Руханият • 24 Қараша, 2020

Аманатқа адалдық

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түзсіз кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген орындарын анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен жүйелі айналысатын әрі олардың тарихи қаһармандық жолын ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында нәтижелі еңбек етіп жатқан Қазақстан аумағындағы бірден-бір ұйым. Алғаш рет 2019 жылдың күзінде Қорғаныс министрлігінің атсалысуымен Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдер елшілерінің қатысуымен «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің тұсаукесері өткен болатын.

Аманатқа адалдық

Аталмыш ұйымның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кет­кендердің дерегін табу ғана емес, үзі­ліп қалған ұрпақаралық сабақтастықты жалғау, тарихымызды  түгендеу. Қазіргі таңда біздің ұйым зейнеткерлер мен ардагерлерден бөлек, қатарымызға жастарды да белсенді түрде тарту ісіне ден қойып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру жолында да белсенді жұмыс атқарып келеді.

Елімізде тиісті деңгейде насихатталмай жүрген қазақстандық қаһармандар легі қаншама! Екінші дүниежүзілік соғыста батыр атанған 500-ге жуық қазақстандықтың, оның ішінде 105 Алаш батырының санаулысы ғана насихатталады.  Батырлардың ерлік шежіресінен бүгінгі ұрпақ бейхабар. Сол себепті кешегі батыр аталарының  ер­­лі­­гінен жас буын жан-жақты хабардар болуы тиіс.

Екінші дүниежүзілік соғыста 1,5 миллион қазақстандықтың 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада 75 жылдан астам уақыт өтті. Сол кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Яғни деректердің жо­йылғанына байланысты із-түзсіз кет­кендерді  табу тым қиын. Мен аталмыш ұйым турасында білмегенімде, жалпы бұл мүмкін деп те ойламаппын. Соған қара­мастан «Atamnyn Amanaty» ұйымы зор табандылық танытып, талай сарбаздың дерегін табу жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.

Іздестіру жұмыстарына бейжай қара­майтын барлық адамдар, Қазақстан және өзге елдерден де іздеушілер мен еріктілер шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге өтініштерді қабылдау жүзеге асырылады. Қазіргі есеп бойынша 3094 өтініш келіп түсті және біздің ұйымның арқасында 692 қазақстандық жауынгердің жерленген орындары анықталды, үш отбасы мүшелері Мажарстан астанасы Будапешт­ке, сондай-ақ Ресейдің Волгоград және Санкт-Петербург қалаларындағы бауыр­ластар зиратына барып, тағзым етіп қайт­ты. Осылайша табанды еңбегінің арқа­сында «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бір­лестігі биылғы жылы Мәскеу қаласын­да Бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлы­ғы­ның лауреаты атанды.

Ұрпақтар сабақтастығы демекші, біз жастарымыздың бойына төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, жалпы адамгершілік рухани дүниетанымымызды дарыту мәсе­лесін де алдымызға мақсат ретінде қойып отырмыз. Сондықтан да адамгершілік пен салт-дәстүрді біздің елдің тірегі ретін­де түсінетін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтуы­мыз қажет. Ол үшін біз ұлттық жүйелердің барлығына баса назар аударуға тиіспіз. 

  

Риза ЫСҚАҚ,

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің баспасөз хатшысы