз сөй­­­­леп: «Менің пікірім бойынша ко­ми­с­­сияның біздерге қатысты шығар­ған шешіміне және бізді оқудан шы­ғаруына келіспеймін. Келіспейтін се­бебім, комиссия өз тарапынан Кеңес өкіметінің жауы болған, алашордашы­ларды қорғаушы, Алаш Орданың Батыс бөлімшесін басқарғандардың бірі Халел Досмұхамедовтің қызы Рабиға неге оқу­дан шығарылмайды» деп өзінің пікірін ашық білдірген. Бұл пікірді студент Бө­кейханов та қолдаған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс,87-п).

Бұл кезде Рабиға Халелқызы Орта Азия университетінің медицина факуль­тетінде оқитын еді. Ол үшінші курста оқып жүргенде әкесі жұмыс бабымен Алматы қаласына ауысады. Әке­сі бір жылдан кейін қызын оқудан шыға­рып, өзінің қасына алдырады. Рабиға Ал­матыда медициналық арнайы оқу орны болмағаннан кейін Қазақ педагогикалық институтының биология факультетіне оқуға түсті.

Бұл науқан Мәскеу қаласында білім алып жүрген қазақ студенттерін де ай­на­­лып өтпеген. Архивте сақталған құ­­жат­­тарды сараласақ, төмендегідей жайт­­тың куәсі боламыз. 1929 жылдың 22 ақ­па­нында «жат элементтер» ретінде Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орында­рын қазақ студенттерінен тазарту, яғни оқудан шығару комиссиясының отырысы өткен. Комиссия құрамында Қ.Таш­титов, Қожақаев, Мүсіралиев, Сизонов және хатшысы М.Дәулетқалиев бол­ған. Қ.Таштитов кейін Қазақстан Орта­лық комсомол комитетінің бірінші хат­­шы­сы лауазымын атқарған. 1930 жы­лы Мәскеудегі Свердлов атында­ғы ком­му­нис­тік университетті бітірген. Ал М.Дәу­­­лет­қалиев – қоғам қайраткері, 30-жыл­­дардың басында ашаршылықтың қа­­зақ хал­қына әкелген зардабын жеңіл­де­ту үшін тәуекелге бел буып, батыл әре­­кет­­ке барған бесеудің бірі. Ол халық ша­руа­шылығы институтын 1930 жылы бітірген.

Оқудан шығарылған студенттердің қатарында Б.Атшыбаев та бар (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс,61-п). Ол 1923 жылы Тау-кен академиясына (қа­зіргі Губкин атындағы мұнай институты) оқуға түскен. Бірінші курсты аяқ­тап, маман-кадрлардың жетіспеушілігі­нен оқудан қол үзіп, 1923-1928 жылдары Мәскеудегі «Сантонин» тресін­де Іс жүр­гізу бөлімінің меңгерушісі, «АРОСПО» акционерлік қоғамында тек­серу комиссиясының мүшесі, «Каз­край­союздың» Мәскеу өкілдігінде эко­­номикалық тексеруші, РКФСР Жо­ғары сотында аудармашы болып жұ­мыс істеді. 1928 жылы Тау-кен акаде­миясының мұнай факультетінің геология бөлімшесіне оқуға түсті. Комиссия Б.Ат­шыбаевтың «өмір бойы студент» ре­тінде жүргенін, 1923 жылдан осы оқу ор­нының студенті екенін, 2-курс­та әлі «отырғанын» ерекше атап өтеді. Қа­зақстанның жоғары білімді маман-кадр­ларға өте зәрулігіне қарамастан, оны «алашордашы», «жат элемент» де­ген айыппен кен академиясынан оқу­дан шығарады. Оқудан қуылған Б.Ат­шыбаев Гурьев (Атырау) қаласына келіп, «Ембімұнай» тресіне қарасты геология-барлау кеңсесінде геолог, ке­йін далалық геологиялық-картировка сек­циясының меңгерушісі болып істеді.

Ал комиссия отырысының 24 ақ­пан­дағы хаттамасы негізінде 3-курстан М.Қал­­­менов, С.Бөкейханов бастаған 18 студент оқудан шығарылған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс, 62-п). М.Қалменов – халқымыздың қайраткер ұлдарының бірі, патшалық Ресейдің І Думасына депутат болған Алпысбай Қалменов­тің баласы. Кейін 1933 жылы Мәскеу­ден кен инженері мамандығын алған ол Қиыр Шығысқа жолдамамен жіберіледі. Осында өндірістік жұмыста жүргенде үстіне тас құлап, қайтыс болады. Бұл әулеттің ұрпақтары ұзақ жыл бойы қу­ғын-сүргінге ұшырап, қудалауға түсті.

Язязит (архив құжатында осылай аталады, Баязит болуы керек) Өтеғалиұлы Ибрагимов 1927 жылы Тимирязов атын­дағы ауыл шаруашылығы академиясының агрономия факультетіне оқуға түскен. Комсомол қатарына өткен, мемлекеттік стипендия алып тұрған (ҚР ПА,141-қор, 1-тізбе, 2248-іс, 2-п). НКВД-ның қырағы қызметкерлері оның шын тегі Танашев екендігін, әкесі патша заманында балық өнеркәсібіндегі ірі кәсіпкердің бірі бол­ғанын анықтаған. Кезінде Танашевтер әулеті Бөкей Ордасы аумағына ғана емес, Ресей империясына да танылған еді. Қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі М.Шомбалов әулетінен, осы акаде­мияның студенті Тайыр Шомбалов та оқу­дан аластатылды.

Мәскеу мемлекеттік университетінен Тұяқ Қайбалдин, ал Сержан Шонанов халық шаруашылығы институтындағы оқуынан шығарылды (ҚР ПА 141-қор, 1-тізбе, 920-іс). Саратов ауыл ша­руа­­шылығы институтында оқыған Ш.Кү­сеп­­қалиев та «жат элементтің баласы» ретінде оқудан қуылды. Оның әке­сі Дәу­­летше Күсепқалиев жоғары бі­лім­ді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Ба­тыс Алаш Орда қайраткері еді. Атақ­ты Нұр­алы ханның ұрпағы болатын. 1928 жылғы күзде «жартылай феодал» ре­тінде тәркілеуге ұшырағаны туралы құ­жат жоғарыда аталған архив қорында сақталған.

«Жат элемент», «алашордашыл» деген айдар тағылып, қуғындалған бұл аза­маттардың көпшілігінің тағдыры қай­­ғылы аяқталды. Себебі оларды алда қа­сі­­­ретті 1937-1938 жылдардың зұлматы кү­тіп тұр еді.

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

 

Атырау облысы