Қоғам • 26 Қараша, 2020

Кесілген ағаштың сұрауы кімнен?

196 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыда талдарды заңсыз кесу фактілері анықталып, бұл әлеуметтік желіде шу тудырды. Нақтырақ айтсақ, қарашаның 21-інен 22-сіне қараған түні Төле би мен Әуезов көшелері қиылысында өсіп тұрған 13 түп ағаш кесілген. Оның тоғызы емен болса, екеуі – қарағаш. Ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.

Бұл туралы хабарлаған Прези­денттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Мемлекет бас­шысы 2019 жылы 29 қазан­да Алматыда қала проблемалары­на арналған кеңесте сөйлеген сө­зінде мегаполистің экожүйесіне ұқыпты қараудың, шаһар тұр­ғын­дарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тиіс­ті жағдайлар жасаудың ерекше маңызды екенін мәлім еткен болатын» деп жазды.

Алдын ала дерек бойынша жа­қында ғана аталған жерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген Sulpak және Small сауда үй­лері ағаштарды отаған болуы мүм­­­кін. Желі қолданушылары жап­­пай айыптағаннан кейін барып, Sulpak сауда үйі facebook­тегі парақшасында оқиғаға қатысты түсінік берді. «Ағаш­тарды кесу орын алған аумақ Sulpak ком­паниясының мен­ші­гінде емес және біз сіз сияқ­ты осы тұлғалардың әре­кет­терін заңға қайшы деп санай­мыз. Біз жедел тергеуге үміт­те­неміз, тиіс­ті органдарға жан-жақ­ты қол­­дау көр­сетуге және ын­ты­мақ­­тастыққа да­йын­­быз. Бізге қар­сы асығыс қоры­­тын­дылар мен негізсіз айыптауларды тудыр­мау­ларыңызды өтінеміз» де­лінген хабарламада.

Алайда желі қолданушылары сауда үйінің мәлімдемесінің тым кеш жария болуының өзі көп жағдайға күмәнмен қарауға мәжбүр етеді деп пікір жазған.

Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы мен табиғатты қор­ғау по­лициясы бөлімінің мамандары жағ­даймен танысқан. Алмалы аудан­дық әкімдігінің хабарламасын­да қазір тиісті процесуалдық ше­шімді қабылдау үшін материалдар жи­нақталып жатқаны айтылады.

«Оталған 13 ағаштың тоғызы – емен, төртеуі – қарағаш. Белгілі бол­ғандай, Sulpak-тың «Сакура» және «Бөрібекова» мердігер компаниялары Төле би көшесіндегі ғимарат ма­ңында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан болып шықты. «Arena S» (Sulpak сауда маркасының иесі), ғимарат иелері және екі жеке кәсіпкер – «Сакура» және «Бөрібеков» компаниясы дренаждық арнаны, тротуар плиталарды жөндеу, өсінділерді отау және тағы басқа жұ­мыс­тар жүргізу бойынша келісім жаса­ған» делінген ведомство хабарламасында.

Кейінірек қала әкімі Бақытжан Са­­­ғынтаев жағдайды тікелей өз ба­қылауына алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мамандандырылған таби­ғатты қорғау прокуратурасы заңсыз ағаш кескені үшін ҚК 340-бабы бойын­ша сотқа дейінгі тергеу ісін бас­таған. Шаһар басшысы қалалық полиция де­партаментінің бастығы Қ.Тай­мерде­новке істі толығымен қа­рап, оның объективтілігін қамта­масыз етіп, кінә­лілерді анықтап, жауап­кершілікке тартуды тапсырған.

«Қазіргі уақытта сауда үйінің жа­нындағы аумақты «Arena S» ЖШС-ға қарасты (Sulpak) «Сакура» ЖК мен «Бөрібекова» мердігерлерінің абаттан­дырғаны анықталды. «Сакура» ЖК-ның басшысы ҚР ӘҚБтК 437-бабы бойынша түнгі уақытта азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Істің барысы туралы жұртшылықты хабардар етіп отырамыз. Бұл мәселе – менің жеке бақылауымда» деп жазды Б.Сағынтаев.

Эколог, «Байтақ-Болашақ» эколо­гиялық альянсының жетекшісі Аза­мат­хан Әміртай кәсіпкерлер ағаш­тарды кесу үшін алдымен қоғамның, халық­тың келісімін алуы керек екенін айтады.

«Осындайда шенділер Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына салғырт қарап жат­қан секілді көрінеді. Мұндай оқи­ғалар адамдардың наразылығын кү­шейте береді. Проблема қордалана берсе, қоғамда үлкен дағдарыстар туын­дайды. Бұл – бір. Екіншіден, эко­логияға орасан залал келіп жатыр. Алматыға онсыз да ауа жетпейді. Ал біз ағаштарды аяусыз кесе береміз. Негізінде ағаш кесу үшін барлық қо­ғам­дық ұйымдардың, көрші ғима­раттардың келісімін алу керек. Егер кескен ағаштың орнына мың ағаш отырғызса, онда рұқсат етуге болады. 13 ағаш кессін де, 13 мың ағаш отырғызсын», дейді ол.

Экологтың айтуынша, қоғамды да, қала билігін де пысқырмай отыр­ған кәсіп иелерін әкімшілік жауап­қа емес, қылмыстық жауап­қа тарту қажет.

«Мұндайларға әкімшілік жаза қол­­данып, заңда көрсетілген айып­пұл­ды сала салу тым аз. Оларға қатаң қыл­мыстық жаза қолдануымыз керек. Сонда ғана мұндай опасыздардың жо­лын кесе аламыз. Осы мақсатта біз «Бай­тақ-Болашақ» партиясын құру жо­лында жанталасып жүрміз. Пар­тия құрып, осындай мәселелерді ха­лықтық деңгейде көтермей, мәселе шешілмейді. Арқа сүйейтін Экология кодексі де әлі Мәжілістің қарауында жатыр. Сондықтан қазір таразының ба­сы заңсыз әрекет ететіндерге ауып тұр­ғаны жасырын емес», дейді А.Әмір­тай.

Сондай-ақ желі қолданушылары сау­да үйіне байкот жариялауға шақырған. Мұндай ұсыныс білдіргендердің қа­расы қалың. Солардың бірі – Анар Құр­манбекова.

«Өздерінің бизнесінің гүлденуі үшін ағаштарды кесіп тастайтын кәсіп­керлерге және Sulpak-қа байкот жария­лаймын. Сіздің өркендеуіңізге ағаш емес, жаратылыс және заң туралы тү­сінігіңіздің жоқтығы кедергі кел­тіре­ді. Бір сәттік пайда табу үшін қор­шаған ор­таға зиян келтіру – бұл бизнес емес, қыл­мыс. Елдегі вандализм мен варварлыққа тоқтау салу керек» деп жазады Анар.

Алматыдағы ағашты заңсыз кесу фактісінің тіркелуі – бір бұл емес. Ақпан айында Құлжа тасжолының бойында сау­да үйін салу үшін ағаштарды сұлатып салған.

«Ешқандай өтініш, сұраныс бол­маған. Тым құрыса біз өтемақы төлейік, соған орай мұнша ағаш кесейік деп те айтпаған. Құбыр желілерін тарту үшін қалауынша кесе салған. Алдын ала есептеу бойынша 11 мың ағаш кесіліпті. Экспертиза керек», деген еді экобелсенді Тимур Елеусізов.

Ал қалалық Жасыл экономика бас­қар­масының бөлім басшысы Қайрат Тоқта­сынов «Сауда ойын-сауық орта­лығы құрылысына рұқсат беру мен ағаш­тарды кесуге рұқсат беру – екеуі екі түрлі құ­жат. Қазір біз компания басшыларымен бай­ланыса алмай жатырмыз. Табиғатты қор­ғау прокуратурасына арыз бердік» деген.

Қалалық басқарма өкілінің мына сөзі «ағаштарды алаңсыз кесе берің­дер» дегеніндей естілгенін де жасырып қайтейік. Әлсіз бақылау мен шара­сыз жазалау болған жерде осындай тәр­тіп­сіз­діктің қанат жаяры бесенеден белгілі.

Биыл маусым айында қалалық Жасыл экономика басқармасы Бостандық ауданындағы Дружба паркін реконс­трукциялау үшін 169 ағашты кесуді жоспарлап отырғанын жария еткен. Жыл басында Медеу ауданындағы бұ­рынғы туберкулез диспансері жа­нындағы 70 түп ағашты заңсыз кесіп тастағаны белгілі болды. Жасыл экономика басқармасы жер иесіне айыппұл салдық деді. Қазан айында коттеджді қалашық салу үшін 100-ден аса алма ағашын еш рұқсатсыз қырқып тастаған. Мұндай бассыздықты тізбелей берсек, шегіне жету тіпті қиын.

Кәсіпкерлердің ағаштарды алаңсыз кескеніне қарап, шаһардағы бизнес қауымдастық қала билігінен қай­мық­пай ма деп қаласыз. Екінші бір себеп – айыппұлдың арқаға аяздай батпайтынында да сияқты. Әкімшілік құ­қықбұзушылық кодексінің 386-бабы бойынша ағаш кескені үшін салынатын максималды айыппұл – 150 АЕК. «Облыстардың, республикалық ма­ңызы бар қалалардың және аста­наның жер­гiлiктi өкiлдi органдары белгiлейтін жасыл екпелердi күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу – ескерту жасауға немесе жеке тұл­ғаларға – он бес, шағын кәсiпкерлiк субъек­тiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіп­керлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiп­керлiк субъектiлерiне бір жүз елу ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айып­­пұл салуға әкеп соғады» делінген ко­дексте.

Келеңсіздікке көз жұма беріп, су қараңғы соқыр қоғамға айналып кет­пейміз бе деген қауіп туатыны да содан. Бірді-екілі белсенді айтып, жазып жатыр. Сөйткен есіл еңбек елене ме, әлде «жазалылар жауапкершілікке тартылды» деген қылдай жауаппен іс тәмам бола ма, белгісіз. Кейін жағ­дай­дың қалай өзгерерін қайдам, Ал­маты әл-әзір заңсыз ағаш кесу «жәр­мең­­кесін» өткізіп жатқан шаһарға ұқ­сайды...

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ