Экология • 24 Қараша, 2020

Мағзұм Мырзағалиев Алматыда орын алған ағаш кесу фактісіне қатысты пікір білдірді

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматы қаласында орын алған ағаш кесу фактісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мағзұм Мырзағалиев Алматыда орын алған ағаш кесу фактісіне қатысты пікір білдірді

"Кеше біз Алматыда ағаштарды жабайылықпен кесу фактісіне куә болдық. Оқиғаның қоғамның ашуын тудыруы орынды. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды!"- деп жазды ол Twitter парақшасында.

Министр қазір ел бойынша атмосфералық ауаның ахуалын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Экокодекс қабылданып жатыр, Президент 2 млрд-тан астам ағаш егуге тапсырма берді. Жұрт болып жұмылып, бір мақсат жолында жұмыс істеп жатқанда, жоғарыдағыдай жағдайлар тіптен орынсыз",- деді министр.

Оның сөзінше, биыл ғана Мемлекет басшысының тапсырмасымен ағаш кесуге қатысты жауапкершілікті арттыру бойынша Заңға өзгерістер енгізілген. Атап айтақ, 1 ағаш кесілсе, орнына 10 ағаш егу өтемақысы енгізіліп, айыппұл көлемі екі есе артқан.

"Табиғи ресурстарымызға ұқыпты қарауға шақырамын. Бір ағаш жайқалып өсуі үшін ондаған жылдар керек. Болашағымыз біздің экологиялық мәдениетіміздің деңгейіне тікелей байланысты", - деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.