Аймақтар • 24 Қараша, 2020

Қымбат машинаны қымқырғандар қолға түсті

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кез келген машинаның ұрлануы төтенше оқиға, иесіне үлкен қасірет, өйткені оған маңдай тер, табан ақыңды салып, сатып аласың. Ал енді «Toyota Land Cruiser» сияқты Петропавл қаласындағы 2-3 үш бөлмелі пәтердің құнына тең қымбат дүниенің ұрлануы тіпті ерекше оқиға. Халық арасында тек «Джип» деп аталатын ондайларға ұрылар жақындай қоймайтын. Тек бір кезде айнасын өткізуге мүмкіндік болып, бірнеше «Джиптің» осы бұйымын ұсақ ұрылар қолды қылған. Соның бірі конькиші Д.Теннің машинасынан алынып, ұрыны ұстамақ болған иесінің де мерт болғаны есте.

Қымбат машинаны қымқырғандар қолға түсті

Бірақ провинциалдық қалаларда ондай ерекше оқиға болған емес. Осы күнге дейін петропавлдық қызыл жағалылар «Джип» ұрланғанын да естімепті. Негізінен тек бай, бақуатты адамдардың ғана мүлкі болатындықтан ұрылар ондайларға жолаудан жасқанған. Өйткені, ондай машинаның қолы ұзын иесі қымбат мүлкін ұрының сіңіруіне жол бермейді. 

Алайда кеше Петропавл қаласында машина ұрлаудың осындай ерекше оқиғасы болды.Ұрылар Петропавлдың Н.Назарбаев көшесіндегі бір үйінің ауласында тұрған «Джипті» қолды қылған. Ұры осындай машинаның сырын жақсы білетін қу болса керек, «Toyota Land Cruiserді» өзінің алып келген аккумуляторымен от алдырғаны белгілі болып отыр. Алайда оның электронды дабылын толық тоқтатып тастауға ақылы жетпеген сияқты. Өйткені, иесі оянып кетіп, терезеден қарағанда темір тұлпарын қойған орнында көрмеген соң полицияға дабыл береді.

Ұрылар болса бұл кезде Петропавл қаласының аумағынан да шығып кеткен екен. Алайда полицияның кезекшіліктегі патрульдері «Джиптің» қолды болғанынан тегіс құлақтанып, барлық жолдарды қырағылықпен бақылауға алады. Түнгі мезгілде автомашиналар ағыны көп емес қой. Оның үстіне «Джиптің» өзі де бірден көзге түсетін ерекше машина.

Қарауыл қарап тұрған патрульдердің бірі «Петропавл-Боголюбов» тасжолымен зырлап бара жатқан оны көздері шалып қалады.  Дабылын жарқылдатып соңына түскен полицияны көрген соң «Джип» те жылдамдығын үдетеді. Оның үстіне полиция машинасының артында келе жатқан бөгде көлік патрульдердің алдына шығып алады. Сөйтіп, құтты кинолардағыдай қуғын басталады. «Ауди» маркалы бөгде машина полицейлердің адымын ашырмай, асфальт жолдың үстінде бұраңдап, олардың алға шығуына жол бермейді. Соның өзімен ол ұрының серігі екендігін көрсетіп қояды.

Соңына бір түскен соң полиция құтқарушы ма еді, Бұл шым-шытырық жолдары мен қала-шаһарлары көп шетел емес қой. Ауыл-село арасындағы қуғынның құлашы кең емес, полицейлер ақыры «Джипті» тоқтатады. Оны алып қашқан Есіл ауданындағы Покровка селосының бұрын сотталған 1995 жылғы тұрғыны болып шығады. Қазір ол полицияның оқшаулағышында отыр. Ал оның «Ауди» машинасындағы серіктесі ұстатпай кетеді. Машинаның өзі Новоникольск селосының маңындағы орманға жасырынған жерінен табылды. Өзі ұсталмағанымен ұрының серігінің аты-жөні, туған жылы полицияға белгілі болды. Ол Покровка селосының 1986 жылы туған тұрғыны болып шықты. Қазір ол іздестірілуде. Барлық деректері белгілі болғаннан кейін оның да алысқа ұзамасы белгілі.

Сөйтіп, Солтүстік Қазақстанда бөтен адамның қымбат мүлкін ұрлаған ұйымдасқан қылмыстың жолы кесілді. Қазір ұрылардың үстінен қозғалған қылмысты істің материалдары жиналуда. Алайда, баукеспе қарақшылар емес, ауыл тұрғындарының осындай үлкен қылмысқа ұйымдасқан түрде баруының өзі сұрақ тудырады. Бұлардың артында ықпалды біреулер тұрған сияқты.