Алматыда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамыту мәселелері жөніндегі дәстүрлі конференция аяқталды. Жыл сайын Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастыратын Медиа-құрылтай биыл «Контент, технологиялар және табыс табу үрдістеріндегі өзгерістер» тақырыбын өзіне арқау етті.
Алматыда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамыту мәселелері жөніндегі дәстүрлі конференция аяқталды. Жыл сайын Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастыратын Медиа-құрылтай биыл «Контент, технологиялар және табыс табу үрдістеріндегі өзгерістер» тақырыбын өзіне арқау етті.
Медиада болып жатқан өзгерістерге технологиялардың дамуы секілді көптеген факторлар әсер етеді, оның нәтижесінде аудиторияның таңдауы өзгеріп, жарнамалық бюджеттер қайта үлестіріледі, жаһандану үрдістері жүріп, нарыққа жаңа ойыншылар шығады. Мемлекет Қазақстанда медианы дамыту үшін не жасап жатыр? Жетекші медиалардың менеджерлері нарықтағы өзгерістерге қандай баға беріп отыр? Медиа мамандары келешекте қажетке ие кәсіп иесі болу үшін нені үйренуі тиіс? дейтін сауалдар төңірегінде 250-ден аса маман пікір алмасты. Олардың арасында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының – республикалық және аймақтық ТВ арналарының, баспа БАҚ, ақпараттық агенттіктер мен порталдардың құрылтайшылары мен басшылары, сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, салалық қауымдастықтар, жарнамалық агенттіктер, талдау және зерттеу құрылымдары, қазақстандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, ЖОО-лардың өкілдері және т.б. бар.
– Алтыншы рет өткізілген «Медиа-құрылтай-2013» ақпарат кеңістігіндегі мәселелерді ортаға салып, көтерілген тақырыптар аясында айтыс-тартысты түрлі көзқарастардың айтылуына мүмкіндік туғызды. Бүгінде медиатехнологиялар өте жылдам өзгеруде, бұл өз кезегінде медианарықтың дамуына әсер етіп, бұл БАҚ-тардың осы технологияларға ілесуін талап етуде. Осы мәселелерге орай алыс-жақын шетелдерден көптеген сарапшылар шақырылып, олар қызықты мәліметтерді ортаға салды. Қарап отырсақ, БАҚ-тың қандай түрі болмасын – радио, газет, телевизия делік, бірақ, бірінші кезекке контент, яғни мазмұн шығады. Ең бастысы, ақпаратты тұтынушы нені қажет ететіндігін өте жақсы білуге тиістісің. Көрерменнің де, оқырманның да сұранысын жақсы меңгеріп, өзің ұсынып отырған ақпаратты қалай жеткізетініңді және тұтынушы оны қалай пайдаланатынын білуің қажет.
Сол сияқты, мемлекеттік тапсырыс төңірегіндегі талқылаулар жүріп, оның тиімсіз таратылатыны сөз болды. Шындап келгенде, мемлекеттік тапсырыс бойынша дайындалған материалдарды өте қызғылықты, оқырман мен көрерменнің көкейінен шығатындай етіп ұсынуға болады. Өкінішке қарай, қазір мемлекеттік тапсырысты орындайтын БАҚ оны мүддеге сай қызықты етіп жасай алмай отыр. Жүрдім-бардым жасайды. Сондықтан, қазақстандық БАҚ контентін өткір сынға алған Елбасының ескертпелері негізді деп есептейміз, деді Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.
Кезекті Медиа-құрылтай қазақтілді БАҚ мәселелерін де айналып өткен жоқ. Іскерлік журналистикаға арналған секцияда қазақтілді сегментте экономикалық, қаржылық және іскерлік журналистика өте баяу дамып жатқаны талқыланды. Оған қоса мультимедиалық технологияларды пайдалана отырып, таралымды көбейту, жаңа жарнама берушілерді тарту тәжірибесі айтылды. Өйткені, қазіргі үдерістер жарнама көбінесе интернет-ресурстарға құйылып жатқанын көрсетуде. Сондықтан газет-журналдарда ғаламтор көмегімен қаржы көздерін ұлғайту үшін онлайн-нұсқаларын дамыту қажеттігі көрінуде.
– Мұнан да бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама сату өте тиімсіз жүріп жатқаны қызу талқыланды. Мәселе жарнамаға бөлінетін қаражаттың жоғында емес, кілтипан БАҚ оны дұрыс сата алмай отырғандығында, – деді Әсел Қарауылова.
Сондай-ақ, Медиа-құрылтай шеңберінде сандық теледидарды ендіру және іскерлік журналистиканың келешегі секілді саланың маңызды тақырыптары бойынша пікірталастар жүріп, таяуда ғана Қазақстанда пайда болған контенттік Интернет-форматтар мен дамып жатқан жобалар таныстырылды. Телеарналардың басшылары қазіргі заман теледидары үшін қандай контентті өндіру қажет екендігі туралы айтып, қазақ тіліндегі теледидарды дамытуға қатысты көзқарастарымен бөлісті. Жеке бір секция медианың онлайн іс-шараларына, әлеуметтік жобаларға арналады.
Оксана Силантьеваның «Мультимедиалық жобалар» атты шеберлік-сыныбына қатысушылар Ресей, Еуропа, Америка және Азия журналистерінің күшімен жасалған мультимедиалық жобалардың мысалдарын көрді. Медиа-жаттықтырушы Гүлім Әмірханова «краудфандинг» терминінің астарында қандай мағына жатқанын және бұл қайырымдылықтан несімен ерекшеленетінін түсіндіріп берді, ал Регина Юркинаның шеберлік-сыныбы қазіргі заман теледидарын ілгерілетудің тәжірибесіне арналды.
Қысқасы, кезекті Медиа-құрылтай ақпараттық технологиялар қаншама қарыштаса да, журналистика өзгермейтінін, бірінші кезекке барлық кезде мазмұн шығатынын дәйектеп берді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.