Руханият • 25 Қараша, 2020

Оңалту құралын ойлап тапты

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ойға алған мақсат-мұратымыз орындалмай, сәті түспей қалған шақтарда өзімізді ақтап алуға тырысып, өмірге нала артатын кездер болады. Бірақ бұл өз қателігінен сабақ ала отырып, тек алға алға ұмтылып тұратын қай­сар жандарға қатысты емес. Жас өнертапқыш Фараби Самаликовтің де талабы таудай, мақсаты өршіл.

Оңалту құралын ойлап тапты

Ерекше күтімді қажет ететін оқу­шы Фараби Сама­ликов досы Мұхтар Оразбаймен бірге аяқ-қолды оңалтуға арналған жаттығу құралын ойлап тапты. Екеуі «FM Team» командасын құ­рып, Нұрсұлтан Назарбаев Қо­ры ұйымдастырған ро­бо­т­тех­никадан «KazRoboProject» жас конструк­торлар байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.

Өз өнертабысының мәні мен қол­даныстағы маңызы жайында Фараби Самаликов былай дейді: «Ерекше қажет­тіліктері бар адамдар үшін тренажер жасау идеясы кездейсоқ келген жоқ. Мен өзім сал ауруына шал­дық­қандар қатарынанмын. Сондықтан мен өзім сияқты және басқа аурулардан зардап шегетін адамдар үшін жаттығудың қаншалықты маңызды екенін білемін».

Оның айтуынша, олардың бел­сенді және пассивті тренажерын үне­мі қолдану бұлшықет атрофиясын төмендетуге, физикалық күшті артты­руға көмектеседі. Құрылғы басқа ел­дерге қарағанда әлдеқайда арзан. Ал Қа­зақстанда мұндай құрылғыға сұ­раныс көп.  Айта кету керек, Фараби мен Мұхтар тренажердың моделін жасап қана қоймай, оны жан-жақты сынақтан өткізуді де ойластырған.

– Даму жоспары дайын тұр. Оның жүзеге асуын  4 кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде прототип жасаймыз. Екінші кезеңде алғашқы сынақтан өтеді. Бұдан әрі анықталған ескертулерді ескере отырып, технологияны жетілдіру жұ­мыстары жүргізіледі. Ал тестілеуді Аты­раудағы «Болашақ» оңалту орта­лығының базасында өткіземіз деп отырмыз. Өмірде кез келген нәрсе болуы мүм­кін, бірақ үмітіңізді үзбеңіз. Өйткені адам алдында үлкен мақсат қоюы керек. Осы нәрсе кез келген қиындықты жеңіп шығуға көмектеседі, – дейді Фараби.