Қылышын сүйретіп қыс келгенде қамданбай жүрудің соңы қайғы-қасіретке, өкініш пен опынуға алып келмей қоймайды. Оған – тәртіп сақшыларының жылдар бойғы жұмыс тәжірибесі куә. Елімізде тіркелетін жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі де енжарлардың кесірінен орын алатын көрінеді. Полиция қызметкерлері осы мәселе туралы жұртшылықты құлақтандырудай-ақ құлақтандырып жатқанымен, оқыс оқиғалар саны азаймай тұр. Сақтанбай жүріп сан соғып қалғандар көп. Сондықтан еліміздің Ішкі істер министрлігі ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолаушылар мен көлік жүргізушілерін елді мекен аумағынан шығуды тоқтата тұру қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ ауа райы болжамы мен жабылған жолдар туралы ақпаратты үнемі қадағалап отыру қажет.
«Автокөліктерді қыс мезгілінде пайдаланудың бірқатар ерекшелігі бар. Бұл ең алдымен ауа райы жағдайымен байланысты. Қазақстанның күрт құбылмалы ауа райын ескеретін болсақ, күн райы қысқа мерзімде өзгеріп кетуі әбден ықтимал. Сол себепті жүргізушілер мұндай жағдайларға үнемі дайын болуы керек. Мәселен, еліміздің орталық, солтүстік және батыс өңірлеріне ұйтқыған боран мен қарлы бұрқасын, көктайғақ тән. Соның салдарынан кей жағдайда ауа райының қалыпқа келуіне не болмаса автокөлік жолдарының толық тазалануына дейін қозғалысты ұзақ уақыт шектеуге тура келеді», деп отыр Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
Оның айтуынша, еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлеріндегі таулы аймақтарға қалың қар мен тұманның кесірінен жолдың көрінбеу кездері тән көрінеді. Сондықтан өз өңірлерінің ерекшеліктерін білетін көлік жүргізушілері күн райының күрт бұзылуына байланысты ауа райын болжаушылардың құлақтандыруына және құтқару қызметінің SMS хабарландыруларына дұрыс әрекет етуі қажет. Бұдан арғы сапарларын осы ескертулер мен қамданған әрекеттеріне қарай жоспарлаулары керек.
«Жол үстінде қолайсыз күн райына тап бола қалған жағдайда жақын жердегі елді мекенге жетіп алып, күннің айыққанын күткен жөн болады. Ал егер жолда жайсыз ауа райына тап болып, жағдайдың түзелуін көлікте күтуге мәжбүр болған болсаңыз, бірден құтқару қызметіне хабарласуыңыз қажет. Құтқарушыларға өзіңіздің нақты орналасқан жеріңізді көрсетіп, олардың келуін күткеніңіз дұрыс. Мәселен, осы жылғы қараша айының өзінде күн райының бұзылуына байланысты аймақтарда автокөлік қозғалысы 7 мәрте шектетілді. Соның негізгі себептерінің бірі – көктайғақ. Өткен 2019 жылы ауа райының бұзылуына байланысты осындай шектеулер 985 рет жасалды», дейді полиция қызметкері.
Қыс мерзіміндегі маңызды мәселенің бірі – автокөліктерді пайдаланудың маусымдық әзірлігі. Ең алдымен, салғырттыққа салынбай жазғы доңғалақтарды уақтылы қысқы доңғалақтарға ауыстыру керек. Қысқы доңғалақты уақтылы ауыстыру – автокөліктің қалыпты жүруіне, оңай басқарылуына және жолаушылар мен көлік жүргізушісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тікенекті және үйкелісті доңғалақты таңдау кезінде оны қолдану шарттары мен нақты аймақтың ауа райы ерекшелігіне мән берген жөн.
Сонымен қатар сыртқы жарық шашу құралдарына, автокөлікті жылыту жүйесіне, терезе жуғышқа көңіл бөлу керек. Аккумуляторды тексеріп, қажет болған жағдайда жаңасын орнату қажет. Осы аталғандардың қалыпты жұмысы автокөлік қозғалысының жайлылығы мен қауіпсіздігіне, жол үстінің көрінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ сапар барысындағы қандай да бір тәуекелдерді болдырмайды.
«Дизель отынымен жүретін және жолаушылар мен жүк тасымалына негізделген автокөліктерді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Мұндай көліктердің жүргізушілері алда-жалда жолда қалып қоймас үшін маусымына сай жанар-жағар май құйып тұрулары қажет. Қала аумағынан тыс құтқару жұмыстарының басым көпшілігі қысқы дизель отынының орнына жазғыны құйған автобус және жүк көлігі жүргізушілері мен жолаушыларын эвакуациялаумен байланысты. Төмен ауа температурасы кезінде жазғы дизель отыны қатып қалады. Соның салдарынан автокөлік бет алған бағытына қарай жүрісін жалғастыра алмайды», деп отыр С.Түсіпов.
Қыс мезгілі келгенде ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері сырғуға қарсы тіреуіш құрылғыларын үнемі өзімен бірге алып жүрулері керек. Бұл құрылғылар автокөліктің өз еркімен жылжуына, сырғуына жол бермейді. Әсіресе, сырғуға қарсы тіреуіш құрылғылары жүк көлігі тауға не болмаса өрге көтеріліп бара жатқан кезінде міндетті түрде болуы тиіс.
Автокөліктерді қыс мезгілінде пайдаланудың енді бір ерекшелігі – қауіпсіз қозғала білу саналады. Ең алдымен қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдау қажет. Себебі, қыс мезгілінде доңғалақтың жол үсті жабынымен үйкелісі өзгереді. Сондықтан тежеуішті басқан кездегі автокөліктің сырғанау қашықтығы ұзарады, көлікті басқару параметрлері түрленеді. Тиісінше, қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдамау мен автокөлікті тиімсіз тежеудің, көліктің басқаруға келмеуінің кесірі жол-көлік оқиғасының орын алуына себепкер болады. Қозғалыс барысында қандай да бір қауіпсіз әрекет ету (маневр) үшін автокөліктер арасындағы қашықтықты және бүйірдегі арқашықтықты сақтай білу қажет. Бұл да тежеуішті басқан кездегі автокөліктің сырғанау қашықтығына, көлікті басқару параметрлеріне әсер етеді.
Автокөліктерді қыс мезгілінде пайдаланудың тағы бір ерекшелігі бар. Мәселен, жол үстінде бұған дейін жүріп өткен автокөліктердің доңғалақтары қалдырған сорап (колея) пайда болуы мүмкін. Одан бөлек, қардағы із қалыңдап, омбы қар мен жол жиегіндегі күртік қардың кесірінен әдеттегі жалпақ жолдар жіңішкеріп кетіп жатады. Осының барлығы қозғалыс режіміне, қауіпсіз әрекет етуге кедергі келтіреді. Қозғалыс қарқыны бәсеңдеп, жолдарда жүру мүмкіндігі азаяды. Сондықтан автокөлік жүргізушілері қыс мезгілінде жол-көлік оқиғаларына тап болмау үшін аталған факторлардың барлығын ескерулері керек.
Осы жылдың қараша айынан бері ел аумағындағы жолдарда 406 жол-көлік оқиғасы тіркеліп үлгерді. Осы оқиғалардың салдарынан 92 адам көз жұмып, 472 адам түрлі жарақат алды. Сонымен қатар тек автокөліктерге ғана зиян келіп, салдары материалдық шығынға ұласқан 3000-ға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр. Сол себепті еліміздің құқық қорғау органдары автокөлік жүргізушілерін күн райын ескеруге, автокөлікті тиісті техникалық жағдайда ұстауға, жазғы доңғалақтарды уақтылы қысқыға ауыстыруға шақырады. Сондай-ақ қыс мезгілінде жазғы доңғалақпен жүрген автокөлік жүргізушілері үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл ретінде әкімшілік жаза қарастырылған.
Полиция қызметкерлері қала аумағынан тыс, алыс елді мекендерге сапарлауды жоспарлап отырған жүргізушілерге өзімен бірге тіреу тросын, күрегін алып жүруге кеңес береді. Ал ауыр жүк көліктері мен автобустар үшін сырғанаудан сақтайтын шынжырлары болған жөн. Ауыстырып киюге болатын жылы киім, жылы аяқкиім, басы артық жанар-жағар май алып жүру де артық етпейді.
«Бұл ретте жаяу жүргіншілерді де құлақтандыра кеткен жөн болатын шығар. Мәселен, қыс мезгілінде күн қысқарып, түн ұзаратыны белгілі. Тиісінше, автокөлік жүргізушілерінің анық көру мүмкіншілігі азаяды. Сондай-ақ қар мен мұздың кесірінен тежеуішті басқан кездегі автокөліктің сырғанау қашықтығы ұзара түседі. Сондықтан жолды тек арнайы жабдықталған жерінде ғана кесіп өту қажет. Жаяу жүргіншілер жолағымен, көше қиылыстарымен жүрмес бұрын автокөлік жүргізушісінің сізге жол берген сәтін күткен жөн болады. Осындай қарапайым ережелерді сақтай отырып жаяу жүргіншілер қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ете алады», дейді С.Түсіпов.