Олардың денi – теміржолшылар. Күн сайын әрлі-берлі өтетін пойыздардың дыбысымен таңын атырып, кешін батырады демесеңіз, бүгінгі игіліктің бірде-бірін көрген жоқ. Өйткені өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі үйлерге «көгілдір отын» желісі тартылмады. Ауылда жөні түзу жол да салынбады. Көше жарығы мүлде болмады.
– Көп қиындық көрдік. Қыста да, жазда да пешке от жағу оңай емес. Атырау облысы мен қаласының әкімдеріне жағдайымызды айтып, көшіруді сұрағанымызға талай жылдың жүзі болды. Әкімдер ауысқан сайын үмітіміз оянады. Бірақ мәселе шешімін таппады. Бұл мәселені биыл да көтеріп, Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаевқа айттық. Енді міне, облыс, қала әкімдерінің көмегімен шаһардағы жаңа тұрғын үйге қоныстанғанымызға қуаныштымыз, – дейді теміржол саласының ардагері Назымгүл Өтеуова.
Атырау қалалық әкімдігі өңір орталығына қоныс аударған тұрғындарға Жұлдыз шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйден 2 бөлмелі 27 пәтер бөлді. Қазiр 24 отбасы көшіп келді.
– Биыл Атырау қалалық әкімдігі тұрғындарды жаңа мекенге көшіру үшін 813 пәтер бөлді. Өйткені жыл басында қалада апатты жағдайдағы 70 үй мен 10 жатақхана болды. Соның ішінен 5 үй мен 5 жатақхана тұрғындары жаңа мекенге көшірілді. Осылайша, апатты үйлерде тұратын тұрғындардың 40%-ы баспанамен қамтылды. Қала әкімдігі қоныс аудару бағдарламасын жалғастырып, жыл соңына дейін Ж.Молдағалиев, М.Төлебаев көшелеріндегі үш жатақхананың тұрғындарын тұрғын үймен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл жатақханалардың тұрғындары үшін 332 пәтер бөлінеді, – дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева.
Атырау облысы