Қоғам • 24 Қараша, 2020

Елордада медициналық қызметтердің сапасына қатысты 18 304 кемшілік анықталды

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС пакеті бойынша жеткізушілер көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша ай сайын  мониторинг жүргізіп отырады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада медициналық қызметтердің сапасына қатысты 18 304 кемшілік анықталды

2020 жылдың 30 қазанындағы жағдай бойынша тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге қатысты 18 304 (оның ішінде қазан айында 1 114) кемшілік анықталып, медициналық ұйымдарға  373 136 мың (оның ішінде қазан айында 52 298 мың) сомадан аса айыппұл салынды.

«Айта кетейік, тұрғындарға ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша ұсынылған қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана, медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін, сондай-ақ клиникалық хаттамалардың ұсынымдарын сақтай отырып, Қор жеткізушілеріне іс жүзінде көрсетілген және құжатпен расталған қызметтерге ақы төленеді.

Анықталған кемшіліктердің көпшілігі жан басына шаққандағы нормативке кірмейтін, әрбір қызметке жеке төленетін консультациялық-диагностикалық қызметтерге байланысты. Медициналық қызметтердің сапасын мониторингтеу бөлімінің сарапшылары жалпы құны 19 259 мың (оның ішінде қазан айы үшін 3 423 мың ) теңге болатын 12 310 (оның ішінде қазан айында 708) кемшілік анықтады. Сондай-ақ амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде жіберілген 1 721 (оның ішінде қазан айында 15) кемшілік, стационарларда медициналық көмек көрсету кезінде 4 273 (оның ішінде қазан айында 391) дерек белгілі болды», - деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

«Түрлі мемлекеттік дерекқорлардағы деректерді біріктіру және IT құралдарын қолдану осы деректерді өңдеу мониторингінің сапасын айтарлықтай арттырады. Бұл адами факторды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір Қор әртүрлі  ақпарат жүйелері мен тіркеу жүйелерінің деректерін бір алаңда интеграциялау арқылы ақпарат жүйелерінде медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін толассыз мониторингтеу бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл мониторинг процесін барынша автоматтандыруға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді ӘМСҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық көмек көрсету сапасын мониторингтеу бөлімінің жетекшісі Сандуғаш Болысбекова.

Тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылау, бір жағынан  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына  бұрмалаушылықтарды анықтауға көмектеседі, екінші жағынан медициналық ұйымдарды тәртіпке келтіреді. Сондықтан азаматтарды мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеруге және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда Қордың елордалық филиалына хабарлауға шақырамыз. Сондай-ақ 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы хабарласуға болады.