Руханият • 26 Қараша, 2020

Қапастағы қарсылық

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарихтың жадындағы жазуларды ешқандай тоталитарлық жүйе жойып жібере алмайтынын уақыт үнемі дәлелдеп келеді. Сол сияқты адам жанындағы жазуларды да өшіруге кез келген өкіметтің қауқары жеткен емес. Әрине, бұл жерде болмысы бүтін, санасы сау, бодандықтың қара қамыты миына емес, тек қыл мойнына ғана түскен жандар туралы айтып отырмыз. Әйтпесе, тәуелсіз елде өмір сүріп отырып-ақ өз ойын ашық айта алмай, біреудің қас-қабағын бағып қана қой торы күн кешіп жатқандар аз емес.

Мәселе, ішкі рухтың бостандығында дер едік. Осындайда қараңғы қапаста жа­тып-ақ қара басының қамын күйттемей, қара қаламына адал болған алаш арыстары ерекше еске түседі. Қарсы шапқан жаумен қасық қаны қалғанша күресіп өткен есіл ерлердің сол қайсар рухы ұлтты биік мін­берлерге шақырды. Елдік мұраттың ең­сесін биіктеткен сол тұлғалар ұлт келбетін ұр­пақ алдына аласартпай алып шықты. Сол қай­раткерлер қазақ жанын от пен суға түсірмей, суық қолдардың сойылынан қорғай жүріп азапты ғұмырларға бастарын тікті. Жалпы айтпағымыз бұл емес те шығар, дегенмен адам­ның ішкі тірегі оның рухани байлығы екенін әр кез қайталап тұрғанымыз дұрыс.

Қазақ даласының қаншама бөлігін алып жатқан ҚарЛаг-та көбіне өнер адамдары қа­мауда болғаны тарихтан белгілі. Тек олар ғана емес, қаралы тізімнің қатарында Сер­гей Есениннің баласы, Бейімбет Май­лин­нің жары деп кете беретін қалам қайрат­керлерінің туған-туыстарына дейін тар зындандарға жаппай тоғытылыпты. Алайда сол адамдардың ешқайсысы қандай қиын тағдырға тап болса да өздерінің ішкі менін озбыр жүйеге оңай жеңдіре салған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, түзету лагерьлерінің тіке­нек сымдары таланттардың тағдырына тос­қауыл болғанымен, өнері мен өресіне еш­қандай кедергі келтіре алмады. Әрине, саң­лақтардың, күйшілердің, қылқалам шебер­лерінің, шайырлар, жазушылардың, ғалым­дардың қымбат өмірлері қылбұрау мен өксікте өткені өте өкінішті. Бірақ олардың көз жасы жанарларынан емес, көкіректерінен сорғалайтын еді. Әділдік әр кезде өз биігінен аласармайды ғой, олардың тас қабырғаларда туған шынайы туындыларын әлі күнге дейін жас ұрпақ жатқа біледі.

Бұл дегеніңіз – тоталитарлық жүйе тұл­ғаны тұтқындағанымен, туындыларын темір торға тоғытуға қауқарларын жеткізе алма­ғанын көрсетеді. Егер саяси жүйе сол өнер тарландарын түп тамырымен жоя алған болса, олардың жауһар жырлары да бізге жетпеген болар еді. Бұғауда бұлқынған арыстан ер Мәдидің, бірбеткей Иманжүсіптің өлеңдерін бұл күнде көбі жатқа айтады.

Абақты қатар-қатар болады екен,

Ішіне жақсы, жаман толады екен.

Ішіне абақтының кіріп барсаң,

Көңілің су сепкендей болады екен, – деп өлеңдетуіміздің ар жағынан сынбаған рух пен қайсар мінезді байқамау мүмкін емес.

Алайда мұның бәрі тек теңдікті аңсаған тегеурінді туындылар деп те біржақты айтпас едік. Оның ар жағында адамдық негізді жоғалтпау үшін жазылған жырлардың да ыстық жалыны жаныңды шарпып өтетінін сезесің.

Сонау ҚарЛаг-тың қаралы жылдарындағы тұтқындар айтқан мына бір диалогты бірге оқиықшы. Әңгіме белгілі жазушы Екатерина Гинзбург пен қаламгер Камил Икрамов арасында болыпты.

Е.Гинсбург: – Білесіз бе! Камил, сіз не­ге олай айтасыз? Біздің лагерьде бірдеңе ұйым­­дастырғанда, бір тұтқын әйел – кня­гиня Урусова әйелдерге: «Еврейлер Вави­лон тұтқынында отырғанда, қалай ән айта­сыңдар?» дегенде, олар жұмыс істейміз, бірақ еш­қашан ән айтпаймыз деген еді.

К.Икрамов: – Евгения Семеновна, сүйкім­дім, сіз өтіп кеткен нәрсені неге осылайша пайымдайсыз? Біз мұны олар үшін жасаған жоқпыз, олардың көңілін көтердік деп те қабылдамаған едік. Біз мұны, ең алдымен, өзіміз үшін жасадық. Бұл өзімізді сақтап қалудың ұлы жолы болғанын нақты айта аламын. Өнермен айналысқан сол адамдарға рахмет, – депті.

Кейде азаматтық көзқарасыңды биік мін­берлерде айғайлап айту міндетті емес. Тәніңіз тапталып жатса да, жаныңыз жанышталмауы керек. Оны сонау қатаң жүйенің қыспағында жүріп-ақ ұлт мүддесі үшін, ұрпақ қамы үшін тар қапаста қабырғаларында дүниеге келген түрлі өнер туындыларынан байқаймыз. Түрмеде туған туындылардан шексіз сағынышты, ішкі жан айқайды, адами рухты, жойқын қарсылықты әлбетте сезетініміз де сондықтан.