Руханият • 23 Қараша, 2020

Қазақтар жасаған алып әуе шары

1330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытай елінде қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп отырған аса дарынды қандастарымыз бар. Атажұрттан жырақта қоныстанса да, бұл ағайындарымыздың мерейімізді тасытып, рухымызды оятатын ерен тірліктері көп. Мәселен, Ақсай қазақтары жасаған алып әуе шары.

Қазақтар жасаған алып әуе шары

Бұл шар қалай пайда болды? 2017 жылы 12 тамызда Қытай еліндегі Іле, Алтай Тарбағатай сынды үш аймақтан тұратын Іле-қазақ автономия­лы облысынан тыс, Санжы облысындағы Мори Қазақ автономиялы ауданы, Құмыл аймағындағы Баркөл-қазақ автономиялы ауданы және Гансу өлкесінің Сорбұлақ (Жючуан) аймағындағы Ақсай-қазақ автономиялы ауданы дейтін «Үш Қазақ автономиялы ауданның төртінші ұлттық салт-сана, ақындар айтысы, ат ойындары» мерекесінің екінші кезеңі Ақсай ауданында өтіп жатты. Үш Қа­зақ автономиялы ауданның ұйымдасуындағы, Ақсай-қазақ автономиялы ауданының үкі­меті өткізіп жатқан осынау ме­­рекеде «Халықаралық ре­кордтар кітабына» енген «Әлем­­дегі ең үлкен қазақ киіз үйінің әуе шары» деп аталатын суреттегідей әдемі әуе шары ас­панға көтерілді.

Ұлттық бірегейлігімізді ас­қақ­татқан осынау ақжолтай ақ­­паратқа қол жеткізуімізге эт­но­граф тарихшы, қаламгер ба­­уырымыз Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы селбесіп отыр.

Қазірге дейін бұл «әлемдегі жалғыз әрі ең үлкен киіз үй бей­нелі әуе шары» болып сана­лады. Оны жасауға халықаралық дең­­гейдегі әуе шарын жасау ше­бері жарты жылға жуық уа­қыт жұмсаған.

Бұл әуе шарының диаметрі – 21 метр, биіктігі – 23 метр, кө­ле­мі 2800 текше метрді құрай­ды.

Киіз үй әуе шарын жасап ұшы­рудағы мақсат жайлы Ақ­сай-қазақ автономиялы ауда­­нының ұлтжанды азаматта­ры бұл жасампаздықтарының «сая­хатшыларды көптеп тарту­дың жолы екенін, киіз үй сияқ­ты қазақ мәдениетінің жауһар­ларын заманауи салаларда түр­­лендіріп асқақтатуға болатынын, әуе спорт­тарын қолдау, көтермелеу»  керек екенін айтып жеткізді.

– Шара барысында халық­­аралық рекордтар қауым­дас­ты­ғының адамдары арнайы келіп мерекеде қонақ болды.  Ақ­сай ауданы Тибет үстіртінің солтүстік жиегіндегі Шөлен тауының бауырына орналасқан. Оңтүстігі күрделі мұзтаулардан, солтүстігі шөлді далалардан тұ­рады. Аудан жерінің таби­ғаты туризмге аса қолайлы болма­ға­нымен, аудан үкіметі қазақтың ұлттық мәде­ниетін көтеру арқылы саяхатшыларды көптеп тартып отыр.  Бұл жолғы шарада қазақтың киіз үйін бейнелейтін осындай әдемі әуе шарымен қатар, Еуропа елдері мен Қы­тай­дың әлемдік әуе шары байқауларында топ жарған өз­геше стильдегі әуе шарлары да қа­тар ұшырылып мерекенің сә­нін асырды. Қазақтың не­ше жүздеген өнерпаз қыз-жігіт­тері ұлттық әуе шарымыз ұшырылған сәтте, оның астындағы алаңда бытырай отырып бір тегіс күй тартты, қаражорға биін биледі, – дейді Көкбөрі Мүбарак.

 

АЛМАТЫ