Экология • 24 Қараша, 2020

Экология министрі ластанған 10 қаланы айтты

794 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ауасы жоғары деңгейде ластанған 10 қаланы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Экология министрі ластанған 10 қаланы айтты

"2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі", деді Мағзұм Мырзағалиев. 

Министр өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту шаралары жөніндегі сөзін Алматы қаласынан бастады. 

Алматы қаласында ауаның ластануы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жылу көздерінің, автокөліктердің және қалаға іргелес Алматы облысының газдандырылмаған жеке үйлерінің шығарындыларымен байланысты.

"Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізгісі - ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке меншік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерін табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру. Сонымен қатар жел режіміне зерттеу жүргізу және соны ескере отырып, сәулет келбеті ережелеріне өзгерістер енгізу және құрылыстың бас жоспарын түзету болып отыр", деді ол.