Бизнес • 25 Қараша, 2020

Ешкі бағып ерекше кәсіп ашқан

1158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір көзін тапқанға кәсіптің түрі көп. Ежелден мал бағып, оның игілігін көрген қазақ үшін бұл таңсық емес. Бүгінде Т.Рысқұлов ауда­ны Көкдөнен ауылының тұрғыны Кенжебек Сейдахметов етті және сүтті бағыттағы асылтұқымды голландиялық «Заннин», пәкістандық «Биттал» ешкілерін өсірумен айналысады.

Ешкі бағып ерекше кәсіп ашқан

«Биттал» тұқымды бір ешкінің өзі тәулігіне 25 литр сүт береді екен. Бұл ешкінің құны 600 мың теңге шамасында тұрады. Сол сияқты «Заннин» ешкісінен де тәулігіне 5 литр сүт алуға болады. Аталған ешкі сүтінің бір литрі – 400 теңге. Сонымен қатар кәсіпкердің қорасында Испаниядан әкелінген асылтұқымды ешкілер де бар екен. Бұл ешкілер 370 мың теңгеге бағаланады.

«Мал азығына кететін шығын көп емес. Мәселен, 60 ешкінің алты ай қыстан шығуы үшін 500 түк жоңышқа, 3 тонна бидай керек. Жылына 3-4 рет төлдейтін «Романский», ауғанстандық «Вагир» тұқымды қойларды да өсірудеміз. «Вагир» тұқымды екі айлық қозы 200 мың теңге тұрады. Егер бағуы жақсы болса, бұл қойдың еті 145 килограмм тартады», дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер өткен жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан 4 млн теңге несие алып, ол ақшаға 20 бас асыл тұқымды ешкі сатып алыпты. Тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оны биыл 60 басқа жеткізіпті. Ол енді 6 пайызбен алған несиесін 5 жылдың ішінде қайтарады. Кенжебек енді өзге әріптестерімен бірге асылтұқымды ешкіге де субсидия төленсе деген мәселені көтеруде. Өзінің айтуынша, кәсіпкер Алматы және Тараз қалаларындағы жоғары оқу орындарында біраз уақыт студенттерге сабақ берген. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласында лауазымды қызмет те атқарған. «Алайда аяқастынан ауырып, инсульт алып қалдым. Содан ешкінің сүтін ішіп емделіп, тәуір болған соң осы кәсіпке бет бұрдым», дейді.

Бүгінде ел ішінде ешкі сүтіне деген сұраныс жоғары екен. Ол өнімді сатудан бөлек, карантин кезінде де интернет арқылы ешкі сүтінен не жасауға болатынын зерделеген. Сөйтіп үш ай бойы онлайн семинарға қатысып, ешкі сүтінен сабын жасаудың әдісін үйреніпті. Әуелі балалардың қызығушылығын тудыру үшін салмағы 80 грамм болатын балалар сабынын ойыншыққа ұқсатып әзірлеген. Қазір кәсіпкер ешкі сүтінен сабын жасап сатуда. Үлкендерге арналған сабын 700, ал балаларға арналған сабын 500 теңгеден бағалануда.

«Ешкі сүтінің өзі – ем. Ал мен оған неше түрлі пайдалы қоспа майларды қосамын. Бұл сабынды қолына жаққан адам 4-5 минуттан соң ғана жуу қажет. Бет жарылғанда жақса, бірден әсер етеді. Еш химиялық қоспасы жоқ. Таза табиғи өнім. Осылайша ешкі сүтінен сабын жасауға қол жеткізіп отырмыз», дейді К.Сейдахметов.

Шаруа егер асылтұқымды еш­кі­­­лерге де мемлекет тарапынан субсидия берілсе, ешкі өсіру­мен ай­налысқысы келетін жастар­ды тәрбиелейтінін айтады. Бұл ретте Т.Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспеновке хабар­лас­қа­ны­мызда, ол бөлімнен субсидия берілмейтінін, тек портал арқылы ғана алатынын жеткізді.

 

Жамбыл облысы