Қоғам • 24 Қараша, 2020

Ақпараттан «уланғанды» кім емдейді?

1092 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дәріден уланғанды дәрігер емдейді, ал ақпараттан «уланғанды» кім емдейді? Ақпараттық вакцина, ақпараттық иммунитет сынды тың сөз тіркестері де бүгінде қолданысқа ене бастады. Иә, беті аулақ, коронавирустың екінші толқыны бастала қалған жағдайда инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттардың көптеп таралуы да ғажап емес. Олай дейтініміз, алғашқы толқында инфодемияның орын алғаны мәлім. Жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалған немесе оны зерттеп-зерделеп отыруға мұршасы жоқ адам дәрігерлердің кеңесіне құлақ аса қоймайды. Ал бұл бәрінен де қауіпті. Ендеше, инфодемияның екінші толқынына ақпарат құралдары, оның ішінде журналистер дайын ба?

Ақпараттан «уланғанды» кім емдейді?

Осы сұрақтарға жауап және ұсыныс-пікірлер Шымкент қала­лық әкімдігі мен Қазақстан Жур­налистер одағының Түркіс­тан облыстық филиалы ұйым­дастырған «Инфомедианың екін­ші толқыны: Алдын алу және жаңа ақпараттық стратегия» ат­ты онлайн конференцияда ай­тылды. Қазақстан Медиа альян­сы­ның басқарма төрағасы, сенатор Нұртөре Жүсіп, Сенат де­пу­таты Айгүл Қапбарова, «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіп­одағының төрағасы Зейін Әліп­бек, Қазақстан Журналистер одағы­ның төрағасы Сейітқазы Ма­таев, Шымкент қаласы әкімі­нің бірінші орынбасары Шың­ғыс Мұқан, Қазақстан Журналис­тер одағы Шымкент қалалық фи­лиалының төрағасы Уәли Қыдыр және журналистер, блогер­лер, дәрігерлер онлайн қатыс­қан жиында бұқаралық ақпа­рат құ­ралдарының пандемия кезіндегі әрекеті мен жағдайы талқыланды.

Дәрігерлер – қоғамды панде­мия кезіндегі коронавирус­тен қор­ғаса, журналистер – инфо­демия кезеңіндегі ақпарат­тық вирустан қорғауы тиіс. Яғни ақпараттың шұғыл берілуі­мен қатар сенімділігі мен шы­на­йы­лығы маңызды. Қоғамдағы қауе­сеттердің анық-қанығына көз жеткізу журналист жұмысындағы басты міндеттің біріне айналды.

«Инфодемияның басты қау­п­і – ақпараттар тас­қы­нын­да көпшілік шынайы ақ­парат пен жалған мәліметті ажы­ра­туға қабілетсіз болып қала­ды. Осының салдарынан дәрі­гер­лердің кеңестерін орындауға, қауіп­сіздік шараларын сақтану­ға немқұрайлы қарайды. Яғни инфекцияның таралуына жол бермеуге бағытталған іс-шара­лар­дың жүзеге асуы қиын­дайды. Инфо­де­мия – қаупі жағынан пан­­демияның өзінен асып түс­песе, кем болмайтынын Бірік­кен Ұлттар Ұйымынан бастап бүкіл әлем мойындады. Халық­аралық деңгейдегі медиа саласында инфодемия тақырыбы қызу талқылануда. Біздің ел де бұл үрдістен тыс қалмады. Қазақ­станда өтіп жатқан түрлі медиа­форумдар, конференцияларда инфодемия күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналды. Са­рапшылардың пайымдауынша, ең басты қиындықтардың бірі – вирус туралы нақты мәлі­мет аз болған соң мемлекеттік органдардың таратып отырған кез келген ақпаратына қоғам се­німсіздік танытып отырады. Бұл ретте мемлекеттік органдар әр қадамын жеті өлшеп бір рет кесуі керек екеніне назар аударғы­мыз келеді. Себебі бір шенеунік­тің немесе дәрігердің айтқанын басқа біреу теріске шығарып жатса, аудитория әдетте екі жақтың да пікірін қабылдамайды. Ең бастысы – мемлекеттік органдар әрбір шешімді мәлімдеуден бұрын міндетті түрде оның алғы­шарттарын, себептерін түсіндіріп өтуі керек. Мәселен, «ертеңнен бастап қоғамдық орындар жабылады. Келесі аптадан бастап жолдарға посттар қойылады» деген секілді ақпаратты бірден таратып, оны кейіннен барып түсіндіргеннен гөрі, әуелі ахуалды жан-жақты түсіндіріп барып, шешімді негіздеу керек. Яғни мемлекеттік органдардың әрбір шектеудің себебін түсіндіріп отырғаны жөн. Инфодемиямен күресте мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құрал­дары бірігуі тиіс. Өкінішке қарай, фейк жаңалықтарға қара­ғанда, ресми ақпараттың таралу тиімділігі мен жылдамдығы тө­мен. Көпшілік әлі де болса рес­ми ақпаратқа сенімсіздікпен қарай­ды, күдіктенеді. Мәселен, еліміздегі социологтар жүргіз­ген сауалдама бойынша ден­сау­лық сақтау министрлігінің сайтында шыққан ақпаратқа аудиторияның тек 5 пайызы ғана сенеді екен. Мұндайда ақпараттық саясатты жүргізу стратегиясы қайта қарау­ды қажет етеді. Пандемия деге­німіз – дағдарыс. Дағдарыс кезін­де біз қалыпты кезеңдегі коммуни­кацияларды қолдана алмаймыз. Яғни дағдарыс уақытында ақ­па­раттық саясатты жүргізудің жаңа стратегиясы керек», деді онлайн конференцияның модераторы, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық фи­лиалының төрағасы «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тіл­шісі Ғалымжан Елшібай.

Ал Шымкент қаласы әкімі­нің бірінші орынбасары Шың­ғыс Мұқан вирусқа қарағанда, жалған ақпарттың қатері көбі­рек екеніне тоқталып, оған қар­сы им­мунитет қалыптастыру қажеттігін айтты. «Коронавирус пандемиясында «ананы жесең жазылып кетеді екенсің» деген секілді әңгімелер желдей есіп, кейбіреулер шынында да сол ақпаратқа сенді. Сондықтан ақ­па­ратты тексерудің бірінші ере­жесі – ақпарат берушінің ком­­пе­тен­циясына мән беру қажет. Емделудің жолын медицина­дан хабары жоқ немесе әлдебір адам­ның айтқаны дұрыс па, дәрі­гердің айтқаны дұрыс па? Осы­ларда айырмашылық үлкен. Фейкньюс коронавирустан да зиян болуы мүмкін. Жалған ақ­па­рат­қа иммунитеті жоқ адам ден­­­саулығына одан бетер зиян кел­­­ті­реді. Осы тұрғыда Шым­кент қа­­ла­сында індетпен дәрі-дәр­­мек­­­­­пен ғана емес, ақпарат ар­қы­­­­­­лы да күресу үшін shymkent.kz бір­­­ыңғай ақпараттық порталын іске қостық. Сонымен бір­ге 1460 нөмірлі колл орталық жұ­­мыс істейді. Оған өздерінізді тол­­ған­дырған сұрақтарыңызды қою­ларыңызға болады», деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Инфодемия дәуірі жаңа тер­миндерді шығаруда. Солар­дың бірі – «ақпараттық вакцина». Бұл – әсіресе, журналистерге қатысты мәселе. Осы салада терең зерттеу жүргізген сарапшылар журналистерден коронавирус тақырыбындағы материалдарды азайтуға кеңес береді. Себебі COVID-19 жайлы ақпарат неғұрлым көп болған сайын, аудитория соғұрлым деп­рес­сияға ұшырайды екен. Сон­дықтан ақпарат құралдары тарапына айтылып жатқан негізгі өтініштердің бірі – коронавирус тақырыбынан ұпай жинамауға тырысу. Кейбір сайттар мен телеарналар көрілімдердің санын көбейту үшін сенсациялық жаңалықтар беруге құмар. Кейде ақпараттың рас-өтірігін тексер­местен жариялауға бейім. Түп­­теп келгенде – бұл мәселе жур­на­­лис­тік этикаға келіп тіре­леді. Журналисті коронавирус тақы­ры­бында материал жазбау­ға еш­кім мәжбүрлей алмайды. Алай­да жур­налистердің ел ал­дын­да­ғы ж­ауапкершілікті сезінуі маңызды.

Осы орайда онлайн-конференцияда пікірін білдірген Қазақстан Медиа Альянсы басқармасы­ның төрағасы, белгілі журналист, сенатор Нұртөре Жүсіп әрбір кәсіби журналист өз ісіне жауап­кершілікпен қарауы тиіс деп санайды. «Пандемия кезінде журналистер де дәрігерлерден кем жұмыс істеген жоқ. Бірақ ақпарат саласы қызметкерлеріне жағдайдың жасалмағаны рас. Егер адам дәріден уланса, дәрі­гер емдеп алады. Ал адам ақ­па­рат­тан «уланса», оны кім емдей­­ді? Қазіргі қазақ журналис­тика­сында негізгі үш мәселе бар. Біріншісі – рейтингтің соңы­на түсу. Осының салдары­нан фейк ақпараттар өріс­теп барады. Екіншісі – сыртқы ақпарат тасқыны. Ресейлік дерек­көз­дерін пайдаланушылар да бар­шылық. Бұл орайда қазақ жур­налистерінің ағылшын, түрік, қытай, жапон тілдерін меңгергені маңызды. Үшіншісі – қаржы­лық тәуелділік. Редакциялар­дың қар­жылық жағдайының нашарлап тұрғаны рас. Кеше ғана Алматыда 5 метр қар жауды деген ақпарат таратылды. Бір қалада әкесінен жүкті болған қыз туралы мәлімет берілді. Осындай ақпараттардың анық-қанығын білуге қатысты тексерістер, соттар болып, теріске шығарып жатқан жағдайлар да кездеседі. Жалған ақпараттарды бірлесіп күрескенде ғана жеңе аламыз», деді сенатор.

Біріккен Ұлттар Ұйымы инфо­демияға төтеп беру бойынша арнайы қолға алған жобалардың бірі «Тексерілген ақпарат» деп аталады. Жобаның мақсаты – тек қана жан-жақты тексерілген ақпаратпен бөлісу, ал ұраны – «жеті рет өлшеп, бір рет кес!».

«Барлығымыз бетперде тағып, қол жуатынымыз, дезинфек­­ция жүргізетініміз сияқты, әр журналист те «ақпараттық гигиенаны» сақтап, тек тексерілген мәліметпен жұмыс істеуі қа­жет. Коронавирустың мутация­ға ұшырайтыны жайлы көп әң­гіме айтылып жүр. Сол сияқты ақпараттық фейктерді тарату жолдары да күрделене түсуде. Осыны да ескеруіміз қажет. Жалған ақпарат көздері, ойдан шығарылған сараптамалық ор­талықтар мен әлеуметтік желі­лердегі аккаунттар пайда болуда. Сондықтан барлық журналис­тер деректерді тексеру, сенімді ақпарат көздеріне жүгінуді, цифрлық сауаттылықты меңгеруі тиіс. Тағы бір өзекті мәселе – отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қаржылық қиын­дықтары. Барлық дерлік медиа ресурстардың жарнамадан түсетін табысы күрт азайды. Карантин шараларының сал­дарынан көптеген басылым бан­кротқа ұшырады. Талай жур­налист жұмыссыз қалды. Жал­пы, коронавирусқа байланыс­ты ақ­параттық саясатты қалай өзгерту қажет?», деді модератор Ғ.Елшібай.

Бұл орайдағы мемлекеттік қолдау төңірегінде Сенат депутаты Айгүл Қапбарова әңгімеледі. Депутаттың айтуынша, ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер жасалған. «Пандемия кезінде аса қауіпті жағдайда қызмет еткен дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қатарында БАҚ өкілдері де бол­ды. Олар өз жұмыстарын адал атқарып шықты деп ойлай­мын. Қазіргі таңда Сенатқа елі­міздегі ақпарат саласын жетіл­діруге бағытталған заң жобасы келді. Оған сіздер де ой қосып, атсалыссаңыздар деймін. Бүгін­де блогерлердің де дәйекті жаз­балары қоғамды бейжай қал­дырмайтын болды. Олардың мәртебесін зерделей отырып, нақтыласақ, блогерлердің құқық­тық жауапкершілігі артып, заңмен қорғалады. Қазіргі уа­қытта ақпарат саласын дамы­тудың Ұлттық жоспары әзір­ленді. Осы жоспарда алдағы уа­қытта ақпарат құралдарын мем­лекеттік сатып алудан тыс қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыс беруде сараптама­лық материалдарға көбірек мән беру, блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау сынды мәселелер қаралған. Сондай-ақ бүгінде салалық журналистиканы дамыту бағытында бірқатар бастамалар жүзеге асырыла бас­тады», дейді А.Қапбарова.

Ал «БАҚ Кәсіподақ» ұйымы­ның төрағасы Зейін Әліпбек жал­ған ақпарат таратудың артында жауапкершілік барын еске салды. Көп жағдайда адамдардың жал­ған ақпарат таратуы, сол ар­қы­лы елді үрейлендіруі осы жауап­кершілікті терең сезін­беуден туындайды. Егер мем­лекет­тік органдар негізсіз ақпа­рат­қа қатысты мәселенің мән-жа­йын анықтап, халыққа жан-жақ­ты ақпаратты дер кезін­де таратса, фейкке ешкім сен­бейді. Зейін Әліпбек сон­дай-ақ пандемия кезінде індет­тің алғашқы толқынында дәрігер­лер­мен бір­д­ей қызмет еткен, індет оша­ғында жүрген жур­на­лис­тер­дің әлеуметтік жағ­дайына, қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мәсе­ле­сіне де тоқталды.

Конференцияда салалық журналистиканы дамыту мәселесі көтерілді. Фейк ақпараттың көптеп таралуына сенімді дерек көзінің жоғы және қоғам сенім артатын беделді тұлғалардың болмауы да себеп. «Мәселен, шымкенттік тұрғындардан «қа­ла­мызда нағыз маман дерлік дәрігерлерден кімді білесіз?» деп сұрасаңыз, көпшілігі жауап беруге қиналады. Сөйте тұра Ресейдің Малышева, Ко­маровский сынды бірқатар дәрігерін атап береді. Бұл біздегі медициналық журналистиканың артта қалғанын, әлі де болса бұл бағытты күшейту қажеттігін білдіреді», деді модератор Ға­лым­жан Елшібай. Осы тұрғыда Оң­түстік аймақта жарық көріп келе жатқан салалық «Диагноз» газеті бас редакторының орынбасары Асылбек Досалы өз ойын ортаға салды. Дәрігерлердің ақ­парат құралдарына белгілі бір мәселелеге қатысты түсініктеме беріп, дертке байланысты кеңес айтуға уақыты болмауы да мүмкін. Бұл орайда жұмысты үйлестіріп, оқырманның көкейіндегі сауалға жауап іздейтін салалық басылым үлкен рөл атқарады. Осы орайда Шыңғыс Мұқан бұл өзекті мәселені бірлесе шешуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ конференция барысында Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр, «Темірқазық-Ой» газетінің бас редакторы Анар Сүлеева, блогер Рүстем Әшетаев сөз алып, өз пікірлерін білдірді.

 

Еркін ДОСЫМБАЙ,

журналист

 

Түркістан облысы