Тарих • 24 Қараша, 2020

Ер Жантайдың сұр жебесі қалған жер...

884 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Сен жайлы жыр жазамын,

ән шығарам,

Ерліктің дастаны боп, қалшы бабам.

Жаралған ар-намыстан сенің қаның,

Жүзінен алдаспанның тамшылаған.

 

Ер Жантайдың сұр жебесі қалған жер...

 

Жебенің ұшынан да тамшылаған,

Сол сәтті елестеттім, қансыраған.

Шаң басқан көне тарих қойнауынан,

Бейнеңді ұмыт қалған аршып алам, – де­ген жыр жолдарымен осы жазбаны бас­тауыма себеп, біз әлемдегі өлең, жыр­ға ең жақын халықтың біріміз және елі мен жерін қорғаған батыр ба­ба­ла­ры­мыз­дың ерлік істері атадан балаға мирас болып бізге құйма құлақ, данагөй, абыз қариялардың ауызекі әңгіме, ше­жі­ре­лері мен ақын-жыраулардың жыр-дастандары арқылы жетті. Соларды естіп өстік. Өлең-жыр жанымызға жа­қын. Бала күнімізден құлағымызға сің­ген өзге де аңыздармен қатар айтылатын Қанжығалы Бөгенбай, Нияз Жантай батыр туралы ертегіге бергісіз хикаялар әлі күнге санамыздан өшпей, жүрегімізді тол­қыта тебірентіп, кеудемізді ерекше бір мақ­таныш сезіміне толтырады. Нағыз ер жігіт­ке тән ерліктің үлгісін көрсетіп кеткен сол баһадүрлердің рухына бас иіп, үнсіз егіліп, білген дұғамызды ба­­ғыш­таймыз. Жер бетінен жойылып, жоға­лып кетпей, бүгінде аман-сау ел бо­лып, түтін түтетіп отырғанымыз да, нар бабалардың арқасы емес пе? Бірде арыстанға айналып арпалысып, бірде түз тағысы түлкінің айласына салып, әйтеуір, келешек ұрпағымыз аман болып, өсіп-өніп, жатқа тәуелді болмаса екен деп, ұлан-ғайыр аймақты бізге мұралап кеткен, қайран бабалар!

Енді міне, тәуелсіздікке қолымыз жетіп, етек-жеңімізді жиып, жоғымызды тү­ген­деп жатқан заманда, кешегі өткен ер­леріміздің шәйіт болып мәңгілік мекен тапқан жерлерін анықтап, белгі қойып, өзіміз­ден кейінгі ұрпаққа аманат ету бү­гін­гі күннің ісі екені хақ. Олардың ер­лік­­тері мен жасаған жорықтары бел­гі­лі бір тарихи кезеңде болғаны да шындық. Ал тарих дегеніміз, нақты зерттеулер мен дә­лелдеуді талап ететін ғылым. Аңыз бен ақиқаттың арасын таразы басына салып самақтайтын кез енді келген тәрізді.

Қарулас серіктерімен бірге шәйіт бол­ған Жантай батырдың соңғы шай­қас­қан ұрыс даласы мен қорымын іздеп табу көптен бері ойда жүрген іс еді. Мұны жүзеге асыруға ауданымыздың сол кездегі әкімі Ермек Нұғыманов өзі бас болды. 2016 жылдың 6-12 шілде ара­лы­ғында Ерейментау ауданы әкімінің өкі­мімен Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы аясында және Қазақ хандығының құрылғанына 551 жыл толуына орай халқымыздың азат­тығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен батыр бабалардың ерлік жолын айғақ­тай­тын «Шаңды жорық ізімен» атты та­ри­хи-танымдылық экспедициясы ұйым­дастырылды.

Бұл экспедицияның негізгі мақсаты – ХVII-XVIII ғасырларда халқымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында ұлт мүд­десін қорғап, дербес қазақ мем­ле­ке­тін қалыптастыруға күш салысып жанқиярлықпен күрес жүргізген батыр бабаларымыздың ерлік жолымен жүре отырып, ер есімін ел есінде қайта жаңғырту. Тарихта «Шаңды жо­рық» деген атпен белгілі атақты қазақ-жоңғар қақтығысы болған Бал­қаш көлінің маңындағы Ереймен елі­нен шыққан Жантай, Мырзакелді, Үй­сінбай, Найманбай батырлардың ақтық айқаста мерт болған ұрыс даласын анықтап, қорымдарын іздеп табу. Ел тарихының ақтаңдақ беттерін жаңа деректермен толықтыра отырып жалпы Қазақстан тарихына үлес қосу еді. Сонымен бірге бұл шараның тәрбиелік-патриоттық сипаты да болды. Ол – бабалар ерлігін жұртшылыққа кеңінен дәріптеп, жас ұрпақтың елсүйгіштік, отансүйгіштік сезімін ояту. Ел мен жер­дің тұтастығына, ұлттық сана сезім мен рухтың жоғары болуына ықпал етіп, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – шежіреміз бен мәдени-тарихи мұрамызды кеңінен насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру. Экспедицияның барысы, нәтижесі мен қорытындысы жайлы ақпарат құралдарында, интернеттегі әлеу­меттік желілер мен сайттарда мақа­ла­­лар жариялау. Осылайша, кейінгі буын өкілдеріне тарихи-танымдылық, пат­риот­тық бағыт-бағдар беру болды.

Экспедиция бағыты – Қарағанды облы­­сының аумағы. Ақтоғай, Шет аудан­дары, Ақжал кенті, Қарабұлақ ауы­­лы, Балқаш қаласы, Саяқ, Шашубай кенттері. Шығыс Қазақстан облысы аумағы, Аягөз ауданы, Шыңқожа ауылын қамтыды. Бұл сапарға жетекшілікке осы жолдардың авторы тағайындалып, экспедицияға белгілі қаламгер Сайлау Байбосын, музей қызметкері, тарихшы Манап Әдірешев, журналист-оператор Қанат Синтиков, шежіреші Жұмабек Ахметов қатысты.

Әрине, тарих сахнасы үлкенді-кіші­лі оқиғаларға толы ғой. Соның бірі ел есінде «Шаңды жорық» деген атпен қалған Жантай батыр мен оның баласы Мырзакелді және Баян, Үйсінбай, Найманбай батырлардың Уса-Серен бастаған қалың жоңғар қолын қуа отырып, Балқаш көлінің маңындағы ақтық айқаста опат болуы. Бір деректерде 80 адаммен, екіншісінде 500 адамдық қолмен 3-4 мың жоңғар әскеріне қарсы шапты делінеді. Бұл жайлы Үмбетей Тілеуұлы мен Ералы Саққұлақұлының «Жантай батыр» дастандарында, Ол­жа­бай Нұралыұлы мен Молдажан Жа­дай­ұлының жырларында, Мағжан Жұма­баевтың «Батыр Баян» поэмасында айтылады. Осы тақырып замандас қалам­гер­лердің шығармашылығына арқау болып жерлесіміз, ереймендік ақын Сайлау Байбосын көлемді көркем шығарма «Ел қон­ған» атты поэмасын жазып шықты. Бұл туынды 2015 жылы Қазақ хан­ды­ғы­ның құрылғанына 550 жыл толуына орай Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Алаш тарихының ақи­қа­ты» деген республикалық мүшәй­ра­да жүлделі бірінші орынды иемденіп, Сайлау бауырымыздың мерейі үстем болды. Осылайша, Ереймен еліне ғана танымал Жантай бабамыздың есімі енді жалпы Алаш жұртына танылып жатқан жайы бар.

Қандай да бір маңызды оқиғаға ар­қау болып, оның желісі мен өрбуіне се­беп­ші бір кілті бар. Жан алысып, жан беріскен қантөгісте жауынгерлердің ұрыс даласында мерт болуы да заңды құ­былыс. Мұндағы негізгі оқиғаға жан­қияр­лық пен бауырмалдықтың, тек­ті­лік пен батырлықтың сипатын беріп тұр­ған нәрсе, екі баласымен қор­шау­да қалған Жантай батырдың соңғы рет садақ тартып, атылған жебенің екпі­ні­нен тайсақтай, қақ жарылған дұш­пан қолының арасынан Сарыбауыр жүйрікпен жарып өткен Тоқаштың аман-сау елге жетуі деп білеміз. Әкелі-балалы Жантай мен Мырзакелді сол арада қаза табады. Ал Жантайдың үлкен баласы Мырзакелдінің артында қалған тұяғы бар екенін, інісі Тоқаш­тың ұрпақсыз қалатынын айтып, шәй­іт өлімді өзі қабылдап, жолын іні­сіне беруі кімді болса да бейжай қал­ды­ра алмайды. Міне, осындай жан тебі­рен­тер теңдессіз ерліктің иелері өткен ерлік жолы «Шаңды жорық» ізімен экспедицияға шыққан еді. Алдын ала ақылдасып келісілген жұмыс жоспарымыз бойынша екі ұстаным негізге алынды. Біріншісі – жоғарыда аталған дастандардың желісі негізінде Уақ Сары-Баян мен Қанжығалы Жантай батырлардың бір қорымда жерленді дегені болса, екіншісі – өткен ғасырда өмір сүрген ереймендік шежіреші Өмірбек Тұқ­пиұлының жазған дерегіндегі Жан­тай, Баян, Мырзакелді, Үйсінбай, Най­манбай батырлардың Балқаш көлінің маңындағы Күркілдек, Шүмекті деген өзендердің қиылысындағы бір жартастың түбінде қару, сауыт-саймандарымен бірге жерленіпті делінгені. Бірінші нұсқада жер атауы аталмаса, екіншісінде нақты өзен атаулары аталады. Яғни осы аталған өзендерді тапсақ, онда сол маңда қорым да болуы мүмкін. Осындай деректерді негізге ала отырып, біз Қарағанды облысы арқылы Шет ауданын басып, Балқаш көлінің батысына қарай орналасқан Ақжал кенті мен Қарабұлақ ауылы маңындағы Сары-Баян деп аталатын төбеге жеттік. Бізді ол жерге Ақжал кентінің әкімі Нұрғалы Нұрмағанбетов, жергілікті ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Серік Қамбарұлы және Нұрғалының інісі, шежіре, тарихтан хабары бар Айтмағамбет деген азамат бастап апарды. Өткен жылы осы жерге Баян батырдың ұрпақтары келіп, бабаларының басына зиярат етіп кеткен еді. Бұл төбеде он үш көне зират бар екен. Төбенің Сары-Баян деп аталуы да осында нақты тарихи тұлғалардың сүйек­тері жатқандығын дәлелдейді. Сол жер толығымен қоршалып, Сары-Баян батырлардың басы көтеріліп, ескерткіш, белгі тас орнатылып жатыр екен. Ен­ді­гі жылы мұнда үлкен кесене бой кө­термек. Құрылысшыларды басқарып жүрген адам кезінде Шаңды жорықты баяндайтын «Есей-Дос» атты поэма жазған белгілі ақын, марқұм Самат Мұса­бековтың баласы Баянды Мұса­бе­ков. Ол осы төбеге қатысты өзі біле­тін ел ауызындағы біраз әңгімелерді айтып берді. Қалай болғанда да мұнда тегін адамдар жерленбегені анық. Осы жерде тарихи оқиғаның басы-қа­сында болып, оны көзімен көрген куәгер, сол заманның абыз-жырауы Үмбетей Тілеуұлының «Жантай батыр» даста­нын­дағы мына бір жолдар ақиқат бет­терін айқындап тұрғандай:

...Арғындар Жантай,

Баян, Сарыларды,

Арулап кең лахатты көрге салды.

Қасында қару, сауыт, дулығасы,

Боялып жау қанына бәрі қалды.

 

Дүниеге келіп-кетпес не асыл зат,

Қалады жақсыдан – ат,

жаманнан – дат.

« Батырдың басы жолда» деп , осы,

Рухына дұға оқыңыз, бар азамат...

Осындай дәйекті дәлелдерден кейін, Сары-Баян батырлармен бірге Жантай, Мырзакелді, Үйсінбай, Найманбай сынды ерлердің бір төбенің басында жерленуі әбден мүмкін екендігіне көзі­міз жеткендей болды. Бұл маңайда Ерейменнен шыққан қанжығалы елі­нің батырларының болғандығына тағы да бір дәлел, Ақсу-Аюлы елді меке­ніне жете бергенде кездескен «Қан­жы­ғалы», «Найза кескен» деген жер атаулары. Шежіреге қанық жергілікті азамат­тардың айтуынша, осы жерден қан­жығалы Бөгенбай батыр қол бас­тап өткен екен. Бір жерде қалың қол аялдап найзаларына сап кескен деседі. «Найза кескен» атауы содан қалыпты. Ендеше, бұл Абылай хан мен Бөгенбай жасағы Жантай тобына көмекке келе жатқан кез. Батырлар қашқан жоңғар қолын біраз ойсыратып, кек алып елге қайтарда қаратышқақ ауруына ұшырап, біразы содан өледі. Өлгендердің ішінде Бөгенбайдың ағасы Көлбай да бар. Оған себеп шегінген жау соңында қалған құдық­тарға арам өлген малдардың өлі­гін тастап отырып суын ішуге жарамсыз еткен. Шілденің аптап ыстығында шөлдеген қол сол құдықтардан су ішіп ауырғанға ұқсайды. Осы бір жайт бар­лық дерлік әңгімелер мен дастандарда айтылып, шындықты растай түскендей. Айтулы оқиғалар тізбегі егжей-тегжейіне дейін жоғарыда аталған еңбектерде толы­ғымен жазылған. Қызығушылық таныт­қан оқырман тауып алып оқыр деген ниеттеміз.

Сапарымыз одан әрі Аягөзге қарай жал­ғасты. Ондағы мақсат Өмірбек Тұқ­пиұлы­ның жазбасындағы Күркілдек, Шүмекті өзендерін тауып, реті келсе Ерей­мен елінен шыққан тұлғалар туралы жаңа деректеме көздерін іздестірсек дедік. Жолай Шыңқожа ауылына соғып, сонда тұратын Бөгенбай батыр ұр­пақ­тарымен кездесіп, әңгімелестік. Дүние­ден өткен, қазірде арамызда жоқ Сәду Нұ­рахметов, Нұрғазы Ыбырайұлы секіл­ді Бөгенбай ұрпақтары сол өңірде өмір сүріп, кезінде елге сыйлы азаматтар болған екен. Ішкі істер органдарында қыз­мет еткен, Бөгенбайдың Жылқыбай атты баласынан тарайтын Қарнақбай батырдың ұрпағы Сәду Нұрахметов көзі тірісінде қанжығалы шежіресін жи­нақтап, «Батыр баба жолымен» атты кітапша шығарып кетіпті. Ұрпақтары Аягөз өңірінде өмір сүруде.

Біз жергілікті өлкетанушы-тарихшы­лар­дан сұрастырып, Күркілдек, Шүмекті өзендерінің Балқаш көлінің шығысына қарай Ақадыр деген жақта екендігін анықтадық. Ол жаққа Аягөз жағынан бар­ғанда жол өте ұзақ, әрі елсіз жер бол­ған­дықтан жолымыз түспеді. Ал жо­ғарыда аталған Қарабұлақтағы Сары-Баян атты төбе тұрған жер мен екі ара жеті жүз шақырымдай алшақта жатыр. Батырлардың Ақадырда жерленуі негізсіз секілді. Өмірбек Тұқпиұлы ол жаққа бармаған адам. Көзімен көрмеген соң жаңсақ пікірде болуы ықтимал. Балқаш көлінің батысы мен шығысының ал­шақтығын ескеріп, батырлардың соң­ғы ұрысы болған жер сол төбе ма­ңа­йы, яғни көлдің батысы ма дедік. Аталған жер аттары да соны меңзейді. Қалай алып қарасақ та, негізгі бағыттың орталығы сол өңірді қамтып, барлық оқиғалар тізбегі осы арада тоғысады.

Тарих адамды жасамайды, тарихты жасайтын адам деген қағидаға сүйенсек, онда үш жүз жыл бойы ұмытылмай келе жатқан «Шаңды жорық» оқиғасына себепкер болған тарихи тұлғалар соң­да­рына өшпес із қалдырғаны анық. Олардың ерлігі ұрпақтардың мақтаныш сезімін оятатын жыр-дастандарға арқау болды. Мысалы, Жантай батыр садақ тартып, соңғы жебесін атып жол ашпағанда, баласы Тоқаш өлімнен құтылар ма еді? Болмаса, үлкен ұлы Мырзакелді інісіне жол бермей қоршауды бұзып, өзі кеткенде, Тоқаштан ұрпақ тарар ма еді? Қазірде арамыздағы Тоқаш ұрпақтары мұны, әрине, біліп түсінгені абзал.

Тынымсыз тірлік көшінде жылдар жылжып, ғасыр ғасырларға ұласып тарих қойнауына сіңіп, жоғалып жатады. Бабаларымыздың ерлігін дәріптеп, есімдерін мәңгілік сақтап, ұрпақтарға аманат ету жолында жасап жатқан игілікті істеріміз де, күндердің күнінде тарихымыздың бір тарауына айналып, келер ұрпақ үшін құнды дүние болып қалатынына сенімдіміз.

 

Сайлау Жылқыбаев,

«Шаңды жорық ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция жетекшісі

 

Ақмола облысы