29 Қараша, 2013

Бюджетке бейқамдық жасағандар жазаланады

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапқа тартылады. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов бұл жөнінде тағы да ескертті.

Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапқа тартылады. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов бұл жөнінде тағы да ескертті.

Отырыста 2013-2015 жыл­дар­ға арналған нақтыланған рес­публикалық бюджетті іске асыру туралы қаулы қабылданды. Осы­ған орай Үкімет басшысы республикалық бюджеттік бағ­дарламалардың әкімшілеріне, облыстардың, Алматы және Астана қалаларының әкімдеріне бюджет қаражаттарын уақытылы игеру бойынша қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды. Республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне заңнамамен бекітілген тәртіпте қалыптастырылған түзетілген стра­тегиялық жоспарларды Үкі­мет­ке енгізуді қамтамасыз ету қажет.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар басшыларына, министрлерге, облыс әкімдеріне 2013 жылдың бюджетін қалтқысыз орындау қажеттігін ескертті. Оған қоса ол жылдың соңында оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер, оның ішінде жауапқа тарту мәселесi де қаралатынын баса айтты.

Отырыста қаулы жобасы бойынша Экономика және бюджеттік жос­парлау министрі Ерболат Досаев баяндады. Бюджет қаражатын жұмсаудың артықшылықтарын анықтайтын бұл құжат бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бағыт­талған. Яғни, 2013 жылғы бюджетке енгізілген өзгерістерді орындау үшін қабылданған. Ми­нистрдің мәліметінше, 2013 жылға арналған республикалық бюд­жет түсімдері 5 242,5 млрд. теңге көлемінде немесе ағымдағы бюджетпен салыстырғанда 14,4 млрд. теңгеге өсумен айқындалды. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері бекітілген 1 380 млрд. теңге деңгейінде сақ­та­лады. Республикалық бюджет шығыстары ағымдағы бюджетпен салыстырғанда 65,6 млрд. тең­геге төмендей отырып, 6 033,4 млрд. теңге сомасында көзделіп отыр. Е.Досаев сондай-ақ, құжат «Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес қалыптастырылғанын, ол жергілікті атқарушы орган­дар­ға берілетін нысаналы транс­ферттердің сомалары, 2013-2015 жылдарға арналған басым рес­пуб­ликалық бюджеттік инвестициялар тізбесі және 2013 жылға арналған мемлекеттік тапсырмалар тізбесі бойынша нақтылау кезінде жүргізілген өзгерістерді қам­титынын атап өтті. Бұдан өзге, онда «жобада бюджет қара­жатын игеруді жақсарту мақса­тын­да бағдарламалар мен кіші бағдарламалар ішінде бұрын жүр­гізілген қайта бөлулер ескерілді.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар