Конгрестің алғашқы екі күнінде блокчейн технологиясы, Үлкен Еуразия, дүниежүзілік дағдарыс, экономика, сауда, инвестицияның өзекті мәселелері көтеріліп, Жібек жолы бойындағы елдердің қала мэрлерінің форумы өтті. Ал шараның соңғы күні Университеттердің жаһандық конгресіне жиналған отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, ғылым академияларының, ЮНЕСКО және білім беру қорларының өкілдері білім және ғылым саласының бүгінгі ахуалын, саладағы мүмкіндіктер мен БҰҰ-ның 2030 жылға арналған Тұрақты даму мақсаттарының жүзеге асуына жастардың қосатын үлесін талқылады. Шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ден астам жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.
Шара барысында G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков G-Global тұрақты ұйымдастыру комитетін құруды ұсынды. «Екі күннің қорытындысы бойынша Сіздерге осы шараны өткізу мақсатында тұрақты жұмыс істейтін ұйымдастыру комитетін құруды ұсынғым келеді. Жылына бір рет осы уақытта жыл сайын G-Global алаңы мен әріптестеріміздің платформасын пайдалана отырып, іс-шарамызды бірлесіп өткізуге ниеттіміз. Осы конгресс өткен e-forum.net инновациялық платформасы тиімділігін көрсетті. Ең бастысы, екі күндік талқылаулардан кейін халықтық дипломатияның осындай институттарын құру қажет деген сенім пайда болды. Бүгінгі таңда әлемде мемлекеттік дипломатия мен мемлекетаралық дипломатия – Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азия даму банкі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Енді бізге үшінші тірек – қоғамдық дипломатия керек. Бұл процесс қазір белең алып жатыр», деді С.Нөгербеков.
Хатшылық басшысы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың G-Global құру жөніндегі бастамасын БҰҰ Бас Ассамблеясы екі рет – 2012 және 2013 жылдары қолдағанын еске салды. G-Global жобасын 103 мемлекет қолдайды. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі G-Global-ға әлемдік қаржы саясаты мәселелерін шешудің ең беделді платформасы ретінде сенім білдіреді. Сондай-ақ басқа халықаралық ұйымдар бұл жобаны Азия мен Еуропа арасындағы коммуникациялық платформа ретінде жоғары бағалайды.
«G-Global. XXI ғасырдағы әлем» пленарлық отырысында сөз алған Армения президенті Армен Саркисян конгресс қатысушыларын шын жүректен құттықтап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы жаңа жоба құруға әсер еткенін мәлімдеді.
«Нұрсұлтан Әбішұлының Еуразиялық серіктестік құру туралы бастамасын жария еткен күндер жақсы есімде. Еуразиялық экономикалық одақ аймақтық саясат, сауда мен мәдениеттің дамуына үлес қосып келеді. G-Global жобасының бүгінгі жағдайға толық жауап беретін алаң екенін атап өткім келеді. Өйткені дүниежүзі бетпе-бет келген белгісіз қауіптер саны азаяр емес. Оның қатарына әлемді жаулаған індет пен экономикалық дағдарысты, бірполярлы әлемнің көпполярлы бағытқа ауысуын жатқызуға болады. Аймақтағы мемлекеттер алдындағы міндеттер ортақ шешімді қажет етеді. Сол себепті ежелгі Ұлы Жібек жолы идеясын өте өзекті деп есептеймін. G-Global алаңы әлемнің немесе Еуразия аймағының сауда және экономикалық дамуына ғана емес, рухани баюына септігін тигізеді деген ойдамын», деді Армения президенті.
Конгресте сөз алған мәртебелі шетелдік қонақтардың бірі Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар әлемдегі ахуал мен дағдарыстың салдарына тоқталды.
«Қазір әлемде коронавирус індетінің екінші толқынымен байланысты алаңдаушылық көп. Алдағы жылдарға арналған болжамдар да көңіл көншітпейді. Алда бізді ұзақ әрі күрделі қайта қалыпқа келу процесі күтіп тұр. Дағдарыстың салдары әлемдік экономикаға ұзақ мерзімде әсер ететініне көзіміз жетті. Пандемиядан кейін көптеген мәселеге және олардың шешіміне жаңа тәсілмен келуіміз керек. Сын-тегеуріндерді басқаша шешуіміз керек. Күн тәртібінде экономикадан бөлек, әлеуметтік және ұлттық қауіпсіздікке қатысты өзге де проблемалар тұр», деп атап өтті Бандар Хаджар. G-Global аясында алдағы уақытта Ұлы Жібек жолы жаһандық сыйлығы беріледі. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық клубтың президенті, «G-Global. XXI ғасырдағы әлем» Халықаралық конгресінің халықаралық хатшылығының бірінші орынбасары Мұрат Қарымсақов мәлімдеді. «Бұл бастама 2019 жылы 40 мемлекеттің көшбасшылары қатысқан Халықаралық форумда қолдау тапты. Сол себепті қала мэрлерінің форумында Ұлы Жібек жолы Жаһандық сыйлығын бекіту жөніндегі ұйымдастыру комитетін құру бастамасын көтердік. Қала мэрлерінің келесі халықаралық форумына дейін жаһандық сыйлықты табыстау шарасын ұйымдастыру жолында белсенді жұмыс жүргізуге шақырамыз. Ол форум 2021 жылы Бейжіңде өтеді», деді Мұрат Қарымсақов.
Төрт тілде өткен онлайн конгреске барлығы 5 мыңға жуық адам қатысқан.