Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев «Жыл таңдауы – Жыл адамы» халықаралық фестивалінің қорытындысы бойынша 2013 жылдың әскери адамы деп танылды. М.Майкеев «2013 жылдың әскери адамы» номинациясындағы жеңісі үшін «Алтын адам» мүсіншесімен марапатталды.
Жыл сайынғы «Жыл таңдауы – Жыл адамы» фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты биыл Алматы қаласында өткізілді. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен шарада 2013 жылдың түрлі саладағы үздіктерінің есімдері жарияланды. Олардың қатарында әскер, мәдениет, өнер, бизнес, медицина, спорт және тағы басқа салалардың майталмандары бар.
«Қазақстандағы жыл таңдауы №1» фестивалі ТМД-ның бес елінде өткізіледі және халықаралық мәртебеге ие. Сыйлықтың иегерлерін әлеуметтік сауалдамалардың көмегі арқылы тәуелсіз сарапшылар таңдайды.
Генерал-лейтенант М.Майкеев 1959 жылғы 9 қарашада Ақтөбе қаласында туған. 1980 жылы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін бітірген, ал 1994 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдады.
3-дәрежелі «Отанға қызметі үшін», 2-дәрежелі «Айбын», 2-дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және медальдармен марапатталған.
«Егемен-ақпарат».