Қоғам • 26 Қараша, 2020

Сақтансаң, сау боласың

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Жақсы ауданында 200 тонна шөп өртеніп кетті. Бурабай ауданында көп пәтерлі тұрғын үйден өрт шығып, төрт бірдей отбасы далада қалды. Осы оқыс оқиғалардың себебі неде? Жалпы, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу барысындағы талап пен тәртіпті мұқият сақтап отырмыз ба?

Облыста жыл басынан бері 646 мәрте оқыстан от шы­ғып, жалын шарпып, сумаң­­даған өрт тілі талай дү­ниені жалмап кетті. Жал­ғыз материалдық игілік қана емес, адам шығыны да бар. Айт­пай кел­ген апаттан 3,5 мы­ңнан астам адам мате­риал­дық шығынға душар бол­ды. Ең өкініштісі, есепті кезең­­де төтенше оқиғалардан 105 адам­ның қайтыс болуы – орны тол­мас қайғы-қасі­рет. Төтенше жағ­дай­лар депар­та­ментінің бөлім­ше­лері азаматтарды апаттан құтқару үшін 1330 мәрте сапарға шыққан.

Орын алған оқиғаларды ақыл таразысына салып ек­ше­сеңіз, ең алдымен қауіп-қатері мол қырау­лы қыста жо­лау­шылардың күні бұ­рын жасалған ескертуге қа­ра­мас­тан, жолға шыға­тын­дығында. Өт­кен қыста қар кептелісінде ай­далада қалған адам өте көп бол­ды. Өз­дері де бейнет шекті, өзге­ні де әуре етті. Негізінде осы оқи­­ға­лардың орын алуына кінәлі ескертуді елемейтін адам­дар­дың өздері. Ауа райы­ның бұзы­лып келе жат­қан­ын көре тұ­рып тәуекелге бел буып, жолға шыға­ды. Ал тілсіз табиғатпен тайтала­су үнемі жеңіспен аяқтала бер­мей­ді. Сондықтан ескертуге құлақ асқан да абзал.

Екінші бір жай – өрттің алдын алмау. Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талап­тарын бұзудың 2490 фак­тісі анықталып отыр. Егер ал­дын алу жұмыстары жүр­гізіл­месе, тағы қаншама қай­ғы-қасірет орын алар еді. Тек­серіс нәтижесі бойынша 550-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сөз арасында азамат­тық қор­ғаныс бағыты бойынша 129 адамға айыппұл салынып, 429 адамға ескерту жасалған. Салынған айыппұлдың 4 млн 709 мың теңгесі өнді­ріліп алынған.

Қызыл тілі сумаңдаған өрт өндірістік және тұрмыстық бағыттағы нысандарды да шарпып тұр. Жыл басынан бері 631 мәрте өрт оқиғасы­ның орын алуы адамдар­дың әлі де талап пен тәртіпке мойынсұна қоймағанын көрсетеді. Өрттен келген шы­ғын да қомақты, 130 млн теңгенің шамасын­да. Ең бастысы, 22 адам төтен­нен келген оқиғаның кесірі­нен өмірімен қоштасты, 9 адам жарақат алды. Маман­дардың сараптауына қара­ған­да, тұрғындар отты пай­даланғанда қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді. Тұр­мыстық электр аспаптарын пайдалануда да өрт қауіп­сіздігі ережесі жиі бұзылады. Сөзімізге дәлел ретінде жыл басынан бері тұрғын үй секторында 448 мәрте өрт оқиғасы орын алғандығын айта кетуіміз керек.

Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Қыраулы қыста қатерлі оқиғалар көбеюі де әб­ден мүмкін. Өйткені же­ке­меншік секторда тұрғын үй­лерді жылыту үшін пеш жағылады. Төтенше жағ­дай­лар департаменті бей­қамдық салдарынан тұрғын­дарды өртті пайдалану ке­зін­де 217 рет абайсыздан өрт шығарып алған фак­ті­лерін тіркеген. Пеш пен мұр­жаны пайдалануда өрт қауіпсіздігі ережесі 73 мәрте бұзылыпты. Сондай-ақ электр қондырғыларды монтаждау және техника­лық пайдалану ережесі де сақ­тала бермейді. Осы жыл­дың қаңтар және ақпан ай­ларында 6 бірдей адам өмір­ден өтті. Оның ішінде бес оқиғада мастықтың салдарынан төсегінде темекі тартып жатып өрт шығарып алып, орны толмас оқиғаға ду­шар болған. Тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану ке­зінде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылуының салдарынан үш бірдей адам қайтыс болған.

– Тұрғын үй секторындағы өрт­ті азай­ту мақсатында департа­мент жы­лу беру және жазғы өрт қаупі бар тұс­­та үгіт-насихат жұмыс­та­рын кү­шей­теді. Карантин шара­ла­ры кезін­де қауіпсіздік ере­же­лерін тара­туға үй-үйді аралап, тү­сі­нік жұ­мыстарын жүр­гізу­ге мүм­­кін­дік болмады. Тек бұқ­ара­лық ақ­парат құралдары мен әлеу­мет­­тік желілерде ғана алдын алу жұ­­­мыс­­тарын жүргіздік, – дейді об­­лыс­­­тық төтенше жағдайлар де­пар­­­та­­ментінің бастығы, азамат­тық қор­­ғаныс полковнигі Алексей Советов.

Департамент мамандары 264 мың адамға кеңес берген. Ал­да­ғы уақытта осындай кеңес­тер­ге құлақ асып, сақтық шара­ларын сақтаса, қауіп-қатерге жол бермес еді.

 

Ақмола облысы