Аймақтар • 23 Қараша, 2020

Қолды болған гараж

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлдың ұрылары ұсақ-түйекті қойып, абажадай темір гараждың өзін тапа-тал түсте ұрлап кетіпті, - деп жазады Egemen.kz

Қолды болған гараж

Қаланың солтүстігіндегі Жуков көшесінің бойында тұрған бұл темір гаражды иесі тек құрылыс материалдарын сақтауға пайдаланады екен. Демек, оны тек анда-санда ғана ашатынын сұңғыла ұры бағып жүрген. Сосын бір күні кран-манипуляторы бар жүк машинасын жалдап, гаражды тік көтеріп алып кеткен. Құтты «Берегись автомобиля!» деген кинодағыдай. Бірақ бұл ұры гаражды түнде емес, тапа-тал түсте, барлық көршілердің көзінше ұрлаған. Ал көршілер иесі сатып жіберген шығар деген болуы керек, мұны ұрлық деп ойламаған.

Гаражы қолды болғанын иесі бірнеше күннен кейін ғана көршілерінен біліп, полицияға хабарлаған. Петропавлдың криминалдық полициясы гараждың қаңқасын металл сынықтарын жинайтын тіректен тапқан. Ал оны өткізген Петропавлдың 1987 жылы туған тұрғыны ұсталды. Ол гаражды түсті металл ретінде бөлшектеп, 130 мың теңгеге өткізіп жіберген екен. Қазір бұрын сотталған петропавлдықтың үстінен қылмысты іс қозғалды.

 

ПЕТРОПАВЛ