Үш тілде – неміс, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін Ирма апаны бесқарағайлықтардың бәрі біледі десек, артық айтқандық емес. Өйткені, ол кісі ауданда өтіп жататын түрлі шараларға зор белсенділікпен қатысып, үнемі мәнді әңгімесімен, сәнді әнімен қалың жұртшылықтың ризашылығына бөленіп келеді. Сондай адаммен жақын танысу мақсатымен Кіші Владимиров ауылына қарай жолға шыққанбыз.
Қазірде Бесқарағай ауданында 28 ұлттың өкілі тұрып жатса, ал аталған ауылдағы этностар саны – 14. Александр Петрович Миллер деген азаматтың осы ауылдың тізгінін қолына ұстағанына сегіз жыл болыпты. Ал ол оның алдында жиырма жылдай мектеп директоры болған. Яғни, мамандығы бойынша физика пәнінің мұғалімі. Өзі көршілес қазақи Беген ауылының тумасы. Сондықтан бұл азаматыңыз да қазақша сайрап тұр. Оның сыртында аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл адам. Сондықтанда болар, әп дегеннен-ақ өз ауылдарындағы береке-бірлік туралы ақтарыла сөйлеген. Ал осының бәрі Елбасымыздың әу бастан ұстанған ішкі және сыртқы саясатының дұрыстығының нәтижесі деген ауыл әкімінің сөзіне қалайша қосылмассың!
Әкімнің осы сөзін ауылдың қарапайым адамы, бүгінде жасы сексенге тақап қалған Ирма апамыз да бекіте түскен: «Мен қазақтың бауырмалдығын, пейіл-ниетін көріп өскен адаммын. Қазір де құрметтен кенде емеспін. Жалпы, өзім нағыз қазақстандықпын», – дейді Ирма Георгиевна Черкашина.
Бұл кісінің өткен өмір тарихы кімге болсын сабақ. Қиындықты да, жақсылықты да бір кісідей-ақ көріпті. Соғыс басталған жылы осы ауданның кілең қазақтар тұратын Социал деген ауылына ауа көшіп келгенде мұның жасы небәрі алтыда екен. Азапты да ұзақ жол үстінде өзінен үлкен бір ағасы бомба жарықшағы тиіп опат болыпты. Тағы бір ағасы Социалға келген соң шетінеп кеткен. Қарағандыға еңбек армиясына жіберілген әкесі үш айдан соң о дүниеге аттанған. Сонда Шәкәрім Тоқтағанов деген қазақтың Биғайша деген бәйбішесі «мынау да өліп қалады ғой», деп бауырына басыпты. «Әлгі Шәкәрімнің сол шақта екі әйелі, сол екі әйелінен біраз баласы бар еді. Соған қарамай, мені бауырларына басты ғой, соның арқасында аман қалдым ғой», дейді Ирма апамыз бүгінде.
Шешесі Марта сауыншы болып жұмысқа орналасып, жағдайы оңалған соң мұны өз қолына алыпты. Одан кейін осындағы қазақ мектебіне оқуға барады. Ал бес жылдан соң Черемушка ауылына қоныс аударады. Бірақ Социалдағы бес жыл мәңгі есінде қалады. Таза қазақи ортадан сәл алыстап кеткенмен, ендігі жерде қазақтың тілін де, дәстүрін де ұмытпайды.
Черемушкада шешесінің жолын қуып он төрт жасынан сауыншы болып еңбекке араласады. Сонша жыл еңбек еткенде түрлі марапаттардан кенде болған емес. «Москвич» жеңіл автокөлігін жарты бағасына алғаны да бар. Ол кезде бұл үлкен құрмет. Аудандық кеңеске бірнеше мәрте депутат болып сайланғаны өз алдына бір әңгіме. Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне жолдама беріліп тұрғанда шешесінің қорқақтап жібермей қойғанын қайтерсіз! Қазірде сол шешесі де, өмірлік жары болған Владимир Иванович те мәңгілік мекендеріне айналған Черемушкада жатыр.
Үлкен ұлы Федор Екібастұзда еңбек етеді екен. Келіні Мәдина Черемушканікі, Федордың сыныптасы. Құдағиы Ғалия Жұмашқызы мектепте директордың орынбасары болды. Сол сыйлас құдағи мен өзіне ортақ немере Семейдің медицина университетінде оқып жатыр. «Ол да бір бақыт», дейді Ирма апай. Ал кенже ұлы Валерийдің Омбыға көшкеніне бір жыл болыпты. Оның зайыбы Ирина осы Кіші Владимировканікі екен. Бұлар Омбыға көшкісі келмеген көрінеді. Бірақ үш ұлы сол жақта тұрып жатқан соң, амалсыз сонда көшкен ғой. Не десек те, бүгінде он үш немере, он төрт шөбере сүйіп отырған Ирма апа өзін бақытты сезінеді.
Сөз аяғында Ирма апа жергілікті әкімдік тарапынан қамқорлықтан кенде емес екендігін, зейнетақысы да жыл сайын өсіп отыратындығын айта кетуді ұмытпаған. «Бірақ өз бау-бақшамда жұмыс істеуден қалған жоқпын», дейді апамыз. Соның арқасында денсаулығына да еш өкпесі жоқ көрінеді. Осы өмірінде бір рет ауруханаға да жатып көрмепті. «Тіпті, нансаңыз, менде кәртішке де жоқ», дейді кейуана.
Міне, бүкіл аудан халқы білетін, құрметтейтін Ирма апамыз осындай адам. Ал мұндай жандарды асыл қазынамыз десек артық па!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист.
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы.