Мұндай көмекті мүмкіндігі бар әрбір азамат жасауы тиіс деп санайтын кәсіпкер игі ісін жария етуді жөн санамайтынын сездірген. Дегенмен, індеттің ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстарын күшейткен медицина қызметкерлерінің жомарт жігітке айтар алғысы шексіз. Бүгінде әрбір көмек аурухана үшін де, аудан тұрғындары үшін де маңызды. Дәрігерлердің біліктілігінің, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауының және науқастарға қолұшын созып қолдау көрсеткен жомарт жандардың қайырымды істерінің нәтижесінде Түркістан облысында коронавирус инфекциясынан 3 371 науқас жазылып шыққан. Оның 2 377-де ауру симптомсыз өткен.
Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің инфекциялық стационарларында 35 адам ем қабылдауда. Вирусты пневмониямен 29 адам және 6 науқас коронавирус инфекциясымен тіркелген. Науқастардың барлығы – ересектер. Оның ішінде үш жүкті әйел – жұқпалы ауруханалар бөлімдерінің дәрігерлік бақылауында. Жағдайы қанағаттанарлық және өкпені жасанды желдету аппаратына таңылғандары жоқ.
Жалпы, Түркістан облысында пандемия басталған сәттен бастап COVID-19 дерегі расталған
3 444 жағдай тіркелді. Оның ішінде 2 394-і – симптомсыз. Дертке шалдыққандардың 1 577-сі облыс стационарларында ем қабылдаған. Аурушаңдық үш жасқа дейінгі балалар арасында аз тіркелген. Олардың саны – 44 (2,8%). Ал 3 жастан 18 жасқа дейінгілер арасында – 75 (4,8%), 18-ден 55 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы 956 адам (60,6%) ауырған. Коронавирус, әсіресе аға буынға ауыр тиді. 55 жастан асқан 502 адам (31,8%) жұқтырған. Індетке шалдыққандардың көбі – ер адамдар.
Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақтағы инфекциялық стационарларда COVID-19 екінші толқынына дайындық мақсатында 600 төсектік орын әзірленген. Бұған қоса 340 орындық карантиндік стационарлар жасақталған. Оқшаулау бөлімдерінде 99 азамат бақылауда. Пандемия басталғалы облыс зертханаларында 254 325 ПТР-сынамасы алынған.
Түркістан облысы