Аса ірі партизан құрамалары
Украинада, Белоруссияда, Ресей жерінде, тіпті Еуропа елдерінде басқыншыларға қарсы кескілескен ұрыс жүргізілді. Жау тылында партизан отрядтарының құрылуы әскерге баға жетпес көмек көрсетті. Олар жасырын жүріп, озбыр ойлы басқыншылардың үрейін ұшырып, табаны тиген жерлерінде, оларға қарсы ажал төніп тұрды. Жаудың жолына тоқсауылдар қойып, фашистердің ең мықты деген әскерлерінің мыңдаған солдаттары мен офицерлерінің көзін жойды, жау эшелонын күйретті, темір жол және тас жол бойларындағы стратегиялық маңызы бар көпірлерді қиратты, жарылғыш заттармен күлін көкке ұшырып, істен шығарып тастады. Фашистердің көптеген жоспарлы операцияларын үлкен шығынға ұшыратты. Жергілікті бейбіт халықтың жақындарын жұбатты, қорғады, қаhармандық пен ерліктің, табандылықтың асқан үлгісін көрсетті. Жау басып алған аудандардың халықтары партизандардан күш-қуат алып отырды.
Партизандардың ішінде көптеген қаhарман қазақстандық қыздар мен жігіттер болды.Тек Белоруссияның 65 партизан құрамасында 1500-ден астам қазақстандық, Ленинград және Смоленск облыстарында 500-дей, ал Украинаның территориясында партизан отрядтары мен құрамаларына елдің 62 ұлтының өкілдері қатысқан. Оның 1500-і қазақ партизаны болды. Аласапыран соғыста қар төсеніп,мұз жастанған, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, кейбір қазақстандық партизан батыр аталарымызды атап өтейін, олар: Қасым Қайсенов,Тоқтағали Жангелдин, Ғалым Ахмедияров, Үсенбай Тастанбеков, Әбдіғали Төлегенов, Қабыш Ахметов, Әлімбай Тілеулин, Жұмағали Саин т.б. сынды батыр аталарымыз баға жетпес ерліктің асқан үлгісін көрсетті.
Партизан қозғалысына белсене қатысушы Әди Шәріпов өзінің естелігінде былай деп жазады. «Біз қасықтай қанымыз қалғанша Отан-ананың алдында сүттей таза, әскери антқа берік болуға серт бердік. Біз Белоруссияның орман-тоғайы, орыстың кең жазық даласында қан кешкен ұрыстарда жүрсек те туып-өскен Қазақстанымызды, сүйікті Отанымызды қорғайтынымызды жақсы білдік», деп ортақ тудың төңірегіне топтасып, жауынгерлік қаруды берік ұстады.
Партизандар өлімнің аузына мың рет барып, мың рет ажалдың бетіне тура қараған. Соғыстың ең қызу сұрапыл 1941-1943 жылдарында, бет қаратпайтын боран, сақылдаған сары аяздарда үсіп, жаурап, ауыр жорықтан азап шеккен. Ұйқысыз түндер. Азық-түлік жоқ. Жылы киім де жоқ. Жылынуға отты да жағуға болмайды. Отты жақсаң, жауға өзіңді-өзің ұстап бергенің. Сақылдаған сары аязды күндердің қараңғы түндері, партизандарды жау көзінен тасалайды. Партизандар сол қараңғы түндерді пайдаланып, тынығып алған. Ал немістер қараңғы түндерде партизандардан өлердей қорықты. Олар үнемі қыл үстінде жүретіндіктен, көп тыныға алмайтын, өйткені минут, секунд сайын қауіп-қатер күтіп, ажал қай жағымнан келіп қалар екен деп елеңдеп күтіп отырған. Оларға барынша сақ болу керек болды. «Немістерді еш уақытта ізге түсірмеу» –бұл партизандардың бұлжымас заңы болып саналды. Осындай қиын қыстау кезеңдерде партизандардың ажалдан аман қалуының жеңілмес күші-жергілікті халыққа арқа сүйеуінде. Деревнялардағы халықпен жасырын байланысып отырған. Адамдар жасырын түрде күн сайын тамақ, төсеніш шөп, жылы киімдер тасып отырды. Егер немістер біліп қалса, жан түршігерлік ауыр азап шеккізіп, үй іштерімен қырып тастайтындарын біле тұра, халық өз өмірін құрбан етсе де партизандарға көмек беруге әзір тұратын.
Партизандар күресінің әрбір күні аса қатал сын болды, қаhармандық деген олар үшін ауа мен судай қажет болды. Оларды көзсіз ерлікке, жүректеріндегі Отанға деген ой-санасы ұмтылдырып отырды. Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жүргізілген бұл қозғалыс бүкіл халықтық және интернационалдық сипат алды.
«Біз ерліктің мектебінен тәлім алдық. Қобыланды, Тарғын сияқты бабаларымыздан ерлікті үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің Амангелді мен Абайдың халқының балаларымыз. Біздің қылышымыз немістің қанымен суарылуы керек, серт осы болсын» деп серт алысқан қазақстандық партизандар осынау арпалысқан ауыр жылдарда өздерін мәңгі өшпес даңққа бөледі. Олар мәңгілік ел жадында.
Айгүл СЕЙТҚАЗИЕВА
Қостанай облысы,
Рудный қаласы