Қоғам • 24 Қараша, 2020

Шағын ауылдан – үлкен шаһарға

331 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұнай мен газдың үстінде отырған қазыналы өңірде әлі «көгілдір отынның» игілігін көрмеген шағын ауылдар бар. Соның бірі – Қарабатан елді мекені облыс орталығынан тым қашықта емес. Осы кезге дейін темір жол бойында орналасқан шағын ауылды 210 мүшесі бар 27 отбасы мекен етті.

Шағын ауылдан – үлкен шаһарға

Олардың денi – теміржолшылар. Күн сайын әрлі-берлі өтетін пойыз­дардың дыбысымен таңын атырып, кешін батырады демесеңіз, бүгінгі игіліктің бірде-бірін көрген жоқ. Өйткені өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі үйлерге «көгілдір отын» желісі тартылмады. Ауылда жөні түзу жол да салынбады. Көше жарығы мүлде болмады.

– Көп қиындық көрдік. Қыста да, жазда да пешке от жағу оңай емес. Атырау облысы мен қаласының әкім­деріне жағдайымызды айтып, көшіруді сұрағанымызға талай жылдың жүзі болды. Әкімдер ауысқан сайын үміті­міз оянады. Бірақ мәселе шешімін таппады. Бұл мәселені биыл да көтеріп, Атырау қаласының әкімі Қайрат Ораз­баевқа айттық. Енді міне, облыс, қала әкімдерінің көмегімен шаһардағы жаңа тұрғын үйге қоныс­танғанымызға қуаныштымыз, – дейді теміржол сала­сының ардагері Назымгүл Өтеуова.

Атырау қалалық әкімдігі өңір орта­лығы­на қоныс аударған тұрғын­дарға Жұл­дыз шағын ауданындағы көп қабат­ты тұрғын үйден 2 бөлмелі 27 пәтер бөлді. Қазiр 24 отбасы көшіп келді.

– Биыл Атырау қалалық әкімдігі тұрғындарды жаңа мекенге көшіру үшін 813 пәтер бөлді. Өйткені жыл басында қалада апатты жағдайдағы 70 үй мен 10 жатақхана болды. Со­ның ішінен 5 үй мен 5 жатақхана тұр­­ғын­­дары жаңа мекенге көшірілді. Осы­­лайша, апатты үйлерде тұратын тұр­ғындардың 40%-ы баспанамен қам­тылды. Қала әкімдігі қоныс аудару бағдарламасын жалғастырып, жыл соңына дейін Ж.Молдағалиев, М.Тө­лебаев көшелеріндегі үш жатақ­хана­­ның тұрғындарын тұрғын үй­мен қам­туды жоспарлап отыр. Бұл жатақ­ханалардың тұрғындары үшін 332 пәтер бөлінеді, – дейді қала­лық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.

 

Атырау облысы