Аймақтар • 23 Қараша, 2020

Азық-түлік қымбаттады

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақ­тан­дыру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, көпшілік үшін аса қажетті азық-түлік бағалары қымбаттағаны байқалуда. Өңірлік ком­му­никациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жандос Жақыпов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларына тоқталды.

Азық-түлік қымбаттады

– Бидай бағасының тұрақсыздығы кейбір азық-түлік бағаларының өзге­руіне әсер етуде. Баға көтерілмеуі үшін бұрынғыдай бидайдың мемле­кет­тік қорын жинақтау жолын қарастыру қа­жет, – деді ол.

 Қазіргідей қауіпті індет қос бүйір­ден қысып тұрған уақытта көпшілік үшін күнделікті тұтынатын тауар баға­сы­ның тұрақтылығы өте маңызды. Өкінішке қарай, бір жыл ішінде қа­ра­құмық – 33 пайызға, өсімдік майы – 13,9,  сәбіз – 14,9, картоп – 16,1 пайызға, сары май бағасы – 11,5 па­йыз­ға қымбаттаған. Осылайша аталған өнімдердің жылдық өсім динамикасы инфляцияға ұшырады.

Өткен аптада ғана тауық жұмырт­қасы – 2,1, күнбағыс майы 1,9 және қы­рық­­қабат бағасы 1,2 пайызға көте­ріл­ген. Тауар бағалары не себепті қым­­баттағанға келер болсақ, бұған сырт­қы нарықтағы күнбағыс дәні, қырық­қабат және тауық жұмыртқасы сияқ­ты тауарлардың импорты әсер еткен. Жергілікті тұрғындардың әлеу­мет­­тік жағдайын ескере отырып, облыс орталығындағы 12 сауда орнында әлеу­мет­тік сөрелер арнайы ашылған. Бұл жер­де азық-түлік бағасы арзан бағада саудаланады.

Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы 7 дүңгіршек тұрақты жұмыс істейді. Мұнда жыл басынан бері халыққа 11 әлеуметтік тауар түрі нарық бағасының 8-20 пайызға төмен бағада берілген. Саудаланған тауарлардың жалпы көлемі 954,3 тоннаны құрайды.

Бүгінде облыстағы тұрақтандыру қорының қоймасында 2273,6 тонна әлеуметтік азық-түлік тауары бар. Қоймадағы азық-түлік тұрғындарды қамтамасыз етуге арналған. Оның ішінде форвардтық келісім бойынша 320 тонна  нан, 398 мың дана тауық жұмыртқасы, 3,2 тонна тұз, 700 тонна қант, 22 тонна тауық еті, 10 тонна сүт, сондай-ақ 428,3 тонна картоп, 332 тонна пияз және 191 тонна сәбіз босатылатын болады.

 – Қазіргі кезде тұрақтандыру қор­ы­н­ың есебінде 837,3 миллион теңге қаражат бар. Оның 154 миллион теңгесін қараша айынан бастап айналымға қосып, сауда желілері мен тауар өндірушілерге несие ретінде беріп отырмыз. Қазір коронавирус індеті халықты қыспаққа алуда. Сондықтан да  қиын кезде қарапайым тұрғындарға салмақ түспеу үшін бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу керек. Бұл мақсатта Тараз қаласының негізгі 12 ірі сауда орнында бағаларды мониторингілейтін 4 мобильдік топ жасақталды, – дейді Жандос Жақыпов.

 

Жамбыл облысы