Экономика • 24 Қараша, 2020

ШОБ несиелеріне сұраныс артып келеді

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының орынбасары Олжас Кубенбаев бүгін онлайн конференция барысында  ШОБ өкілдері тарапынан сұраныс артып келе жатқанын айтып,  2020 жылғы III тоқсанға арналған несие беру мәселелері бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижелерімен таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz  Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШОБ несиелеріне сұраныс артып келеді

Олжас Кубенбаев бизнес-сұраныстың таза пайыздық өзгерісі (NPI) 2020 жылдың үшінші тоқсанында 34% құрағанын, карантиндік шаралардың әлсіреуі аясында экономиканың зардап шеккен секторларына жататын кейбір кәсіпкерлер өз қызметін біртіндеп қалпына келтіріп, несие бойынша төлемдерді қайта бастағанын да айтып өтті.  

Банктердің мәліметтері бойынша, несиелендіруге сұраныстың өсуі 2020 жылдың үшінші тоқсанында негізінен ШОБ тарапынан кейінге қалдырылған сұранысқа, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға байланысты болды. Шағын және орта бизнестегі несиеге сұраныстың SIP көрсеткіштері сәйкесінше 41% және 38% құрады. Сонымен қатар, жекелеген банктердің өнім желісінің кеңеюі шағын кәсіпкерлік субъектілерінен келіп түсетін өтініштер санының 10 есеге өсуіне әкелді, ал несиенің орташа мөлшері төмендеді

«Яғни сұраныстың өсуі байқалды, бірақ көлемде емес», - деп атап өтті Олжас Кубенбаев.

Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер және банктердің бизнеске несие беруге дайындық деңгейі сол деңгейде қалды. Бірқатар банктер кепілге және қарыз алушының қаржылық жағдайына қойылатын талаптарды көтерді. «Талаптардың жоғарылауына себеп болған негізгі фактор банктер экономиканың жекелеген салаларында тәуекелдер профилінің нашарлауын қарастырады», - деп түсіндірді ол.

Респонденттердің пікірінше, келесі тоқсанда орта және ірі бизнес субъектілерінің несиелендіруге сұранысы өзгермейді деп күтілуде. Сонымен қатар, жекелеген банктердің жаңа банктік өнімдерді шығаруы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің сұранысына оң әсер етуі мүмкін.

«Жеке тұлғаларға несие беруге келетін болсақ, 2020 жылдың үшінші тоқсанында бөлшек несиеге сұраныс барлық сегменттерде де өсті. Көптеген салаларда жұмыспен қамтуды қалпына келтіру кезінде ипотекалық және тұтынушылық несиелер алуға өтініштер саны артты. Банктердің пікірі бойынша екінші тоқсанда ипотекалық несиелендіруге сұраныс артты, бұған жылжымайтын мүлік нарығының даму перспективалары және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілетін несиелердің болуы әсер етті», - деді Олжас Кубенбаев.

Өткен тоқсанмен салыстырғанда ипотекалық несиелендіруге келіп түскен өтініштер саны 85% өсті. Кепілсіз несиелендіру сегментінде өтінімдер саны 52% өсті. Жеңілдетілген автонесиелер бағдарламасы бойынша қаражатты игеру аясында автонесиеге сұраныстың өсуі байқалды, өтініштердің саны 109% өсті, несиелердің орташа мөлшері аздап төмендеді.

«Жоғарыда аталған факторлардан басқа банк өкілдері клиенттердің несиеге деген қызығушылығының жоғарылауын карантиндік шаралар кезеңінде кейінге қалдырылған сұраныстың орындалуымен, сондай-ақ маркетингтік кампаниялармен түсіндіреді», - деді ол. 2020 жылдың 4-тоқсанында банктер бөлшек несиелендірудің барлық сегменттері бойынша сұраныстың шамалы өсуін күтеді. Банктердің тұтынушылық несие беруге дайындығы да шамалы артады. Тұтынушылық несиелеу шарттары несиелік лимит және клиенттің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар тұрғысынан жұмсарады.

Сауалнамаға екінші деңгейлі 24 банк қатысты.