Руханият • 23 Қараша, 2020

Қорғалжынның қазынасы

686 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел танығысы келген адамдардың назарын аударатын дүние – жалғыз тамылжыған табиғат қана емес, өлкенің сырт көзге сан ғасырдан бері беймәлім болып жатқан, қойнауындағы тарихи, рухани байлығын уақыт шымылдығы көлегейлеген көне көмбесі.

Қорғалжынның қазынасы

Сулы, нулы Қорғалжынның әр белесі, әр төбесі ел тарихының шым­шымдаған сырын бүгіп жат­қандығы ақиқат. Назар салып із­деген адам сан түрлі қазынаға жолығар еді. Сөйлете қалсаңыз көз ұшы жетер кеңістікте көне за­маннан қалған тарихи жәдігер тұнып тұр. Өркендеу орта мек­тебінің дене тәрбиесі пәнінің мұ­ғалімі Самат Мамырайымов туған топырақтағы тағылымды іздерді іздеуден жалыққан емес. Жал­ғыз өзі ғана емес, шәкірттерін де ел тарихына мелтектетіп, жас өрендерге туған жердің сан ал­уан сырын қыздар тіккен кес­тедей мөлдіретіп құюда. Шер­леніп аққан Нұра өзенінің қос қапталындағы лүп еткен самал жел­мен күңіренген, уақыт табынан тозған көне мазарлар мен сан алуан жәдігерлерді тауып, өлкенің өткеніне көз жүгіртеді, деректерін жинайды, аңызын қағазға түсіріп қаттайды.

– Біздің ауылдың тұсынан Абылай ханның қара жолы басып өткен, – дейді өлкетанушы ұс­таз Самат Мамырайымов, – қара жолдың бойы тұнған дерек. Тек сезінетін зерек көңіл, індете іздейтін ынтызар ниет керек. Ауыл туризмін осындай қазынамен бай­ланыстырып дамытуға мол мүм­кіндік бар. Егер бар жайды жақсы білетін болса, әрбір жас­тың жан жүре­гін­де өзі туған өл­кенің өткенін мақ­таныш ететін пер­зенттік се­зім қалыптаспай ма? Егер ел құ­лақ­танса іздеп келіп көз суа­рып, көңіл тербететін азамат­тар­дың болатындығы шүбә ту­ғызбайды. Мәселен, Қаныкей ана мазарының тарихы сонау ХVІІ ғасырдан басталады екен. Жоңғар шапқыншылығына қар­сы ақ найзасын қолына алып күрес­кен жаужүрек аталарымызбен үзеңгі қағыстырып жорыққа бірге шыққан батыр ана жайлы аңызға айналған әңгіме көп.

Сондай аңыздың бірінде батыр ана Қорғалжын бойына қаптай келіп елді қапыда бас­қанда бойжеткенді қорлап, күң еткісі келген жоңғар батырын ал­мас қанжарымен жарып өлтір­ген деседі. Міне, қазақ әйе­лінің бойындағы қайрат пен ерлік. Мұндай қасиет жалпы қазақ қыз­­дарының бойынан табыл­ған­дығына тарих куә.

Өткеннің өрнекті іздері соқпақ бойында сайрап жатқан Өркендеу ауылы туризмді дамытуға өте қолайлы жер. Өлкетанушы ұстаз бастамасын баянды ету жолында арнайы бағдарлама да жасапты. Жас ұрпақты Отан сүюге тәрбиелейтін тарихи тағылыммен қоса, бұл өлкенің табиғаты да көрікті. Ендеше ауыл туризмінің ауқымы кеңейе беретіндігіне кү­мән жоқ.

 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы