Оқиға • 24 Қараша, 2020

Медициналық мекемелер мен дәріханаларды тексерді

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасының кезекті кезе­ңін өткізді. Бұл операцияны өткізудегі мақсат – есірткі құралдарымен, психотроптық неме­се улы заттармен жұмыс істеу ережелерін, фармацев­тикалық қызмет ережелерін және есірткі айналымы саласындағы үй-жайларға қойылатын талаптарды, бұзушылықтарды анықтау.

Медициналық мекемелер мен дәріханаларды тексерді

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жұмыс барысында есірт­кі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды тексерді. Есірткі қылмысына қар­сы іс-қимыл департаментінің ақпараты бойынша, 5 күн ішінде елімізде есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзумен бай­ланысты 18 қылмыстық құ­қық бұзушылық тіркелген. Ба­қылаудағы заттар айналымы са­ласында 78 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, осындай бұзушылықтардың 44-і дәріханаларда дәрі-дәрмектерді рецептісіз жіберумен байла­нысты. Құрамында есірткі жә­не психотроптық заттар бар меди­циналық препараттардың 6 мыңға жуық таблеткалары мен ампулалары тәркіленді. Мы­салы, Ақтөбе облысындағы бір медициналық мекемені тексеру ба­рысында бұ­зушылықтармен сақталған 90 ампула морфин мен 2500 ампула фентанил тәркіленді. Кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұдан басқа операция ке­зе­ңінде есірткінің заңсыз айналы­мы саласында 51 қылмыс, оның ішін­де 27 өткізу фактісі, 23 есірт­кіні аса ірі мөлшерде сақтау және 1 контрабанда фактісі анық­тал­ды. Мәселен, елордалық есірт­кі­мен күрес полицейлері бұ­рын сот­ты болған, 39 жастағы жер­гілік­ті тұрғынды ұстады, одан 20 кг-ға жуық гашиш тәркіленді, «қара нарықта» оның бағасы 30 млн теңгені құрайтын еді. Тағы бір ірі ұстау фактісі Қостанай облы­сында тіркелді. Жітіқара қала­сының тұрғыны өз үйінің еде­нінің астында 500 гр шамасын­да героин сақтаған. Тінту барысында полицейлер есірткіден бас­қа, таразы мен үлкен ақша сомасын тәркіледі. Анықталған қылмыс­тардың барлық фактілері бойынша қылмыстық істер қоз­ғалды.