Руханият • 24 Қараша, 2020

Алыптар үндестігі: Абай мен Жамбыл

1241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлыларды белгілі бір дәуір туғызады. Осыдан 175 жыл бұрын Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арада алты-жеті ай өткен соң Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл туды. Кейін екеуі де қазақ деген ұлы халықтың екі алыбына – поэзиядағы піріне айналды. Әрбір ұлы тұлға өзінше бір-бір әлем, бөлек жаратылыс. Абай мен Жамбыл екеуі де қазақ әдебиетінде алтын әріптермен қалар ғажайып құбылыс. Біреуі мынау әлемдегі алуан толқынды алып мұхит десек, екіншісі сан түрлі бедер-белгісі бар құрлық секілді. Екеуі де алып та биік, айдынды да айбынды. Абай мен Жамбыл өз замандастарының ішінде жұлдыздай жарқырап ерекше көзге түсті де ұлттық поэзиямызға екі түрлі жолмен келді. Абай жазба әдебиетімізді жаңа реалистік дәстүрде берік қалыптастырды. Ал Жамбыл Жабаев – сонау заманнан бері халық өмірінің айнасы болған ақындық, жыршы-жыраулық өнердің саңлағы. Бұл – қазақ поэзиясының дамуындағы тарихи қоғамдық негізі бар құбылыс.

Алыптар үндестігі: Абай мен Жамбыл

Жамбыл мен Абай нәрленген рухани қайнарлардың бірі – халық ауыз әдебиеті. Қос ақын өзінен бұрынғы күллі көркемдік байлықты саралап, өздеріне тағылым ала білді. Заңғар жазушы М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Абай сусындаған күллі фольклор байлығы, ауыз әдебиеті жанрларының әрқайсысына тоқ­­талып өтеді. Мәселен, «Ең ал­ғашқы өлең жайын баяндаған жы­рында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әри­не, осындай ақындық мұраларымен қатар, мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп есітеді... Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде оларды керекке жаратып, әңгі­ме арасына кірістіріп отыру – шешендерге көп жайылған әдет еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт біл­ген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен болып көріне бастайды», дейді. Ал Жамбыл жайында академик С.Қасқабасов: «Ата-анасынан дарыған өнер, өз табиғатындағы талант, халық поэзиясы мен ауыз әде­биетінің дәстүрі – міне, осының бәрі қосыла келіп, ұлы жыршыны дүниеге әкелді, оны ауыл ақынынан қазақ еліне ғана емес, барша әлемге әйгілі жырау етті» деп, ақынның эволюциялық өсуіне ықпалын тигізген жайттарды тілге тиек етеді. Осы мы­салдардан екі алыпқа ортақ са­бақтастықты көреміз. Ол үн­дестік қос ақынның нәр алып сусын­даған өзіне дейінгі руханият құндылықтары еді. Абай мен Жамбыл балалық шағынан бастап, ауыз әдебиетінің мол мұраларынан еркін сусындап, өз шығармаларында шеберлік шыңына жетіп, көркемдік тұр­ғысынан дамыта, өзгеге дарыта білді. Ақиқатында, туған әде­биеттің тұнық тұмасынан нәр алып, өз тағдырына темірқазық ете білген ақынның асқақ рухы тума әдебиеттің кәусар бұла­ғынан нәрленді. Олардың қазақ әдебиетінің сан қырлы қайнар­ларынан тамаша тағылым, рухани бастау алуы – табиғи, заңды құбылыс еді. Халқымыздың бай әдеби қазынасы қос ақынның аза­маттық жолының қалыптасуына, ақындық шеберліктерінің шың­далуына зор ық­палын тигізген құбылыс болды.

Әуезов Абайдың төкпе ақын­­дыққа ерте бейімдел­ге­нін анық суреттейді: «...Абай ақын­дығы оның жас ке­зі­­нен көп мұралар қалдырмаса, сол кезде Абай ақын емес еді деу қате болады. Абай сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, өз өнерін күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құбылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Бір жағынан, жүйрік, шешен, әсем, ұтқыр сөздің ақын­дығы. Көбінесе қарасөзбен ай­тыл­ған тапқырлық, алғырлық. Өлеңді, суырыпсалма айтысты Абай ойында да, шынында да көп қолданып жүрген».

 Халқымыздың сан қырлы, бай ауыз әдебиетінің көркем нышандары Абай мұраларында молынан айшықтала түседі. Жыр алыбы Жамбыл жайын­да: «Жәкең әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын. Ол өзіне дейін ертеде өмір сүрген айтулы ақын­дар мен жыр­шылардың мұ­расын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, игерген өз шығармашылығына арқау еткен» деген тұжырым орынды айтылған. Өзіне дейінгі ұлт­тық руханиятпен сусындап өскен Жамбыл ақынның мұра­ларынан ауыз әдебиетінің құн­дылықтары айқын көрінеді. Абай да, Жамбыл да замана жайын, ондағы қоғамдық өмір құбылыстарын туындыларына арқау етіп отырған. Оған би-болыстарды сынап, мінеген арнау өлеңдері дәлел болмақ.

Жамбыл:

«Салқын келіп, тоң теріс,

Сыртқа сыздап қарайсың.

Сенен басқа жоқ болыс.

Деп өзіңді санайсың...

Шарға түсер шағыңда.

Қара тер боп шабылдың

Елге сөзің жеткенше:

Жамағат деп жалындың,

Салғыртыққа салындың,

десе, Абай:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысын,

Шенді шекпен жапқанға...

Ол болдым-ақ дей берер,

Бұлғақ қағып басқанға.

Елең қағып елбірер,

Елертіп көзді аспанға, –

дейді. Қос ақынның отты жырлары – заман келбетін, ондағы адамның болмысын көрсетер айна іспетті. Қоғам өміріндегі шындықты бүкпесіз, боямасыз сол қалпында өлеңдерінде өр­нектеп, ақиқатты айтып, шы­ғар­малары арқылы оқырман қа­уымын жақсылыққа үндейді. Абай мен Жамбыл – ақындық мәдениеті биік, шеберліктері шыңдалған, қазақ әдебиетіне жа­ңаша леп әкелген кесек тұл­ғалар. Абай да өз лири­касының керек­ті жерінде кейбір қоғамдық қаты­настардан белгі бере оты­рып, өмірге көзқа­ра­сын, таным-талғамын, идеялық бетін айқын­дайды. Қос ақын қоғам өміріндегі болып жатқан мә­селелерді тілге тиек етіп отырған. Қазақтың да­ныш­пан ақындары Абай мен Жамбыл шығармалары ескір­мейді, әр ұрпақ оны жаңаша көз­қарас тұрғысынан танып, оларға өзіндік байламын айтады. Жаңа заман талабы да оқырман алдына жаңа міндеттер қоятыны сөзсіз.

 

Салтанат Жамбылова,

Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі